14.02.2017, 11:08
Қараулар: 18
Жаңа шаңырақ шаттығы

Жаңа шаңырақ шаттығы

р-066«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім». Ол рас-ау! Алайда, өзіне бір бұрыш бұйырмай, жалдамалы пәтердің табылдырығын тоздырып жүргендер қаншама?! Тек аудан орталығында ғана үй кезегіне 200-ге тарта адам тіркеліпті.  Солардың бірі – Айман Рамашева. 2008 жылы кезекке тұрған ол тоғыз жыл дегенде баспаналы болды (суретте). Біз де оның бұл қуанышына ортақтасып, «Қоныс құтты болсын!» айттық. Онымен бірге бұл күні тағы да тоғыз отбасы, тарқатып айтар болсақ, Құмарғали Ғиылманов, Күләш Ғабдоллина, Қаламқас Серғалиева, Тілеген Қадымов, Бекболат Ақышев, Дүйсенбай Дәулетов, Асхат Төлепов, Талғат Әнесов, Гүлмира Кәрімова жаңа үйге ие болды. Оқырманға түсінікті болу үшін артқа сәл шегініс жасайық.

Өткен аптада аудан орталығы – Сайқын ауылында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов баспанаға мұқтаж 10 отбасына ауылдың арқа бетінде қаз-қатар тізілген жаңа үйлердің кілттерін салтанатты түрде табыстады. Ал, қоныс иелері атынан сөз алған аудандық статистика бөлімінің басшысы Тілеген Қадымов: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында жүзеге асырылып жатқан осынау бастама өз жалғасын таба берсін, мұндай зор қуаныш әр отбасында болсын»,-деді.

Ата салтпен әжелеріміз шашу шашып, бұл күнгі қуаныш иелерін құттықтай келген ауданның ат үстіндегі азаматтары, көршілері, басқа да тума-туыстар ақжарма тілектерін жаудырды.

Иә, енді әлгінде айтқан Айман апай үшін үй иесінің «Босатыңыз!» деген сөзінен кейін дүние-мүлкін буып-түйіп, басқа пәтер іздейтін кездер артта қалды. Айта кетелік, «Жиенбай» ЖШС-і (басшысы А.Қарағойшин) салған құны 9 млн. 890 мың теңгені құрайтын бұл үйлер 50 жылға жалға берілген көрінеді. «Ең бастысы – жеке шаңырағымыз бар» деп шаттануда қоныстанушылар.

Раушан БАҚЫТОВА.