14.02.2017, 10:49
Қараулар: 16
Ынтымақтасқанның ырысы мол немесе саусақ бірікпей, ине ілікпейді

Ынтымақтасқанның ырысы мол немесе саусақ бірікпей, ине ілікпейді

г-619-1Ауданымызға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің стратегия және талдау басқармасы басшысы Мақашев Нұрболат Абылайханұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрмағанбетов Серік Базарұлы, сол басқарманың мал шаруашылығы бөлімі басшысы Есполов Алмат Есполұлы, облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының несие бөлімі басшысы Ахметов Азамат Меңдіғалиұлы, бас маманы Қажыгереев Біржан Бауыржанұлы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дан экономика және бизнес факультетінің деканы Қазанбаева Айгүл Мамайқызы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тұрмыс жағдайларын көтеру бағытында мемлекетіміз мән беріп жатқан жеке қосалқы шаруашылықтар, ауылдық өндірістік кооперативтер құру, үкіметтен қарыз алып, ол құрылымдарды дамыту жөнінде келелі кеңес өткізді. Оған аудан әкімі мен оның орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, несие алған  және несие алуға ниетті отбасылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кеңесті ашып, қонақтарды таныстырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Елбасымыздың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген  отырысында ауылдық елді мекендерде кооперацияны дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту үшін жеке және қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану тапсырмасына сәйкес округтерде атқарылып жатқан жұмыстардан қысқаша мәлімет берді.

Қонақтардың арасынан алғашқы болып сөз бастаған БҚАТУ-дың деканы Айгүл Қазанбаева слайдтарды пайдалана отырып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» туралы көсіле баяндады. Бұрынғы «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламаларды алмастырған бұл жоба шынында да ауылдағыларға тиімді сияқты. Оған кімдердің қатысатыны, оларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті  дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жайында газетімізде («О.Ж.» 31 қаңтар 2017 ж.) аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Берқайыр Қарағойшиннің мақаласында айтылғандықтан оларды тәптіштемей-ақ қоялық.

«Әуелі өз басыңды жарылқап ал» қағидасына мойынсұнсақ, алдымен жеке қосалқы шаруашылықтан бастаған жөн секілді. Әрине, тұрғындарды малдандыру мәселесі көтеріліп, арнайы бағдарлама да жасалып, ниет танытқандарға қарыз да берілген-ді. Сол ақшаға мал алудың орнына дүрілдетіп той өткізіп, құда шақырып, киіт кигізіп, ашылып-шашылғандар мезгілінде қайтармағандықтан қарыздары аспандап өсіп, борышқа белшесінен батқандар қай-қай ауылдан да табылады. Жоғарыдағылардың да аузы күйіп қалғандай. Бүгінде несиеге кепілге қоятын мүлік сұрайды. Жұртшылықтың да санасы ашыла бастағандай, ырду-дырдудан арылып, өнімді еңбекке бет бұрып келеді. «Кәсібімді ашамын» дегенге мемлекеттік қолдау бар. Сауда-саттық пен тұрмыстық қызмет көрсетуді былай қойғанда, қолындағы тоқты-торпақтарын бордақылап, соғым іздегендерге келісті бағаға сатып, тұрмыстарын түзеп алғандар қаншама?! Отбасылық бордақылау алаңын жоспарлауға осындай фактілер себеп болса керек. Осы негізде сүт өндіру де жолға қойылса, аудан орталығында ашылған сүт өңдеу  цехы толық қуатында жұмыс істеп кетер ме еді?!

Айгүл Мамайқызы жеке қосалқы шаруашылықтар, отбасылық бордақылау, сүт өндіру алаңдары  ауылдық  өндірістік кооперативке біріксе, өнімді өңдеуді, яғни, тұтынушыға шикізат түрінде емес, дайын өнім ретінде ұсынуды жолға қойса, ауылдарда да көптеген жұмыс орындары ашылып, тың серпіліс туындайтынын өркениетті елдерден мысал келтіре жеткізді. Және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылымдық жүйесіне тоқталып, артықшылықтарын атап көрсетті.

Кооперативке мүше болған адам өз мүлкіне өзі ие көрінеді. Мүшелікке кіру-шығу ерікті. Шешімдер қабылдау кезінде әр мүше бір дауысқа ие. Ортаға салған кіріс жарнасының көлемі есеп емес. Ол тек пайданы бөлер кезде (девидент есептерде) қаперге алынады. Бірлік болмай, тірлік болмайды. Әркім қолдағы барымен, техникасымен бір-біріне жәрдемдесіп, ортақ қорды молайтып, құрылымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, дамытуға атсалысуы тиіс. Осының бәрін ұйымдастырып, қадағалап отыру үшін басқару алқасы (басқарма) және оның төрағасы сайланады. Тексеру комиссиясы (ревком) құрамына білікті мамандарды сырттан да (кооперативтікке мүше еместерден) тартуға болады екен.

Құрылымның жасақталуы үшін алдымен ынталы топ құрылып, жарна, жарғыларын реттеп, құжаттарын түзеп, тіркетіп, электронды нұсқасын да жасатады. Мүшелері жұмыс түрлерін бөлісіп, өндіру, өңдеу, өткізу салалары нақтыланады. Қажетті құрал-жабдықтар, автокөліктер алуға мемлекет жеңілдетілген несие береді. Сондай-ақ, арнаулы салық режимінің 70 пайызын жабады. Соның арқасында кооператив прогрессивті агротехникаларды пайдалана отырып, табиғи таза өнім өндіріп, оны өңдеп, тұрғылықты жерінде делдалсыз өткізе алады.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Ынтымақтаса қимылдап, іскерлік таныт. Еңбек ет те, міндет қыл. Тұрмысты түзеудің бір мүмкіншілігі осы. Пайдаланып қалыңыз, ағайын!  Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз». Сөзінің соңын осылай аяқтаған декан кооперативті ұйымдастыру жөніндегі сұрақтардың жауабын 8 800 080 8010  телефонына қоңырау шалып (тегін) білуге болатынын  да айтты.

Астаналық қонақ Нұрболат Абылайханұлы Елбасымыздың биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер төңірегінде ой қозғап, мал шаруашылығын өрге бастыру үшін берік жемшөп қорының қажеттілігін тілге тиек етті. Көпжылдық, біржылдық екпе шөптерді өсірушілерге, марқа қозылар мен торпақтарды бордақылаушыларға қойылатын талаптар жөнінде әңгімеледі. Ал, ірі қараны бордақылаушыларға арналған «Береке», ауылдық өндірістік  кооперативтерге  арналған «Ынтымақ», сүт өндірушілерге арналған «Бірлік» бағдарламалары хақында сөз қозғаған Азамат Меңдіғалиұлы оларға берілетін несиелердің жай-жапсарын түсіндірді.

Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы «Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады» деген жолдардың мәнін ашып берген Серік Базарұлы кәсіпкерлерге кепілдік жасау, оларды бизнес жүргізу мен  қаржылық сауаттылыққа үйрету керектігіне тоқталып, әкімдер қызметін бағалаудың негізгі критерийінің бірі – бұрынғыша жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны екенін атап көрсетті.

Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова аталмыш бағдарламалардың тиімділіктерін сөз ете келіп, әріптестерін әрнені сылтаурата бермей, үлкен істерге батыл кірісуге шақырды. «Оралдағы «Кублейдің» шығарған өнімдерін өзіміз шығарсақ, арзанға түседі. Ауылдастарымыздан ауысқанын көршілес Ресейге сатуға мүмкіндік мол. Экспортқа тірі мал шығарғаннан, дайын өнім ұсынсақ ұтарымыз көп», — деді ол.

Иә, бұрын Үкіметтен бөлінген субсидияларға тек ірі шаруа қожалықтары ғана қол жеткізсе, енді оны кооперативке біріккен тұрғындар да ала алады. Тырбынғанның табысқа кенелері хақ. Сондықтан бөкейліктер де бір серпіліс һәм сілкініс жасар деген үміттеміз.

Каримолла ҒАЙСИН.