28.02.2017, 12:33
Қараулар: 388
Нақты да батыл қадам

Нақты да батыл қадам

Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі 25 қаңтардағы Үндеуінде Президенттік биліктің кей өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру қарастырылған. Мемлекет басшысының бұл Үндеуін мемлекеттілігімізді жаңа сатыға көтерудің заңды жалғасы деп білеміз. Сонымен қатар бұл бастаманы еліміздің саяси жүйесін демократияландыруға бағытталған нақты да батыл қадам, оң шешім ретінде қабылдаймыз.

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Елімізде 1995 жылғы Конституция бойынша күшті президенттік билік қалыптасты. Өтпелі кезеңде елді тығырықтан шығару үшін биліктің бір қолға шоғырлануы қажет болды және ол өзін ақтады. Енді конституциялық реформаға сәйкес, Президент биліктің үш тармағының үйлесімділігін қамтамасыз ету, сыртқы саясатты жүргізу, елдің ұлттық қауіпсіздігін сақтау және қорғанысын нығайту секілді құзырлықтарды атқарады. Президенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеудегі өкілеттіктерді Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру жөніндегі шешімі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына атқарушы билік өкілдерінің жауапкершілігін арттырып, еліміздің экономикалық дамуына тың серпін береді деп ойлаймыз. Бес институционалдық реформада айқындалған кәсіби Үкіметті қалыптастыру жоспары мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негіз болары хақ.

Саяси реформаның аясында Парламенттің де беделі өсе түспек. Үкімет Парламенттің алдында есеп берсе, Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауға мүмкіндік алады. Мұндай жүйе әлемнің демократиялық жағынан дамыған көптеген елдеріне тән. Қазақстан да сол жолға түсіп, өзін бүкіл әлемге демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде тағы да танытары айқын. Сол себепті еліміздің Конституциясына, мемлекетті басқару туралы Заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Елбасы ұсынып отырған саяси жобаны талқылауға Бөкей Ордасы өңірінің халқы, білім беру саласының қызметкерлері, ұстаздар  қауымы да атсалысып, оның жүзеге асуына толықтай қолдау білдіреді деп сенеміз.

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Орал қаласы.