7.03.2017, 10:00
Қараулар: 20
Сара жолды жалғаған жан  

Сара жолды жалғаған жан  

а-376Дәрігер Айгүл Наурызбаеваның есімі аудан халқына жақсы таныс. Ұзақ жыл өкпе ауруханасында фтизиатр болса, бүгінде нарколог қызметін абыройлы атқарып келеді. Ол  Ақтөбе медициналық институтының түлегі. Биыл зейнеткерлік жасқа толды.

Айгүл Болатқызының анасы марқұм Сара Есеева мен нағашы ағасы Қуан да ауданымызға әйгілі ақ халатты абзал жандар. Олар түлеп ұшқан Ақтөбе медициналық институтында  1976-1982 жылдары Айгүл оқыса, кейін тетелес сіңлісі Нұрлы осы білім ордасынан гинеколог мамандығын алды. Қазір ол Атырау қаласында әріптестері мойындаған мықты маман. Әкесі Болат ағай агроном тұғын. Сол әке жағынан да нейрохирург, хирургтер шыққан. Осындай ортада өскесін де болар  қуыршаққа ине салып ойнаған кішкене қыздың о бастан дәрігерлік жолды қалауы.

Әулетте бірыңғай дәрігерлер бас қосқанда ана рухы қашанда жылылықпен еске алынады. Сара Зейноллақызы соғыс басталғанда 11 жаста екен. Қара танымайтын анасына  ерте қолқанат атанады. Сонда ауылдан төрт шақырым қашықтықтағы Шортанды деген жерге үлкендермен ілесіп барып, аяқтары ісіп жүре алмай қалған әскер отбасы иелерінің  талондарын мұқият орап, поектарын әкелетін-ді.  Өлшеулі тағам артында адам тағдыры тұрғанын түсінген қаршадай қыз әр ісін адал атқарған. Әжесі соғыс кезінде Заря атты артельде Үкіметтен жүн алып, солдаттарға  шұлық тоқыған қажырлы жан. Ал, атасы Абдош Ысқақов Астраханнан медучилище бітірген. Ганюшкин маңындағы Қошалақ атты ауылда оба ауруымен науқастанғандардың диагнозын дұрыс қойып, сол сырқаттың әрі қарай таралуына жол бермегені үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Мұның өзі дәрігерлер отбасындағы ұмытылмас естелік.

Анадан дарыған қасиет болар, кейіпкеріміздің де басты ұстанымы – адалдық. Өзі де қиындығы мен қуанышы қатар астасқан тірлікте ел аузына іліккен дәрігерге айналды.  Қиналған кездерінде ұрпағы сүйеу болып, дәрігер бауырлары жәрдемін тигізді. Ұл-қызы – ата-ананың көзқуанышы. Принципшіл, тік мінезді осы бір  көрші апайымның бойынан үйренер ізгі қасиет те жоқ емес. Өз ұстанымын аяқ асты етпейтін ол туралықты, тәубаны ұмытпай, ұл-қыздарына Жәнібек аға екеуі жақсы тәлім-тәрбие беріп келеді. Отағасы темірден түйін түйген шебер. Тұңғыштары Әсел Ақсай қаласындағы шетелдік «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (КПО)» компанияда қауіпсіздік техникасы бөлімінде координатор. Мамандығы – аудармашы. Динарасы Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының түлегі. Екеуі де тұрмыста. Бүгінде олардан Мәриям, Мәдина, Мансұр, Расул, Сұлтан атты бес жиен сүйіп отыр. Кенжелері Махамбет Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумын бітірген. Сол салада қызметте жүр.

Қашан көрсең де ұрпақтарымен арқа-жарқа болып, телефон тұтқасынан бір ажырамайтын бақытты анамен әңгімелесу рухыңды өсіреді. Сіз де аман жүріңіз, жүрегі шуаққа толы жайсаң жан! Көгілдір көктем мерекесі отбасыңызға тек жақсылық сыйласын!

Гүлнәр ҚАДЫРОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар