14.02.2017, 10:38
Қараулар: 20
«Ақшақар – 2017»

«Ақшақар – 2017»

г-618Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы мектеп окушылары арасында «Ақшақар – 2017» атты шаңғы туризмі техникасынан жарыс өткізді.

Оның ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің әдіскері М.Алтаяқов қатысушыларға сәттілік тілесе, аталмыш орталық басшысы К.Құрмашев жас спортшылардың тартысты ойын өрнегін көрсетеріне сенім білдірді. М-С.Бабажанов, М.Мәметова, А.Құсайынов, Жәңгір хан атындағы білім ұялары және өз өтінішімен қатысқан Бөкей ордасы колледжінің оқушыларынан құралған шаңғышылар командасы «Техникалық топтық арақашықтық» және «Кросс-жорық» бағыттары бойынша бақтарын сынады. Сайыстың бірінші кезеңінде  оқушылар терекке арқанмен өрмелеп шығу, дюльфер (арнайы құрал) арқылы қайтадан жерге түсу техникасынан шеберліктерін байқатса, «Кросс-жорық» кезеңінде әр топ белгілі қашықтықтағы жолмен жүріп өтіп, түрлі тапсырмаларды орындады. Жеңіске ұмтылған команда мүшелері туристік кедергілерден өтіп, одан әрі ауылдың солтүстік бетіндегі  терең сайда  шаңғымен баспа әдісімен ылдидан  және  жұмар (туристік құрал) арқылы жоғарыға көтерілді,  дюльфермен кері түсу сияқты тәсілдерін көрсетіп,  үздіктер қатарынан көрінуге  бар күштерін  салды. Т.Жароков көшесінен басталатын кезекті меже – 1,5 шақырымдық қашықтықты да еңсере білді. Сайыстың ең шешуші кезеңінде шаңғышылар экстремалды жағдайларда, яғни, көшкін кезінде қар астында қалып қойған зардап шегушіні іздеп, қырағылықтарын байқатты.

«Техникалық топтық арақашықтық» бағыты бойынша І орынға жәңгірхандықтар шықса, ІІ орынды мәметовалықтар иеленіп,  құсайыновтықтар  ІІІ орынды қанағат тұтты.  «Кросс-жорықта» І орын тағы да жәңгірхандықтар еншісіне тисе, ІІ орынға құсайыновтықтар табан тіреді, үздік үштікті мәметовалықтар түйіндеді. Жалпы есеп бойынша  жеңімпаз деп танылған Жәңгір хан атындағы орта мектеп командасына ауыспалы кубок пен  алтын медаль табысталды, күміс, қола  медаль  тиісінше А.Құсайынов және М.Мәметова атындағы орта мектеп командаларына бұйырды.

Жарыстың жабылу салтанатында жас спортшыларды дайындап, белсенділік танытқан топ жетекшілері мәметовалық Ж.Омаров, жәңгірхандық Н.Шарафетдинов, құсайыновтық Б.Қарағойшин, бабажановтық Қ.Бірімжаров және Бөкей ордасы колледжінен Т.Әбдірешевтер аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы әкімшілігінің Алғыс хатымен марапатталды.

А.ТӘЖЕНОВА,

балалар-жасөспірімдер  туризмі

және экология орталығының дене

шынықтыру нұсқаушысы,

жарыс төрешісі.