20.01.2017, 18:34
Қараулар: 288
Жұмысты ширату тапсырылды

Жұмысты ширату тапсырылды

Меншік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөніндегі аудандық комиссия мүшелері құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып, күзде округтерді аралап, аталмыш бағытта істеліп жатқан жұмыстармен танысып, оны жандандыру бағытында бірқатар тапсырмалар берген-ді. Аудандық прокуратура округ әкімдеріне арнайы хаттама да жолдапты.

 

Аталмыш комиссияның 12 қаңтар күні оздырылған кезекті отырысына ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары, бірқатар мекеме, бөлім басшылары шақырылып, меншікті қорғау, ұрлықты болдырмау бағытында ауылдарда не тындырылғаны тыңдалды.

Жиынды жүргізген комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен аудан прокуроры Нартай Байменов есеп берген ауыл әкімдері мен оларды толықтырған учаскелік полиция инспекторларына қосымша сұрақтар қойып, шаруаны нақтылай түсті.

Әрине, ауыл тіршілігі бір-бірімен сарындас болғанымен, өз ерекшеліктері де жоқ емес. Малы бағылмайтын, дүкені қаралмайтын, атасы «әй», әжесі «қой» демейтін жерлерде ұрлық та, бұзақылық та орын алатыны белгілі. Басқосуда осы жайлар көп айтылып, сауда нүктелеріне бейнекамералар қою, ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру, сырғалау, малын қараусыз жіберетіндерді тәртіпке шақыру, ұрлықпен күреске бұқараны жұмылдыру да сөз болды.

Комиссия төрағасы ұрлық болсын, басқа қылмыс болсын уақтылы хабарланып, шұғыл шара алу қажеттігіне баса назар аударып, отырыс енді ай сайын өтетінін жеткізді.

 

Сыбайластық – қауіпті індет

Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның жақында оздырылған отырысында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалуы және аудандағы қылмыспен күрес нәтижелері» туралы аудан прокуроры Нартай Байменовтің, аталмыш комиссияның 2016 жылғы жұмысының қорытындылары мен 2017 жылға арналған жұмыс жоспарлары хақында  комиссия хатшысы, аудан әкімі аппаратының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Нұрфат Бисекеновтің хабарламалары тыңдалып, талқыланды.

Сыбайластықты қауіпті індетке балаған Нартай Елібайұлы оны ауыздықтау бағытындағы елімізде істеліп жатқан шаралармен таныстырып, ауданымызда да ол жұмыстардың өз деңгейінде атқарылуда екеніне тоқталды. 2015 жылы салғырттық пен заңды жіті білмеушілік салдарынан сыбайластыққа жол ашатын бес факті тіркелсе, былтыр ол екіге түскенін атап көрсетті.

Комиссия төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов келеңсіз жайларды болдырмау, оған себеп болатын жағдайларды жою мемлекеттік қызметкерлердің міндеті болып табылатынын шегелеп айтып, ағымдағы жылға белгіленген жоспарларға толықтырулар енгізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және басқа комиссия мүшелері де күн тәртібіне байланысты өз пікірлерін білдірді.

Отырыста хаттамалық шешім қабылданды.

Д.ӘЛИЕВ.