7.03.2017, 10:11
Қараулар: 31
Ұмытылмас ұлы тұлға немесе ұлағатты ұстаз ұстанымы

Ұмытылмас ұлы тұлға немесе ұлағатты ұстаз ұстанымы

 

а-341-1Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне  жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

ӘЛ-ФАРАБИ.

Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар да, қарапайым еңбеккерлер де, тіпті арман қуған жеткіншектер де, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, төрт түлік өргізіп, тер төккен малшы да – бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет сол адамға арналады.

Ұлы Отан соғысы кезінде қаншама ұстаз аналарымыз таңнан бала оқытып, түсте егін орып, кеште майданға киім-кешек тігіп, маңдай терін төгіп, еңбек етті. Сондай ұстаз аналарымыздың бірі – Орда ауылының тұрғыны болған Жәмилә Айтмағанбетова еді. Ол 1917 жылы 25 қыркүйекте Орда ауданы, Батырбек ауылында Жұмалиев Айтмағанбеттің отбасында дүние есігін ашқан. Екі ағасы, бір інісі, бір сіңлісі болған. Бала кезінен-ақ еңбекке ерте араласқан Жәмилә мектеп табалдырығын 13 жасында аттап,  Батырбек ауылындағы 4 кластық мектепте білім алған. 1934 жылы ордалық  Қайырғали  Батақовқа  тұрмысқа  шығып, 1935 жылы онымен Орал қаласына оқуға барады. Жәмилә жұмысшылар факультетінде оқыса, өмірлік серігі Қайырғали КомВУЗ-ға түседі. Білім алумен қоса, үгіт-насихат жұмыстарына да белсене араласқан Жәмилә 1939 жылы оқуын тамамдап, ұстаздық еңбек жолын Орда орта мектебінен бастайды. Ал, 1942 жылы өзі туған Батырбек ауылындағы мектепке жолдама алып, онда меңгеруші қызметін атқарады. Осында балаларды оқытып, мектептің бір бөлмесін жатақхана жасайды. Ел басына күн туған шақта алғыр жас ауыл халқына әуе шабуылынан қорғану лекцияларын оқып, жаралы адамдарға көмек көрсету жолдарын  үйретсе, оқушы қыздарға көйлек, қолғап тіккізіп, шұлық тоқытып, оларды еңбекке баулыған. Сонымен бірге өзі егін жинау сынды қара жұмыстарға да қатысқан.

Білімге құштар жан 1942-1949 жылдары Батырбек бастауыш мектебінің, 1949-1951 жылдары Ноғайбай жеті жылдық мектебінің меңгерушісі, кейін Сайқын орта мектебінде мұғалім, одан әрі Ворошилов, Мешітқұм бастауыш мектептерінде меңгеруші қызметтерін атқарған. 1952-1955 жылдары Орал қаласындағы мұғалімдер институтынан (сырттай) тарихшы мамандығын алған ол 1963 жылдан Орда ауылында ашылған сауықтыру мектеп-интернатында мұғалім болып, 1972 жылы еңбек демалысына шықты.

Ал, жұбайы Қайырғали Батақов Орда парткомында жұмыс істей жүріп, 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылады. Бір жыл Орынбор қаласында әскери даярлықтан өтіп, майданға аттанады. Қайырғалидың көз жасы сіңген хаттарында сарқылмас сағыныш, түпсіз терең ой, мәңгілік махаббат пен қалың ормандай қайғы-қасірет бар. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сарғайған сол қағаздарды қолға алып оқыған адамның жүрегі елжіремеуі мүмкін емес… Сүйікті жұбайының сұрапыл жылдары майдан даласынан келген сағынышқа толы хаттарын Жәмилә әжеміз өмірінің соңына дейін сақтаған. 1944 жылы 14 маусымда келген хатта (үзінді): «София, Уфадан шыққалы ешкімнен де хат ала алмай, әбден жабыққан едім, 12/VI күні сенің, Жамиланың, Раштың, Сапардың хатын алып, өзім ауылға барғандай қуандым. Менде өзің көргендей еш өзгеріс жоқ, денім сау, аманмын.  Алда не боларын кім білсін, қалайда бір өзгеріс болса керек…

 Хатты үзбей жаз, қош көргенше, қолыңды бер.  ст. Сайхин. Урда. Зап.Каз.Обл. Урдинский р-н. Суюндуков сс. От  гвардия лейтенант  Батаков Хайргали»,-делінген. Өкінішке орай, сол жылдың тамыз айында келген қаралы қағаз ұстазға үлкен қайғы әкелді. Бұл хабар оның жан дүниесін ауыр азапқа душар етті.

Орда орта мектебінде ұзақ жылдар мұғалім болған Нәбира Жамашева апамыздан алған сұхбатымызда: «Мен Жәмилә апамен Орда ауылындағы мектеп-интернат санаторийінде бірге жұмыс жасадым. Ол бастауыш сыныптарға сабақ берді. Жәмилә апа «Сендер балалар есеп білмейді деп ренжисіңдер, алдымен оларға он саусағын алдырып, қостырып үйретсеңдер, бала тақтаға шыққанда бірдеме етіп ойша болса да саусақтарын алып-қосып, есепті шығарады», — деп айтатын. Ол бауырларына қолынан келген көмегін аямайтын. Қызы Зоя мен сіңлісі Мершаттың оқуларына жағдай жасап, екеуі де жақсы маман иелері болды. Мершат мектепті Алтын медальға бітірді. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткер. Жәмилә апа әйел болса да, ер-азамат орнына жүрген, адамгершілігі мол жан еді», -дейді ардагер ұстазымыз.

«Мен 1970 жылы Орал педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша аяқтап, Орда ауылындағы мектеп-интернат  санаторийіне жұмысқа тұрдым. Осы кезде екеуміз екі жылдай әріптес болдық, кейін ол зейнеткерлікке шығып кетті. Жәмилә Айтмағанбетқызы өте салмақты, артық сөзі жоқ, ұжымда беделді адам еді. Ол кісі менің әріптесім ғана емес, сонымен қатар құдашам, сондықтан да екеуміз жиі араласып тұратынбыз. Бауырларына қамқор, жанашырлық танытып жүретін, әсіресе, інісі Зұлқарнайға ерекше ықылас танытты. Үй ішіне көмектесіп, балаларын да оқытты. Жолдасы Қайырғали ағамыздың да ата-анасы мен бауырына қолғабыс жасап отырды. Ұлы Арман да анасын баладай мәпеледі. Иә, алып бәйтеректей тамыры терең Жәмилә апамыз 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды», — дейді алыс туысы  Рыс Еслямқызы. Айта кетелік, осы мақаланы жазу барысында ауылымызда тұратын  Жәмилә әжеміздің ұлы Арман Айтмағанбетовпен кездестім. Ол  соғыс жылдарында Жәмилә әженің аяулы жарынан келген уақыт мүжіп сарғайған хаттарды, ескі фотолар мен құжаттарды музей қорына тапсырды. Әңгіме арасында ұлағатты ұстазға «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» , Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 55, 60 жылдығына арналған мерекелік медальдар мен 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалі табысталғанын да естіп-білдік.

Ұлы ақын Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп жырлағандай, Ж.Айтмағанбетова бірнеше мектептерде ұзақ жылдары қызмет атқарып, көптеген ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, шәкірт жүрегіне шынайы жол тапқан биік бедел иесі. Ендеше, оның есімі ел есінен мәңгі өшпек емес.

 

Лунара ЕДІЛБАЕВА,

Бөкей Ордасы тарихи-музей

 кешенінің әдіскері.

Суреттерде: 1.Ж.Айтмағанбетова. 2. Ұлағатты ұстаз шәкірттері ортасында.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар