14.02.2017, 10:45
Қараулар: 13
Жүрекке түскен жара…

Жүрекке түскен жара…

а-354-2КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға енгізіліп, сол жарияланбаған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысқаны тарихтан белгілі. Олардың 761-і шет жерде топырақ жастанса, 3 мыңы елге мүгедек болып оралып, 21-і хабарсыз кеткен. Осынау қанды қырғынды көзімен көріп қайтқандар қатарында жерлесіміз, сайқындық  Мүсілимедин Таубаев та бар.

Ауылдың теріскей бетіндегі екі қабатты баспаналармен қатарлас орналасқан ақ шаңқай үйдің ауласына енгеннен-ақ еңбекқор жанның қолтаңбасы бірден аңғарылды. Екі-үш күн бұрын жауған қалың қардың орны кең аула ішінде тап-тұйнақтай болып аршылыпты. Мүсілимедин ағаның қалта  телефонына қоңырау  соғып, «сөндірулі тұр» деген хабар алғасын, амалсыз үйіне бас сұққан едік. Ауруханаға кетіпті. Күтуге тура келді.

Аласа бойлы қарапайым еңбек адамы «Мықты болсаң, ішімдегіні біліп ал»,-дегендей, сөзге  сараңдық танытты. Құйқаны шымырлатар соғыс зардабы әлі де тынышын алып, бойын үрей  билейтінін де жасырмады. Дегенмен, мақсатымыз ол кісі туралы қолға қалам алу болғандықтан, тышқан мен мысық ойынын қайталағандай кейіпте отырып, біраз жәйтқа қанықтық.

…1979 жылдың көктемінде Мүсілимедин Таубаев өзге жерлестерімен бірге аудандық  қорғаныс бөлімінен әскерге алынады. Алдымен Өскеменге келіп, онда әскери оқу-жаттығу жұмыстарына қатысады. Желтоқсан айында бір топ қаруластарымен бірге оларды Өзбекстанның Термез қаласы арқылы Ауғанстанға топ еткізе түсіреді. Содан 1981 жылдың шілдесінде ғана аман-есен  елге оралады. Отан қорғауға аттанған  өрімдей жастар бұл қауіпті сапарлары жайында алдын ала еш нәрсе білмеген. Әскери тапсырмамен бақайшағына дейін қаруланған дұшмандармен шайқасқа еріксіз қатысады. Біздің кейіпкеріміз және сайқындық Елтай Қонақбаев пен  бисендік Исатай Қайырлиев (кейін ауылда ауырып қайтыс болды) сол сын сағатта бірге болыпты.

Әрине, соғыс көрмеген ұрпақтың үрейлі сәтпен күресуі оңай болмағаны анық. Оң-солын танымаған өрімдей жігіттерді қанды соғыс тез есейтіп жібергендей еді.  Дұшмандар тау басын мекендесе, бұлардың рота, взводтары тау етегіне жайғасыпты. Түннің бір уағында жанды шошытар дабыл қағылып, дереу ұрысқа кіреді. Жау  шатқалдардың таса-тасасынан оқ жаудырып, өшпенділікпен шайқасатын. Қызу айқас кезінде солдаттардың граната мен минадан ұшып кеткен қол-аяқтарын талай көрді. Денесін оқ пәршелеген серігінің өлімінен кейін жынданып, ақыл-есінен айырылып қалғандар да кездескен. Кишлактарда да оқтын-оқтын соғыс жүріп жататын. Бет-аузы тұмшаланған дұшмандарды күндіз кездестірудің мүмкіндігі болмағанымен, олар ұрысқа түннің бір уағында шығып тұрған. Лапылдаған жалын арасынан естілетін көрдегіні тұрғызардай ащы, қорқынышқа толы айқай, бақырып жылау – мұның бәрі-бәрі сау адамды естен айыратын. 18 жастағы ана сүті аузынан кетпеген бозбалалар ненің парқын түсінсін?! Осы бір  шет жердегі соғыс кезінде контузия алып, саналылар санатынан ығысып қалғандар қаншама?! Дұшмандар КСРО-дан  азық-түлік жеткізуші көліктерді  тау жиегіндегі жолдан өтіп бара жатқанда үстерінен снаряд лақтырып, өртеп жіберген сәттер де көз алдында. Кейіпкеріміз сол жоғарыда айтып өткен көліктерді дұшмандардан аман алып өтіп, кері шығарып салушылар құрамында болған. Әр күндері үрейге толы жастардың өмірі шынында да өте қауіпті еді. Оралдық серігі Салауаттың сондай жарылыс кезінде аяғы зақымданып, кейін кесіліпті.

–Бұл Салауаттың барша жолдастары үшін өте ауыр жағдай болды,-деп еске алады Мүсілимедин ағай.– Қылшылдаған жас кезінен аяқсыз қалу кімге оңай болсын?! Кезекті бір шабуылда ауылдасым Исатайдың да аяғына оқ тиіп, госпитальге жеткізілді. Әупірімдеп жазылып кетті ғой.

Елге қайтар уақыт жақындаған сайын кеңес сарбаздарының бойларын қуанышпен қатар үрей де қоса билейтін. Бақытты күнге санаулы уақыт қалғанда оққа ұшқандарды көру өте аянышты еді.  Олардың бар арманы туған жердің ауасын жұтып, әке-шеше, бауырларының жүзін бір көру,  еркіндікті қайта сезіну еді-ау?! Бірақ, ол күнге жете алмай, үзіліп кеткендер қаншама?!  Ауғанстаннан Тәшкентке ұшып келе жатып, таулы аймақ аспанынан төменге қараған кейіпкеріміздің бойын түсініксіз сезім билеген екен. Толқыныс па, толғаныс па… Жоқ, әлде бұл қуаныш сезімінің ұшқыны ма еді? Айыра алмағаны анық. Сондағы санаға келген ой «бұл шынымен еркіндік пе?!» Тек табаны өз елінің топырағына тигенде ғана терең тыныстағаны есінде. Әйтсе де, өздерімен бірге аттанып, қыршынынан қиылған талай боздақ оқтын-оқтын ойға орала береді. Осы сәт Мүсілимедин аға қолын қайта-қайта жүрек тұсына апара берді. Әрине, өткен күннің ауыр қасіретін еске түсіру оңай деймісіз.

Ауылға оралған соң ол М.Мәметова атындағы совхозда көмекші шопан болып еңбекке араласады. Кейін Жәрмеңке елді мекенінде қойма меңгерушісі де болған. 1983 жылы Жұмағыз атты арудың құлағына сырға салып, шаңырақ көтереді. Бүгінде олар бес баланы өсіріп-өндірген өнегелі жандар. Осылайша, тірліктің біраз ащы-тұщысын көрген Таубаевтар әулеті 2007 жылы денсаулық жағдайына байланысты аудан орталығына қоныс аударады. Бүгінде өзі тұрғызған екі бөлмелі үйде ұрпақтарымен тірлік кешіп отыр. Ешкімге алақан жаюды қаламайтын ол әкімдікке барып, жаңа баспана да сұрамаған көрінеді.

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай барлық жерде сол қанды қырғынға қатысқан ардагерлер орынды құрметтелетінін айтқан Мүсілимедин ағай еріксіз күрсінді. Иә, жүрекке жара салған сол жылдардың қасіреті із-түссіз кетуі де мүмкін емес-ау.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.