7.03.2017, 10:03
Қараулар: 10
«Жұлдыз-ай»  жұлдызы

«Жұлдыз-ай»  жұлдызы

р-067 (2)Сахна төрінде тұрып, әнін әуелеткен Айнұр Өтегеноваға қарап мені сан алуан ой мазалағаны рас. Әсіресе, оның туабітті кеселге тап болып, онымен күні бүгінге дейін күресіп жүргендігін естігенде… Алайда, қараторы қыздың қарақаттай көздерінен өмірге құлшынысын байқап: «Бақыт сөзін қалай түсінесің?»-деп сұрадым.

–Бақыт деген мен үшін жанымда жүрген ата-анам, туған-туыстарым, достарым! Әрі өзімді бақытты жан санаймын,-деп еш мүрдірместен берген жауабынан көңілім бірленгендей болды. Бастысы, дерті бойындағы өмірге деген құлшынысын әлсіретпегеніне риза болдым, тал шыбықтай нәзік жанның мықты діңгегі барына қуандым. Байқасам Айнұр шырқайтын әндерінің көбі патриоттық тақырыпқа арналған. Ал, ең сүйіктісі – облыстық «Жұлдыз-ай» байқауында гран-при алуына себепкер болған «Асыл Орда» әні екен. Әсем дауысымен көпті сүйсінтіп жүрген шоңайлық балақайды сахнаға алғашында Шынар Иманғалиева  жетелеген. Әлі де бағыт-бағдар беріп, тәрбиеленушісінің ән таңдауына да қол ұшын созып келеді екен.

Шоңай бастауыш мектебінен қара таныған өренге бірер жыл Орал қаласына жақын орналасқан Щапово ауылында, кейін мүгедектігіне байланысты үйден білім алуына тура келген. Бүгінде Сайқын ауылындағы М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы түрлі мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасынан табылуда. «Ауылда жүрген соң реті келмеуде, алайда, елімізде жарияланып жатқан түрлі телевизиялық әншілер байқауларында бақ сынағым-ақ келеді»,-дейді бүлдіршін қыз ішкі сырын бүкпестен. Оның жәй ғана шыққан үнінің өзінен көңіл түкпірінде әншілікті арқау еткісі келетін үміт ұшқыны кылаң бергендей. Ал, болашағыңды қай саламен байланыстырасың деген сауалымызға біраз ойлана келе, денсаулық сақтауға арнамақ екенін жеткізді.

Иә, өнерге жақын өренмен әңгімелесе отырып, оның бағындырған биіктерін де естіп-білдік. Жоғарыда айтқанымыздай, «Жұлдыз-ай» байқауында аудан намысын қорғаған Айнұр Жұмагерейқызы «Ең үздік орындаушы» атанып, бас жүлдені жеңіп алса, былтыр аудан жастары арасында тұңғыш рет өткен «Жыл үздігі – 2016»  байқауының «Жыл жаңалығы» аталымын иеленіпті. Ол осынау жетістіктері үшін аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың ыстық ықыласына бөленгенін де мақтанышпен айтты. Бойындағы білімдарлық пен биязылық тек әнді ғана емес, білім бұлағы – кітапты да көп оқитындығын айқын аңғартып тұрды.

Раушан БАҚЫТОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар