7.03.2017, 9:58
Қараулар: 28
Сексен бірінші көктем

Сексен бірінші көктем

г-641-«Шұғылалы көктемді асыға күтемін. Жақсы көремін. Тіршілік атаулы жаңарып, жанданады, мал-жан көбейеді, айнала әдемі кейіпке енгені соншалық, жаныңа жылулық сыйлайды. Мұндай әсем көріністі тамашалаудың өзі ғанибет қой! Алты ай қыс қар жамылған Жер-Ана бусанып, көктем кірді деп үлкендер қуанса, бала-шағам «Анамның туған күні жақындады» деп шаттанады».

 

Осылай деп ағынан жарылған Клара Алтаяқова әжеміз сегізінші наурызда дүние есігін ашыпты. «Бұйырса, 81-ші көктемімді қарсы аламын»,-дейді. Әжемен сұхбат құрып, тілдесуді жөн көрген біз шаңырағына арнайы бас сұққан болатынбыз. Жылы жүзбен қарсы алып, төріне шығарды.

«Немере – баладан тәтті» деген Клара әжеміздің күнделікті тірлігі сол құлдыраңдап шауып жүрген ботасын бағып-қағу. Өн бойындағы бар жылуы мен махаббатын Раянасына төгіп жүр. Бізбен сұхбаттасып та, тәтті қызына көңіл бөліп  те үлгереді.

Отбасының ғана емес, тұтас әулеттің ұйтқысы бола білген асыл жанның тазалығы мен парасаттылығы бірден аңғарылып тұр. Қаршадайынан еңбекте піскен оның өмір жолы көпке үлгі. Жұбайы Мерген Алтаяқовпен ұзақ жылдар бұрынғы М.Мәметова атындағы совхозда мал шаруашылығын дамытуға бір кісідей үлес қосқан. Бүгінде ұл-қыздың ортасында бейнеттің зейнетін көріп отыр. Қолында қос келіні бар. «Отбасымызда береке орнаған, ренжісіп көргеніміз жоқ»,- деп жымияды әжей. Мұның құпиясы бар ма деп сұрағанымызда: «Өзара түсіністік пен сыйластықта. Кейде үндемей қалу да даналық. Шүкір, үлкен келінім де, немере келінім де ибалы, жасымды сыйлап, ізеттілік танытып жүреді. Ризамын оларға. Тәубе деп үнемі айтып отырамын»,-деді.

Әлгінде айтқан, нәзік жандылар мейрамы күні  бұл жанұяда апайдың мерейлі жасы қатар атап өтіледі. Осы күні Клара әженің құшағы гүлге толып, жүрекжарды лебіздерге жаны марқаяды. Немере-шөберенің ортасында өмірдің бал қызығын татып отырған әженің ендігі арман-тілегі – елдің тыныштығы, ұрпақтың амандығы. Лайым да Құдай сол тілегіңізге жеткізіп, еркетай Раянаның бойжеткенін көруге нәсіп етсін.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар