14.02.2017, 11:02
Қараулар: 16
Жырға ғашық Инабат жерлестерін жеңісімен қуантты

Жырға ғашық Инабат жерлестерін жеңісімен қуантты

а-358Қазақ халқының көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың рухани мұрасын кеңінен таныту мақсатында Орал қаласында оздырылған М.Мақатаев оқуларында аудан намысын Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Инабат Ғабдолла қорғады. Айта кетелік, ол мектептен тыс тәрбие орталығы ұйымдастырған осынау байқаудың аудандық кезеңінің де жеңімпазы.

Талапкеріміз облыстық байқаудың «Менің пірім – Мұқағали» бөлімінде ақиық ақынның бір өлеңін ой кестесіне сай көркемдеп оқып берсе, төл туындысы «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап…» айдарында көпке ұсынылды. «Жыр эстафетасында» үміткерлер «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек» поэмаларын жатқа толық білуі керек-ті. Ал, «Берілген ұйқасқа өлең құрау» кезеңінде тақырыбы айтып тұрғандай, дайын ұйқасты пайдалана отырып, тұжырымды, түйінді бір шумақ өлең туғызу, «Өлеңнен өрілген ойда» ақын өлеңінің шумақтары бойынша тақырыптық мазмұнын ашып, оны дамыту қажет болатын. Мұнда төрешілер қатысушының шешендігіне, ой жүйелілігіне, ұтымды жауабына ерекше назар аударды. Келесі «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» сұрақ-жауап ойынында бір минутта берілген дұрыс жауаптар есептелінді.

Инабат өз ізденімпаздығы мен жігерлілігінің арқасында аталмыш байқаудың алты кезеңінен де жақсы өтіп, жүлделі ІІ орыннан көрінді. Жас талапкердің шығармашылық қабілеті мен эстетикалық талғамын дамытып, поэзияға деген құштарлығын арттырып жүрген жетекшісі Кіршібаева Рая Ахметқазиқызына да алғысымыз шексіз.

Б.ТАЛИПОВ,

аудандық мектептен  тыс тәрбие орталығының

 қосымша білім беру педагогы.