7.03.2017, 10:04
Қараулар: 15
«Шын жүректен мың алғыс!»

«Шын жүректен мың алғыс!»

в-125Көктемнің алғашқы күнгі тіршілік Алғыс айтумен басталды. Баласы анасына, анасы Алласына, бауырластар, ауылдастар, әріптестер бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, рахметтерін жаудырды. Алдымен «Адам етіп жаратқан Аллаға, ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген Анама» делінетін жанды жадырататын жылы лебіздер тасқыны күнұзаққа толастамады.

 

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев, аудандық аурухана директоры Әділгерей Ғаббас бастаған топ алдымен перзентханада болып, сол күні жарық дүние есігін ашқан сәбилердің аналарын, яғни, жамбылдық Балым Тілекқабылова мен сайқындық Гүлбану Рысбекованы (шекарашы Құрманәлі Дерешевтің зайыбы) құттықтады. «Бөбектердің бауы берік болсын» айтып, ескерткіш сыйлықтарын табыстады. Кейін аудандық ауруханадағы өзге де емделушілермен кездесіп, оларды аталмыш мерекенің шығу тарихымен таныстырды. Біреуді ризашылыққа бөлеп, одан алғыс естудің көңілді жадырататынын әңгімелеген Тілеген Керейұлы 1 наурыз «Нұр Отан» партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні екенін де еске салып, жүргізіп отырған салиқалы саясаты үшін Елбасына, сан алуан ұлттардың ынтымақтастығына ұйытқы болып отырған Ассамблеяға да рахмет айтқанның артықтығы болмайтынын жеткізді.

Аталмыш топ Сайқын ауылының байырғы тұрғындары, тыл ардагері Надежда Сахауова мен жүздеген сәбидің кіндік шешесі атанған Зура Тәшімовалардың да үйлеріне барып, елге сіңірген еңбектері үшін алғыстарын жаудырып, аналар мерекесімен де құттықтады. «Ұмытпағандарың үшін рахмет!»-десті қос қария.

***

Сол күні аудандық ауруханада аудандық демалыс орталығы қызметкерлері, «Әжелер клубы» мүшелері және балалар саз мектебі ұстаздарының ұйымдастыруымен «Шын жүректен мың алғыс!» атты шара оздырылды. Оны аудандық аурухананың директоры Әділгерей Ғаббас ашып, адамға жақсылық жасаушы ақ халаттылардың қашанда ізгілікті істерге дайын тұратынын атап көрсетсе, «Қызыл жарты ай» қорының аудандық ұйымы төрайымы Нәсіп Нүркенова қайырымдылық істер жыл бойы жүре беретінін тілге тиек етіп, бір топ мүгедек пен әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына мерекелік тарту-таралғыларын ұсынды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық демалыс орталығы қызметкері Жоламан Сейсенғалиев қамқорлық, көмек, шапағат, мейірім хақында төгілте сөйлеп, алғысқа бөленгенге не жетсін десті.

Шара соңы көңілді концертке ұласты.

Каримолла ҒАЙСИН.

Суретті түсірген: Д.Таңатаров.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар