31.01.2017, 15:17
Қараулар: 316
Қанатыңды кең серпі!

Қанатыңды кең серпі!

Алматы қаласындағы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында аудан орталығында эстафеталық жүгіріс пен шайбылы хоккейден әуесқойлар арасында жарыс оздырылды.

Оның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева дүбірлі додада әркез спортшыларымыздың асығы алшысынан түсуіне тілектестігін жеткізсе, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди де осы ыстық лебіз легін жалғады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов жарыс ережесімен таныстырып, көңілді ән әуезіне елтіген қатысушылар эстафеталық жүгірістен соң хоккей алаңына қарай бет алды.

Г.БАДЕЛОВА.

* * *

 

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында аталмыш универсиадаға қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында «Көңілді старт» спорттық ойыны өтті.

Екі топқа бөлінген сайысшылар 4 турдан (кенгуру, кім мерген, кім жылдам, кім епті) тұратын әртүрлі кедергілер мен спорттық сында өз өнерлері мен тапқырлықтарын көрсетіп, студенттер арасындағы әлемдік бәсекеде қазақстандық спортшыларды қолдайтындықтарын жеткізді.

Жастар ұйымдарының жұмысының бір бағыты мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау болғандықтан мұндай шаралар алда да өз жалғасын таба бермек.

М.ИРАНОВ,

жастармен жұмыс жөніндегі

ресурстық орталықтың кеңесшісі.