14.02.2017, 10:52
Қараулар: 19
Қаһарлы қыстың сынағы

Қаһарлы қыстың сынағы

в-90Облыстық төтенше жағдай департаментінен түскен хабарлама сол сәтінде аудан әкіміне жеткізілді. Нұрлан Рахымжанов шұғыл түрде төтенше жағдайлар жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысын шақырып, аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Асылбек Ерешев жиналғандарды синоптиктердің мәліметімен және атқарылуға тиісті шаралармен таныстырды.

5 ақпан күні толассыз қар жауып, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15 м/с жетті. Ертесіне жел тіптен күшейіп, қардың қалыңдығы 30-40 см. болды. Әсіресе, ауданның солтүстігіндегі Мұратсай округінде қар да қалың түсіп, жел де өршелене соққан сияқты. Ауылдарға баратын жолдар  үрінді қармен көміліп, нығыздалып қатып, қатынасқа қиындық тудырды. Тұрғындарды ауыз сумен қамту тоқтап қалды. Аудандық комиссия мүшелері А.Ерешев, ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Б.Катчеков және Мұратсай ауылындағы су жүйесіне жауапты кәсіпкер С.Айғалиев бастаған адамдар техникаларымен сол жаққа аттанды. Қар құрсауындағы ауылдарға жол салып, ауыл ішін де тазалады. Мұратсайлықтар аудан орталығынан барған «Елеусін» шаруа қожалығының (жетекшісі Н.Сүйінішев) «К-700», Бөкей ордасы колледжінің (директоры Б.Лұқпанов) «МТЗ-82» тракторларының жүргізушілеріне алғыстарын жаудырды.

Осылайша жұмыла көтеріліп, іскерлік таныту нәтижесінде қыстың тағы бір қаһарлы сыны артта қалды.

Тұрарбек АПАҚАЕВ,

аудандық ТЖБ бастығы,

 азаматтық қорғау капитаны.