14.02.2017, 10:42
Қараулар: 24
Өмірін өнермен өрген қаламгер

Өмірін өнермен өрген қаламгер

в-85-1 Сара ЛатиеваӘдебиеттің деректі проза саласында қалам тербеп жүрген жерлестеріміз саусақпен санарлықтай, солардың ішінде, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, жазушы Латиева Сара апайдың орны бөлек.

 Ол 1947 жылы 2 ақпанда Орда ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Орда орта мектебінің табалдырығын аттап, Ғ.Зарипов, А.Тажетдинов  сияқты ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Жоғары сыныптарды сол кездегі аудан орталығы Жәнібектегі қазақ орта мектебінде оқып, оны 1963 жылы бітіреді. Мектептен кейін шұбартаулықтардың үндеуімен «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген комсомолдық бастамаға үн қосып, Жәнібек ауданының «Талов» совхозында бір жыл істейді. Кейін Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетінің жанынан ашылған радиокорреспондент қызметіне шақырылады. Осылайша, ол журналистика саласына аяқ басады. Жоғары білім алу мақсатында Сара Латиева 1965 жылы Алматыдағы С.М.Киров  атындағы (қазіргі  Әл-Фараби атындағы ұлттық университет) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы тамамдайды.

Жас маман университет деканы Тауман Амандосовтың жөн сілтеуімен кәсіпқой журналист ретіндегі еңбек жолын Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық телерадиода корреспондент болып бастайды. Жылдар өте келе, Алматыға оралып, жастық  жалынымен  республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Ақ желкен» журналында, Қазақ радиосында, «Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясының» бас редакциясында жемісті қызметтер атқарады.

 Ол студент кезінен-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына белсене араласып, туындылары жарияланып отырады. Өткенге сәл шегініс жасасақ, Сара апаның алғаш жазуға, көркем шығармаға келуінің өзі қызық. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Заря Жұмановаға берген сұхбатында: «Мені жазуға, көркем шығармаға алып келген Дулат Исабеков болатын. Екінші курстың басы. Жатақханадағы бөлмеде 7-8 қыз тұрамыз, ортада бір үстел. Сонда жазып отырғам. «Неғып қадалып қалғансың, тұршы, тамақ әзірлейін, кеш болып қалды»,- деді бөлменің кезекшісі. «Үндеме, классикалық әңгіме жазып отырмын. «Жұлдызға» шығады кейін»,- деймін. Аузыма түскесін айта салдым ғой. Сонымен әңгімені бітіріп, машинкаға басып, «Жұлдызға» алып бардым. Не дерімді білмей тұрмын. «Иә, қандай шаруамен келдіңіз?»- деді әлгі жүзі жылы кісі. «Әңгіме жазып едім». «Е, әкел әңгімеңді». Өзімді таныстырып, мән-жай айту деген мәдениет әзір жоқ. 4-5 парақ қағазды қолына ұстаттым. Бас-аяғын қарап шықты. «Жақсы, Сара, бір аптадан кейін кел, жауабын айтамын»,- деді. Тұп-тура бір аптадан кейін бардым. «Ә, Сара, кел, жоғары шық. Әңгімеңді оқып шықтым, келесі жылдың 3-ші санында жарияланады». Ол – Дулат Исабеков екен»,- деп еске алады.

Ойлы очерк, зерттеу мақала, новеллаларымен көптің көңілін аударған Сара Латиева  жылдар өте келе қабырғалы қаламгерлер қатарынан орын алды. Оның туындылары негізінен таза өнер бағытында, өнер адамдарының творчестволық өсу кезеңінен бастап, өнердің  жай-жапсары туралы.

Қарымды қаламгер жөнінде ғалым, ақын Бауыржан Жақыпов: «Әдебиеттің деректі проза  деген  саласы бар. Сол салаға үлкен үлес қосқан Күләш Байсейітова,  Хадиша Бөкеева, Байғали Досымжанов сияқты қазақтың басқа да бір туар өнердегі тұлғалары туралы деректі прозалық шығармаларды, кітаптарды оқырманға ұсынғандығының өзі үлкен еңбек», ал, ақын, сыншы Сейфолла Оспан: «Сараның өзіндік қолтаңбасы бар. Ешкімге ұқсамайды. Айтарын нақтылап, сол жерге керек детальдарының бәрін заманауи қалыпқа әкеліп, әңгімесінің ажарын да, өзінің ой-пікірін де дәл жеткізетін шығармалары адамның жанын сүйсіндіреді», — деп өз бағаларын берді.

Сара Латиева елге келген әр сапарында үш басты міндетті алдына мақсат етіп қояды екен. Ол туралы  жазушы, журналист Мира Шүйіншәлиеваға берген сұхбатында: «Туған жердің құмына табаным тисе-ақ, бірінші өзім оқыған білім ұясына барып, сәлем беретін әдетім. Қолымда бір кітап болса да, Орда мектебіне сыйлаймын. Себебі, осы мектепте менің аяулы анам Дина Әліпқалиеваның да өнегелі өмір жолдары қалған… Екінші парызым – аяулы ата-анама құран бағыштаймын. Үшінші  міндетім – қасиетті Орда  музейіне бару, өйткені, әкем Шарап Сиранов музейдің директоры болып, қорын жинақтап, оны байытуға мол үлес қосқаны баршаға мәлім»,-деп  өз ойымен бөліседі. Ол ешқашан музейге құр қол келген емес. Кешен қорындағы инвентарлық кітапқа көз жүгіртсек, 1999 жылы КСРО және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның портреті мен афишаларын, ас үйге қолданған заттарын әкеліп тапсырған-ды. Және осы үрдісті жыл сайын жалғастырып келеді.

Сонымен қатар, 2006 жылы  Сара апамыз мектептің абыройын өсіруге атсалысып,  жақсы оқып, көрсем, білсем деп талпынған жеті оқушыға өз қалтасынан шәкіртақы тағайындағанын да жерлестері ұмыта қойған жоқ.

Өнер тақырыбын әрдайым жанына серік етіп келген Сара Латиеваның оқырман қауымға «Мен соғысты көргенім жоқ», «Хадиша мен Байғали», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева», «Туған жердің түтіні» атты кітаптары, «Төрелігін өздерің айтыңдар» атты А.Балаковтан аударған аудармасымен қатар, «Парасат», «Мәдениет», «Аружан», «Жұлдыз», «Аңыз адам» журналдарында, «Ана тілі», «Жас қазақ», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде біраз мақалалары жарық көрді. Зейнеткерлік демалыстағы Сара Латиева  бүгінде Алматы қаласында тұрады.

Сонау балауса он сегіз жастағы кезінен мына жетінші ондыққа жеткенше республиканың түрлі басылымдарына сүбелі үлес қосқан  белгілі қаламгер, өнертанушы Сара Шарапқызына алда да зор денсаулық, шалқар шабыт тілеп, өзіңіз түлеп ұшқан құм Нарынның абыройын асқақтата беріңіз демекпіз.

 

Ғ.ҚҰТМАНБАЕВА,

Бөкей ордасы тарихи музей

кешенінің мұрағатшысы.