7.03.2017, 10:06
Қараулар: 28
Майра апамды туған жерге оралтты

Майра апамды туған жерге оралтты

Бөкейліктерге, соның ішінде, сайқындықтарға журналист Балмолда Тоқсановты таныстырып жату артық шығар. Оның Бисен ауылындағы орта мектепте мұғалім, «Орда» совхозы партия комитетінде кабинет меңгерушісі, Орда ауданы қайта құрылғанда аупартком нұсқаушысы, «Орда жұлдызы» газеті редакциясы жасақталғанда редактордың орынбасары, кейін зейнеткерлікке шыққанша редактор болғанын кейінгі толқын жастарға құлаққағыс ете кетейін.

Сол кісі 1956 жылдың тамыз айының соңғы күндерінің бірінде Оралдан пойызбен (ол кезде Ресейдің Урбах станциясы арқылы Жәнібек пен Сайқынға қатынауға болады) келе жатып, аталмыш станцияда топ орыстың арасында отырған жалғыз қазақ қызын ұшыратып, әңгімеге тартады. Ана тілін білмегенімен, өзінің ата-тегін, руын, түптамыры бөкейлік екенін айтып береді. Сөйтсе, бұл бойжеткен 1928 жылдары қуғынға ұшырап, жандарын сақтау үшін отбасымен көршілес республикаға жасырын көшіп кеткен Мырзағали атамыздың немересі Майра Ғалымқызы екен.

1937 жылы Волгоград облысының Фролов ауданында дүниеге келген М.Ғалымова орта мектептен соң Ростов қаласындағы педучилищені тамамдап, туған ауылына қызметке орналасуға бара жатқан көрінеді. Естігені болмаса, көрмеген туысының қызын ұшыратып, ағайыншылықтың тізгінінен айрылмауды ойлады ма, Бәкең: «Енді ешқайда бармайсың. Атамекенге, Сайқындағы Ғасер ағама ертіп апарамын. Сонда жұмысқа орналасасың»,-депті. Жастайынан құлағына сіңісті болған атамекен атаулары бойжеткенді тарихи Отанына тартқандай. Үйіне соғып, үлкендермен ақылдасуды да естен шығарып, жаңа танысқан ағасымен Сайқынға тартып кетеді.

«Бұл да тек қазаққа тән қасиет. Майраның үлкен ерлігі, қанына тартқан ұлтжандылығы»,- деп ауылдас ағайындары жоғары баға берген-ді сонда. Сайқындағы онжылдық мектепте еңбек жолын бастаған ол осында зейнеткерлікке шыққанша ұстаздық етті. Орал педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітіріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Еңбекқорлығымен, мамандығын жете меңгергендігімен, біліктілігімен абырой-бедел жинап, түрлі марапаттарға ие болды. Өңіріне «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін тақты. Ең бастысы, ол шәкірттерінің, олардың ата-аналарының ыстық ықыластарына бөленді. Көңілі кіршіксіз, өте мәдениетті Майра апамнан өз басым тазалықты, дастархан басында, көпшілік жерде, қоғамда өзіңді қалай ұстау керектігін үйрендім. Оның пайдасы Мәскеуде, Германияда жүргенде көп тиді. Сол кісінің арқасында Ресейдегі ағайындармен алтын көпір орнап, жатжұртқа жұтылып бара жатқан олар бізбен араласты, ұлттық қасиеттерін қайта тапты. Арамызда домаланып өзі жүрсе, биыл оның 80 жасқа толғанын тойлар едік.  Тағдырға не шара?! 2013 жылы келместің кемесіне мініп кете барды.

Мейірімі мол ұстаздың, адал әріптес, қамқор апайдың бейнесін көгілдір көктем мерекесі қарсаңында тағы бір жаңғыртып, рухына тағзым етуді өзіме інілік парыз санадым.

Марат БИАРЫСТАНОВ,

ауған соғысы және еңбек ардагері.

Павлодар қаласы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар