7.03.2017, 10:07
Қараулар: 27
Бұрымды бойжеткендер өмір көркі

Бұрымды бойжеткендер өмір көркі

Қыздар туралы  ән естігенде  көңілді бір  қуаныш кернеп, көз алдыңа даланың  ырғалған әсем қызғалдақтары елестейді. Иә, қыз бала – әдеміліктің, әдептіліктің,   жақсылықтың  жаршысы. Біздің  халықта «қыз» деген сөздің өзі сұлулықтың  символы.

Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын,-деген өлең шумақтары  қыздардың  тек көріктілігі  ғана емес,  әдептілігімен, инабаттылығымен  елдің  қуанышы  болғанын аңғартады.  Осының  барлығы  бойжеткендердің  сүйкімділігінен, нәзіктілігінен, әр іске талапты да алғырлығынан, өнер-білімге бейім тұратын сергектігінен шыққан болса керек. Оларды  ардақтап,  қатты сөз айтпай, мәпелеп өсіреді. Ал, ақындар  қыздың көркін сипаттағанда:

Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген,

Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген,-деп бұрымының әсемдігін де ән-жырға қоскан. Демек, қазақ қызы үшін күтімі келіскен, ұзын әрі көркем бұрымның алар орны ерекше. Ежелден-ақ аруларымызды шашының ұзындығына қарай мадақтаған, мақтаған. Ақын-жырауларымыздың қолаңшаш арулар жайлы жазған дастан-қиссалары қанша?! Әлпештеген аруларының шолпы, шашбауларын ата-аналары арнайы пұл беріп, белгілі ұста, шеберлерге соқтыртқан.

Өн бойына жылтылдап, сусылдай төгілген бұрым қыз баланы тіптен көріктендіріп жібереді. Бойжеткеннің артықшылығы да осы қолаң шашында ма дерсің?! Қазіргі  заманда шашының ұзындығына қоса, өздері сұлу, сөздері сүйкімді, ажары мен сымбаттарына ақылдары сай арулар аз емес. Менің де құрбыларым шаштарын күтіп, қос бұрым етіп өсіруді жаны қалайды.

«Қыз – елдің  көркі,  гүл – жердің  көркі»  дегендей,  отбасында, мектепте жақсы тәлім-тәрбие алған, өнегелі істер мен сыпайылық қарым-қатынасқа тәрбиеленген нәзік бойжеткендер әмәнда жақсы жақтарымен көпшілік ілтипанына ілігері хақ.

Елдана ӨТЕГЕНОВА,

Ш.Жексенбаев атындағы орта

 мектептің 10-сынып оқушысы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар