7.03.2017, 9:55
Қараулар: 30
ҰБТ жаңа форматта

ҰБТ жаңа форматта

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау – мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндері көлемін меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім.

Ағымдағы жылы ЖОО-ға түсуге, сонымен қатар білім гранты қаражаты есебінен оқуға ниет білдіргендер, яғни, биылғы оқу жылының мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуге, ал, орта білімнен кейінгі, техникалық және кәсіптік білімді тамамдаушылар, мектепті өткен жылдары бітірген талапкерлер кешенді тестілеуге қатысады.

Биыл Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы 19 орта мектепті 287 түлек бітірмек.  Олардың барлығы да 811 ҰБТӨП-іне өтініш түсіруге құқылы. Әрі олар ҰБТ  жаңа форматта өтетінін ескерсе дейміз.

Негізінен ҰБТ-ға дайындық оқу жылының басында басталып кетті. Жыл бойы мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері шәкірттерді осынау сынға әзірлеп қана қоймай, олардың психологиялық дайындығына аса мән береді және ҰБТ-ның жаңа форматы туралы мектеп оқушылары мен ата-аналар, оқытушылар, жалпы, жұртшылық  арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.

Тестілеуді ұйымдастыру және өтініштерді қабылдау  мерзімі (шамамен):

  • тестілеуге қатысуға – 10 наурыз-10 мамыр (ҰБТ), 1-20 маусым (ТКТ), қайта тапсыру – 1-8 тамыз, 5-12 қаңтар.
  • шығармашылық емтихан тапсыру үшін – 20 маусым-4 шілде.
  • педагогикалық мамандықтарға қатысуға және арнайы емтихан өткізуге – 20 маусым-18 тамыз.

Шығармашылық емтихан 5-10 шілдеде, ал, тестілеу  ҰБТ 20 маусым-1 шілдеде, ТКТ 17-23 шілдеде өтеді, қайта тапсыру 19-24 тамыз бен 20-24 қаңтарға белгіленбек. Айта кетелік, нақты мерзім ҚР БҒМ бұйрығымен анықталады.

Білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін (ҰБТ/ТКТ):

1 блок: математикалық сауаттылық – 20 тапсырма, оқу сауаттылығы – 20 тапсырма, Қазақстан тарихы – 20 тапсырма.

2 блок: 1-бейінді пән – 30 тапсырма,  2-бейінді пән – 30 тапсырма. Тестілеу  уақыты – 3 сағат 50 минут (230 минут).

Күндізгі қысқартылған оқу нысаны бойынша білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін ТКТ: жалпы бейінді дисциплина – 20 тапсырма, бейінді дисциплина – 40 тапсырма. Тестілеу уақыты – 1 сағат 40 минут (100 минут). Осы екі конкурс нәтижесі бойынша ақылы негізде ЖОО-ға қабылдануға болады.

Мектеп бітірушілер үшін ҰБТ/ТКТ тесттерінің құрылымы:

1 блок  (3 пән):

  • Математикалық сауаттылық. Тапсырмалар саны – 20, тапсырма түрі ұсынылған бес жауаптан бір дұрысын табу;
  • Оқу сауаттылығы. Тапсырмалар саны – 20 (4 мәтін), тапсырма түрі – ұсынылған бес жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты табу;
  • Қазақстан тарихы. Тапсырмалар саны – 20, тапсырма түрі – ұсынылған бес жауап нұсқасынан біреуі дұрыс.

2 блок  (2 пән):

  • Бейінді пәндер (әр мамандыққа екі пән). Тапсырмалар саны – 20, тапсырма түрі – ұсынылған бес жауап нұсқасынан біреуі дұрыс; тапсырмалар саны – 10, тапсырма түрі – бір немесе бірнеше дұрыс жауапты тест тапсырмалар.

Тапсырмалар саны – 120.  Максималды балл саны – 140.   Шектік деңгей – 50 балл.

Бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларын бағалау тәртібі:

 — дұрыс жауаптарын толық таңдау – 2 балл;

 — 1 қате (1 дұрыс жауап табылмады немесе 1 дұрыс емес жауап таңдалды) – 1 балл;

—  2 немесе одан көп қателер – 0 балл.

Колледжді аяқтаған қатысушыларға ТКТ тапсырмалары қысқартылған оқу бағдарламасы негізінде құрылады. Жалпы дисциплина бойынша 20 тапсырма берілсе, бейіндік дисциплинада тапсырмалар саны 40-қа жетпек. Бейіндік дисциплинада 10 тапсырмасы ситуациялық жағдайға арналса, 10-ының бірнеше дұрыс жауабы бар, ал, қалғандарының бір ғана дұрыс жауабы болмақ.  Тапсырмалар саны –  60.   Максималды балл – 70. Шектік деңгей: жалпы дисциплина – 10,  бейінді дисциплина – 25 балл.

Жоғары білім беру мамандықтары бойынша бейінді пәндердің комбинациясы:

1 бейінді пән+2 бейінді пән –  мамандықтар саны.

Математика+ физика52, математика+ география18, биология+ химия-22, биология+ география-12, шет тілі+ тарих-10, география+ шет тілі-4, тарих+ Адам. Қоғам. Құқық-5, тарих+ география-7, химия+ физика-5, оқыту тілі және әдебиет+ тарих-7, шығармашылық+ шығармашылық-33.

Тестілеуге қатысушыға сөйлесуге, орын ауыстыруға, емтихан материалдарын айырбастауға, көшіруге, аудиторияға анықтамалық әдебиеттер мен оқулықтар, шпаргалкалар, калькулятор, фотоаппарат, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, Ipad, Ipod, Iphone, smartphone) алып кіруге, кез келген радио-электронды байланыс түрін (wi-fi, bluetooth, dect, 3g, 4g, 5g)  қолдануға, емтихан материалдарын (жауап парақтары мен сұрақ-кітапшаларды) умаждауға, корректор сұйығын қолдану арқылы, сұрақ-кітапшаның бетін жыртуға, жауап парағында бояуға қарастырылмаған тұсын (жауап парағының нөмірі) бояуға тыйым салынады.

Тест тапсырмасын бағалау кезінде туындаған даулы мәселелерді шешу және талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, ҰБТ қатысушыларының құқықтарын қорғау мақсатында апелляцияны қарастыру бойынша республикалық және әрбір ҰБТӨП-те апелляциялық комиссиялар құрылады.

Бітірушілерден апелляцияға өтініштер белгіленген нысанда тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13:00-ге дейін қабылданады. Тестіленуші өтінішті апелляциялық комиссия төрағасының атына береді және ол апелляциялық комиссиямен бір күн ішінде қарастырылады.

Сертификат – тестілеу кезінде мектеп бітірушінің алған балдарын ресми растайтын, белгіленген түрдегі, қатаң есептегі атаулы құжат. Сертификат ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. Ол тестілеу өткеннен кейін 3 күн ішінде беріледі. Тестілеу нәтижелерінің ведомосы (ЖСН мен ТЖК (талапкердің аты-жөні ЖСН-ға ауыстырылды)) пәндер бойынша балдардың көрсетілуімен аудитория көлемінде ақпараттық тақталарға ілінеді. ҰТО-ның www.testcenter.kz сайтында бітірушінің ТЖК-сы мен ЖСН енгізу арқылы тестілеу нәтижелерімен танысуға болады. Нәтижелер ҰБТӨП-те емтихан материалдары өңделіп болғаннан кейін сайтта жарияланады.

ҰБТ-ға қатысушыларға арналған танымдық ақпараттар мен интернет-ресурстар

  • Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі- www.edu.gov.kz
  • Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті http://control.edu.gov.kz
  • Ұлттық тестілеу орталығы www.testcenter.kz

ҰТО әлеуметтік желілерде

  • Https://vk.com/testcenterkz
  • Https://www.youtube.com/channel/uczmzobvjtezesgyiekw6hq
  • Https://www.facebook.com/testcenterkz
  • /https://instagram.com/testcenterkz

ҰТО-ның интернет ресурсына сілтемелер

  • ҰТО сайтында ҰБТ тапсырмаларының үлгілері http://www.testcenter.kz/ru/entrants/ent/
  • ҰТО сайтында қорытынды аттестаттау тапсырмаларының үлгілері

http://www.testcenter.kz/ru/entrants/itog/

 

Айсұлу ҚАДЫРОВА,

  №112 филиал жетекшісі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар