31.01.2017, 15:22
Қараулар: 536
Мәңгілік сағынышым менің…

Мәңгілік сағынышым менің…

Әке… Мен үшін осы үш әріпте қаншалықты мұң мен сағыныш байлаулы десеңізші…

–Әйнөк, сабағыңды жақсы оқы, інілеріңе қара, Сәния апаңа көмекші бол. Енді сен мектеп табалдырығын аттадың, демек, үлкен қыз болдың,-деп маңдайымнан иіскеуші еді ғой. Бала жүрек әлденені сезгендей тыпыршып: «Папа, мектепке барғанда бір қолымнан әжем, бір қолымнан сен ұстап барасың ғой, иә?»-деп жүзіне үңіле қарадым. Ұзын сүйрік саусақтарыңмен шашыңды артқа қайырып: «Мен ол кезде Алматыға оқуға кетемін, Әйнөгім»,-деп күрсінгендей болдың. Сол уақытта әке жанын не мазалап жүргенін сәби-жүрек қайдан ұғынсын?!

Сары жапыраққа оранып күрең күз де келіп жетті. Әдеттегідей сабақтан соң сөмкемді әзер сүйретіп, үйге келдім. Әкемнің қабағын байқап отыратын байқампаздықпен аңғарғаным ол біртүрлі көңілсіз қалыпта екен. Біраздан соң, сырттан ішке енген анам: «Скорый» қазір келеді»,-деп әжеме қарады. «Әкем ауырып отыр екен ғой» деген ой санамда жылт етті. Көп кешікпей «Жедел жәрдем» көлігі де келіп жетті. Әкемді қарап отырған аудандық аурухананың терапевт дәрігері Гүлбаһрам Сапарғалиева апайға: «Әкем енді келмейді»,-дедім жұлып алғандай. Айтуын айтқаныммен, ішім алай-дүлей. Бәрі менің сөзіме шошына қарады. Анам: «Неге олай дейсің, папаң ертең-ақ тәуір болып келеді»,-деді. Тіпті аузымнан сол ауыр сөздің қалай шыққанына шошынып, ұрысып жіберді. Күйініп кетті ме, бір түйіп қалды. Өз-өзімді түсінбей қыстыға жыладым. Сол күрең күз менің сәби санама салқын сағыныштың сызын саларын ол кезде қайдан білейін. Сол кеткеннен жан әкем аурухана төсегіне байланды. Марқұм көкеммен (інісі Жексен) соңғы рет барғанымда әкем палатасында жоқ екен.

–Көке, папам қайда кеткен?-деп сұрадым мазасызданып.

–Ауа жұтайын деп сыртқа шығып кетіпті. Қазір екеуміз тауып алайық,-деді.

Аурухана темір жолдың арғы бетінде еді. Ымырт үйірілген шақ. Аспанмен бой таластырған ұзын ағаштардың көлеңкелерінен түн кірпігін түсіргені анық байқалады. Теректер жел ырғағымен діріл қағып тұр. Екіұшты күй кешіп әкемді  іздедім, бейне осы қараңғылық оны өзіне сіңіріп кеткендей. Сұлбасын көргенде қуана мойнына асылдым. Құшағына қысып, көтеріп алды. Әкемнің өзіме таныс  иісі мұрнымды қытықтап, жып-жылы сезім өн бойымды шарпып кетті.

Әкем әңгіме арасында  Орал қаласына  кететінін айтты. Облыс орталығындағы ауруханада емін жалғау қажет болған екен. Онда өз аяғымен жүріп барғанымен,  үйге адам танымастай солғын қалыпта оралды. Сол кезде қара шаңыраққа атбасын бұрушылар көбейді. Бәрі  көңілін сұрап жатыр. Мен мектепке кеткен сайын оның ажары қаша бастаған жүзіне үңіле қарайтынмын. Сабақтан оралған бойда әкем жатқан бөлмеге жүгіремін.

Әлі есімде. Қаңтар айының он тоғызы  болатын. Әкем сол күні қатты мазасызданды. Соңымнан ерген үш ініммен мені қасына алып жатты. Мәңгіліктің құндағына оранатынын сезіп, балапандарын бір иіскеп жатайын деді ме екен. Кім білсін?! Түнімен ұйықтай алмай, біраз дөңбекшіді.  Ертеңгісін анам:

–Айнұр, балабақшадан Мекон мен Нұрөкті алып келші,-деп мені жұмсап жіберді. Балабақша дәл үйдің жанында болатын. Арада он-ақ минуттай уақыт оздырып, екі інімді жетелеп келсем, ауланың қақпасын шалқасынан ашып тастаған, үй толы адам. Қыз бала сезімтал болып келеді емес пе, кіре сала әкем жатқан бөлмеге енуге талпындым. Жолдан марқұм нағашы атам ұстай алды. Кішкентай бөлмеде пеш түбінде әжем мен анам дауыс салып жылап жатқанын сол кезде  ғана байқадым. Бір жамандықты сезіп, мені кейін алып кеткісі келгендерді итеріп  бөлмеге кірсем, диван үстінде әкем жатыр. Бейне ұйықтап кеткендей. Тек беті ақ матамен бүркеулі. Мұндайды мен бұрын кинодан ғана көретінмін. Бірақ, енді әкемнің бұл дүниеде жоқ екенін бала түйсігіммен сезініп, шырылдап жылап жібердім. Әкемді соңғы сапарға шығарып салуға халық көп жиналды. Әлі есімде,  беті-қолымды аяз қарып барады. Әке жылуынан айырылғанымды сезгендей жұбана алмай ұзақ жыладым. Ерке, шолжаң едім. Асқар тауымызды қара жер қойнына тапсырғалы біреулер бетіме бір сөз айтса, «әкем болмаған соң, осылай жасайды ғой» деп қапаланатынмын. Біреулерді әкелері жетелеп бара жатса, қызыға қараушы едім. Көп уақыт сағыныш, елеспен тірлік кештім. Сенің ізің қалған аудандық газет редакциясына келіп, қызмет етіп те көрдім. Қанымда бар емес пе, ағаларымның арқасында жазуға да жақсы машықтанып алдым. Бірақ, қалыпқа сыймайтын ерке қызың ол жерде көп тұрақтамады. Соқпағы көп тірліктің сан тарау жолдарын  кешіп жүріп, өзімді жаңа ғана тапқандаймын, Әке!  Сол сәтте алынбас асу сынды көрінгендер де алақаныма қонған бақ болып, жанымды жылытты. Алланың әмірі шығар. Әр ісім оңғарылып, қуанып тұрып та сені есіме алдым. Рухыңмен тілдестім.

Иә… Есейе келе анама жазған жырларыңды құныға оқыдым. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүріп, 33 жасыңда ауыр дерттен қайтпас сапарға аттандың. Аудандық «Орда жұлдызы» газеті редакциясына қадам басқан сайын сенімен бірге қызмет еткен аяулы ағаларымды көріп, сені көргендей бір күй кешем. Біздерді тастап мәңгілікке сапар шегіп кеткеніңе отыз жыл болыпты, әке! Өзіңсіз өткен отыз жыл… Бір адамның ғұмыры. Ал, біз осы жылдар бойы сені іздеумен өстік. Сенің суреттеріңе үңіліп, сарғайған дәптерлердегі өлең шумақтарын қайта-қайта оқушы едік. Кейбірі еріксіз жатталып қалды санада. Бейтаныс біреулер маған «Мақсоттың қызы ғой» десе, мерейім өседі. Себебі олар сіз жайлы  сондай жып-жылы сезіммен айтатын. Әлде мен солай қабылдадым ба екен?! Ақылыңа мұқтажбын әлі күн. Бала кезімде өзің келіп қалардай елеңдеумен күн өтті. Бірақ, сен қара шаңыраққа қайта оралмадың. Уақыт қана жал-құйрығы таралған сәйгүліктей қамшы салдырар емес.

Бүгінде ұлдарың ер жетті. Отбасын құрып, жақсы азамат атанды. Өзің жоқта өмірге келген немерелерің «Мақсотов» болып жүр. Анамыздың жақсылығы шығар, ағайыннан да қол үзбедік. Сен өмірден өткелі «Ақ көкем, Әйнөшкам»-деп еркелетіп, жетімдігімді жасырып келген ақ көкем (інің Жексен) де бақилық болды. «Қыз жолы – жіңішке» деп бекер айтылмаған ғой. Сәл шалыс қадам жасасам, кезектесіп түсіме енесіңдер. Кейде ренжіп жүресің, кейде маңдайымнан сүйіп, шашымнан сипайсың.  Осы жылдар бойы бірде-бір есімнен шыққан емессің. Өзің жайлы әңгіме қозғалса, жанарыма еріксіз мөлдір шық үйіріледі. Ішкі сағыныш лықсып сыртқа шыққанда ағыл-тегіл жылап аламын. Жаратқанның жазуы солай шығар дегеніммен, өзімді жұбата алмай қалатын сәттерім де аз емес. Мен үшін сіз мәңгі сағынышқа айналдыңыз, жан Әке!

Айнұр МОЛДАҒАЛИЕВА.

Сайқын ауылы.