14.02.2017, 10:35
Қараулар: 32
Дәнекерлеуші де сұранысқа ие

Дәнекерлеуші де сұранысқа ие

в-84Бөкей ордасы колледжінде оздырылған «Электргаз дәнекерлеуші» апталығы «Мамандығым – өмірімнің кілті, іскерлігімнің негізі, еңбегімнің өзегі» атты салтанатты жиынмен ашылып, онда осы пәннің оқытушысы Талғат Тұралиев бұл мамандықтың тарихымен таныстырып, қазіргі таңдағы сұранысқа ие кәсіптің бірі екендігін әңгімеледі. Электргаз дәнекерлеуші тобының (10 айлық) студенті Меңдібаев Ризабек металдарды пісіру процесі туралы баяндама оқыса, студенттер Ж.Ортиков, Р.Меңдібаев, Н.Ақбасов, қабырға газеттерін шығарып, сөзжұмбақтар құрастырып, озат студенттердің гарамоталары мен фотосуреттері де дәлізге ілді.

 «Топты таныстыру», «Викторина», «Кім жылдам?», «Ойлан да тап!» сынды 4 кезеңнен тұрған «Өз мамандығының білгірі» атты викториналық сайысқа «Тракторшы-машинист», «Аспазшы», «Электргаз дәнекерлеуші», «ЭЕМ операторы» топтары қатысты. Қазылар алқасы «Электргаз дәнекерлеуші» тобын жеңімпаз деп таныды.

Болашақ дәнекерлеушілер арасында оздырылған «Өз ісінің шебері» атты практикалық сайысқа (ұйымдастырушы өндірістік оқу шебері Е.Қ.Өтешқалиев) сегіз студент қатысып, олардың дәнекерленген дайындамасының сапасы тексерілді және техника қауіпсіздік ережелерін сақтауы, жұмыс орнындағы іс-әрекеттері бағаланды. Онда шеберліктерін байқатқан Ж.Ортиков, Н.Қуанғалиев, К.Сүндетов, Е.Қошанов, С.Мұратов, Р.Меңдібаев, А.Базарбеков, Н.Ақбасов қойылған талаптардан шыға білді. Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, комиссия мүшелерінің шешімімен тек С.Мұратов, Н.Ақбасов және Н.Қуанғалиев «Өз ісінің шебері» аттанды.

Апталық барысында арнайы пән оқытушысы Т.Тұралиев 10 айлық электргаз дәнекерлеуші тобына «Газбен пісіру әдістері» атты ашық сабақ өткізді. Сонымен қатар аталмыш топ пен ЭЕМ операторы тобы арасында «Білімді мыңды жығар» атты интеллектуалдық жарыс ұйымдастырылды. Электргаз дәнекерлеуші тобы студенттері «Дәнекерлеуші марафонында» да бақ сынап, онда  Р.Меңдібаев І орынды, ал, ІІ және ІІІ орындарды тиісінше Ж.Ортиков пен Н.Қуанғалиев иеленді.

Өндірістік оқу шебері Е.Қ.Өтешқалиевтің өндірістік оқудан «Пісіру жалғастары мен жіктері» тақырыбындағы ашық сабағы, апталық қорытындысындағы «Көңілді старт» ойындары да сәтті шықты. Апталық барысында жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге грамоталар мен ескерткіш сыйлықтар табысталды.

Т.ТАУПИЫҚҰЛЫ,

арнайы пән оқытушысы.