21.02.2017, 10:57
Қараулар: 392
Кенже келін

Кенже келін

«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген мақал Хамзиндер отбасының кенже келіні Света Уәпқызына арналып айтылғандай болады да тұрады.

Жандары жәннатта болғыр Рахметолла ақсақал мен Таңғаным апай өнегелі ұрпақ өрбітіп, елге сыйлы тірлік кешті. Жеті ұл, бір тал гүлдеріне жақсы тәлім-тәрбие берді. Отағасы Мұратсай ауылында фельдшерлік қызмет атқарып, талай науқастарға ем-дом жасады. Бүгінде ата жолын Мәлік атты ұлының баласы Данияр мен Еркіннің қызы Ақнұр  жалғауда. Ал, Таңғаным апа алты келін тәрбиелеген ел анасы еді. Ақ сары өңінде адуындылық байқалғанымен, көгілдір жанарына мейірім ұялап тұратын керемет сыйлы жан-тұғын. Ұнатпағандарына бетке айтып тастайтын мінезі де біріне жақса, біріне жақпай жататын. Көңілінен шыққандарға сыйласымы бөлек дейтін анам. Сол қара шаңырақтың кенже келіні Света Уәпқызы өткен жыл қорытындысында «Үздік қызметкер» атанды. Хан Ордасы ауылында туылған ол 1987 жылы Орал қаласынан балабақша тәрбиешісі мамандығын меңгеріп, Мұратсай ауылындағы «Аққу» балабақшасында тәрбиешілік қызметін бастайды. Еңбектен қол үзбей Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжін бітіреді. Ол өз отбасында алты ұл-қыздың кішісі болса, бұл әулетте де кенже ұл Еркіннің жары атанды.

– Несін жасырайын, енемнен көп нәрсені үйрендім. Ол кісінің жақсы қасиеті ешуақытта келінін жамандамайтын. Алты  келінді бөле-жарғанын да  көрген емеспін. Бәрін тең ұстады. Алғаш  босаға аттағанда енем: «Қамыр илеу білесің бе? Сиыр сауа аласың ба?»-деп сұрады. Мен білетінімді айттым. Ол бұл жұмыстарға қайтып жолаған жоқ. «Ақшаны бір жерден жұмсаймыз» дегенде біртүрлі күйде қалдым. Бірақ, үндемедім. Үйімнен келген заттарды «абысындар мен қайын сіңліңе бер» деді. Айтқанын істедім. Келін болып түскеніме алты ай өткенде енем сандықтың кілтін ұстатып, бар ақшаны да қолыма берді. Осынау уақыт ішінде ол мені сынағанын түсіндім. Үнемі қонақ шақырыстарда жүретін атам екеуі. Өздері де қонақшыл еді. Бау-бақша егуді жаны сүйетін. Үйде неше түрлі гүл өсіретін,-деп өткен күндерді сағынышпен еске алды.

Сол ата-ене 60 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіпті. Бүгінде олардан өрбіген 21 немере, 2 жиен, 17 шөбере бар. Ұл-қыздары әр қалада. Еркін мен Светаның өздері де ата-әже атанды. Тұрмыстағы тұңғыштары Әйгерім – қаржыгер. Екі баласы бар. Ақнұр Орал қаласында. Мамандығы – медбике.

Кеше ғана үлкен әулет табалдырығын аттаған Светаның өзі қазір осындай абырой-бедел арқалап отыр.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.