29.11.2016, 17:50
Қараулар: 330
Менің пірім…

Менің пірім…

М-C.Бабажанов атындағы орта мектептің акт залында аудандық тәрбие орталығының ұйымдастыруымен аудандық IV Мұқағали және V Қадыр оқулары оздырылды.

Жыр додасының шымылдығы «Менің пірім – Мұқағали» атты өнерге ғашық өрендердің төгілте оқыған өлеңдерімен түріліп, одан әрі жас таланттардың «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» айдарына ұласты. «Жыр эстфетасында» шәкірттер поэмаларды жатқа айтудан сайысқа түсіп, кейіннен берілген өлең тармақтарының ұйқасын жалғастырды. «Өлеңмен өрілген ой» бөлімінде оқушылар ақын жырларындағы шумақтардың мағынасын ашса, «Мұқағали мұрасын кім көп біледі» турында оның өмірі мен еңбек жолынан әркімге он сауалдан тасталды. Айта кету керек, 7 білім ұясынан келген сегіз (Жәңгір хан атындағы орта мектептен үш оқушы, оның біреуі аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының тәрбиеленушісі) өнерпаз мұндағы барлық бөлім бойынша бақ сынаса, Қадыр оқуларының шарты сәл өзгеше болды. Ондағы 3 кезеңге бір мектептен үш оқушы қатысуы қажет-ті. Дегенмен бұл талапты барлық мектеп бірдей орындай алған жоқ. Қадыр оқуларында «Сөздің бәрі құдіретті» атты қаламгер шығармаларын жатқа оқу конкурсына мектептер түгелдей дерлік қатысқанымен, екінші «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаушылар мен «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» атты жас дарындар сайысында балалардың қатары тым сиреп қалғандығы анық байқалды.

Сонымен қатар осы күні аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен «Ақбозат» шахмат пен дойбы жарысы да оздырылып, оған М.Мәметова, М-С.Бабажанов, Жәңгірхан, А.Құсайынов, Т.Масин, М.Бегалиева, Қ.Сағырбаев, Ш.Жексенбаев мектептері мен тәрбие орталығы оқушылары қатысты. Өкінішке орай осынау дүбірлі додадан Б.Жәнекешев атындағы білім ұясы сырт қалды. Сайыс балалардың ерекше ынта-жігер, қызығушылық танытуымен жоғары деңгейден көрінді.

Барлық жеңімпаздар айтулы шаралардың жабылу салтанатында Алғыс хат және дипломдармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері Мұқағали оқуларынан жәнекешевтік Инабат Ғабдолла (жетекшісі Р.Кіршібаева), Қадыр оқуларының І, ІІ, ІІІ бөлімдерінен сағырбаевтық Айсезім Амангелді (Б.Құбаева), бегалиевалық Әсет Әбуғали (Ә.Жапаев), жексенбаевтық Елназ Өтегенова (Г.Сейітқазиева), шахматтан  масиндік Асылжан Тілекқабыл (Е.Хибатов), жексенбаевтық Жанерке Темірова (Ө.Әжіғұлов), дойбыдан жәңгірхандық Әли Еслям (Р.Қожағалиев),  бабажановтық Жұлдыз Шалбаевалар (Қ.Бірімжанов) облысқа жолдама алды.

Г.БАДЕЛОВА.