29.11.2016, 17:39
Қараулар: 37
Дарынды ұстаз мерейі

Дарынды ұстаз мерейі

%d0%b3-529«Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады» деген қанатты сөз құдды қадірлі әріптесіміз, аудандық саз мектебінің фортепиано және хор сыныбының мұғалімі Самал Рахымжановаға арналып айтылғандай. Музыканы жан-тәнімен сүйетін ол М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың музыка пәні мұғалімі, хор дирижеры, ән және сольфеджио оқытушысы мамандығын тамамдаған. Бұрын Ақжайық балалар саз мектебінде қызмет еткен әріптесіміз 2013 жылдан бері біздің ортамызда. Осынау  уақыт ішінде еңбекқор ұстаздың  кәсіби біліктілігі арқасында шәкірттер аспаптың жеті жылдық мерзімін толықтай бітіру мүмкіндігіне ие болды. Сол ізденістің нәтижесінде ізінен ерген балақайлар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, аудан мәртебесін биіктетуде.

Самал Ғалымқызы түрлі аспаптарда ойнап қана қоймай, тамаша даусымен ән де салады. Әрі оркестрдің белді мүшесі. Күн сайын қызметінен ләззат алып, айналаға үлкен мейіріммен қарап жүреді. Ондай жанмен қызметтес болудың өзі бір мәртебе. Қашан көрсеңіз де соңынан талапты шәкірттер ілесіп жүретін музыка маманын ата-аналар да зор құрмет тұтады. Балғын өнерпаздарды қанаттандырып   жүрген оның еңбегі өлшеусіз.

Иә, Самал Ғалымқызының ұжымда беделі биік болса, адами қарым-қатынаста кішіпейілділігі де көпке өнеге. Сөзіміздің ақиқатына көз жеткізу үшін нақты мәліметтерге үңіліп көргеніміз жөн шығар. Мәселен, 2013 жылы Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық байқауында оқушысы Аэлита Қауысова ІІІ орынға ие болса, 2014 жылы Атырау қаласында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің 5 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тірегім, тәберегім» атты байқауында талапты шәкірті Айым Хамидолла бас жүлдені жеңіп алып, дарынды ұстаз (С.Ғалымқызы) «Лидер образования» медалімен марапатталғаны рухымызды бір көтеріп тастаған-ды. 2015 жылы «Музыка мектебінің үздік оқытушысы» атты облыстық байқауда ұстаз  «Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымына ие болды. Ағымдағы жылы балалар шығармашылығына арналған облыстық 50-ші жас музыканттар фестивалінде фортепиано аталымы бойынша Балжан Нүркенова ІІІ орын иеленсе, хор ұжымы бас жүлдені қанжығасына байлап, төбемізді көкке жеткізді. Осы жылы Ақтөбе қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жанымның сыры, өнерім саған аманат» атты республикалық балалар байқауының «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша хор ұжымына тағы да бас жүлде бұйырды. Осы жорықта фортепиано бөлімінде Айым Хамидолла  жүлделі ІІІ орын иеленсе, Сезім Хамидолла ІІ орынға лайық деп танылды.

Көңілге қуаныш ұялатар сәт Самал Ғалымқызының өмірінде көптеп саналады. Әр баланың қабілетін ерте танып, жүйрікті топқа қосқандай шыңдап, байқауларға қатыстырудағы көрегендігі бір төбе. Тап сол кәнігі атбегідей  шәкірт талғамын танудағы  байқампаздық оны ешқашан шатыстырған емес. Үнемі үзеңгіге аяқ іліндірген  «асау құлындар» өнер бәйгесінде атойлап, сахнаның ажарын ашып, ең үлкен мапараттарға ие болуы аудан үшін де зор мақтаныш.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, қадірлі  Самал Ғалымқызын ұжым атынан қос жиырма беске толуымен қызу құттықтап,  беделі биік әріптесімізге зор денсаулық, шығармашылық шалқар шабыт тілейміз.

Қуаныш ДҮЙСЕКЕШЕВ,

саз мектебінің директоры.