28.02.2017, 12:20
Қараулар: 252
Өткен жылы ғана жәрдемақыға 25, бюджеттік несиеге 13 маман қол жеткізді  

Өткен жылы ғана жәрдемақыға 25, бюджеттік несиеге 13 маман қол жеткізді  

«Ауылым – алтын бесігім» дегендей, жоғары оқу орнын бітірген көптеген мамандар еңбек жолдарын ауылдан бастауға құштар. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Елімізде 2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға!» жобасы жұмыс істейді. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы кадр тапшылығын жоюға септігін тигізу, жұмыссыздық деңгейін азайту, халық жағдайын жақсарту. Бұл жоба жастарға жасалған жақсы мүмкіндік ретінде бағаланып, көпшілік қолдауына ие. Әлі күнге дейін кейбір ауылдарда мамандар жағы жетіспей жатады. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендер медицина және білім беру саласы қызметкерлеріне зәру. Тек өткен  жылы 25 жас маман осынау бағдарлама аясында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы алса,  13-і үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, білім беру бөлімінен – 8, медицинадан – 2, мәдениеттен – 2, агроөнеркәсіп кешені саласынан 1 маман. Бағдарлама бастау алғаннан бері республикалық бюджеттен 239 795,0 мың теңгеден астам қаржы жұмсалып, 102 жас әлеуметтік көмекке ие болған. Олардың әрқайсысына 70 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (158 830 теңге) біржолдық көтерме жәрдемақы төленсе, қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК (3 403 500 теңге) көлемінде, яғни, баспананың бағалау құнына байланысты 15 жылдық мерзімге 0,01 пайызбен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осыншама қаржыға ие болғандарға жүктелер ең басты міндет – сапалы қызмет етіп, тұрғылықты жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосу.

Несін жасырамыз, ауылға бағыт алған жастарды әртүрлі тұрмыстық келеңсіздіктер, демалыс орындарының жоқтығы, жолдың қашықтығы сынды мәселелер мазалайды. Жәрдемақы алғанымен, тұрақтап қалғысы келмейтіндер де ұшырасады. Сол себепті әлеуметтік қолдау алған жас маман ауылдық жерде үш жыл қызмет етуге және тоқсан сайын жұмысынан тиісті органдарға анықтама өткізіп тұруға міндетті. Осы уақыт аралығында сатып алынған үй кепілде болады. Егер шартта көрсетілген міндеттемелер орындалмаған жағдайда, барлық шығындарды өтейтіндігін ескертеміз.

Қысқасы, еңбек еткісі келген адамға мемлекет үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Тек талпыныс төмендемесе игі.

 

Раушан АБДОЛЛИНА,

аудандық экономика және

қаржы бөлімінің басшысы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар