22.11.2016, 12:06
Қараулар: 17
Ұстаздарға тұрақты бет арналса…

Ұстаздарға тұрақты бет арналса…

%d0%b3-499Әр күні қарбаласқа толы редакция ұжымы үшін айтары бар ауыл тұрғындарының пікірі өте құнды. Ендеше,  құлақ түрелік…

Клара Тұрлыққызы, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі:

– Әрине, тілшілердің мақалалары оқырман жүрегінен орын алып жатса, еңбектің еш болмағаны. Бұл бағытта аудандық басылымның алар орны әрдайым ерек.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынов осылай демеп пе еді? Ендеше, көзі қарақты халық бар жерде газеттің де маңызы арта түсері  ақиқат. Жалпы, үнпарақтың оқылымды болуы – табанды журналистер қауымының еңбегі. Олардың тынымсыз тірліктері инемен құдық қазғандай мехнатты. «Орда жұлдызында» көтерілген  сындар жауапсыз қалмай, кемшіліктер барынша түзетіліп жататыны көңілге қуаныш ұялатады. Газетте көңіл пернесін дөп басатын тартымды дүнилер аз емес. Әрі кей мәселе өткір көтеріліп, батыл жазылады. Еңбек адамының сан қырлы тағдыры, тарихтың қатпар-қатпар өткелдері де үздіксіз жарияланып келеді. Мұның кейінгі толқынға берер тағылымы мол деп ойлаймыз.

Газет – өмір айнасы, біздің күнделікті тіршілігіміздің көрінісі. Жетістігіміз де, кемшілігіміз де осы үнпарақтың бетінде. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» әр саналы жанның өз талғамы. Сондықтан газетті тәрбие құралы десек те артық емес. Алдағы уақытта да «Орда жұлдызы» ұжымы тың шығармашылықпен еңбек етіп, өзін асыға күтетін жанашыр оқырманының көңілінен шыға береді ғой деген ойдамын. Және бір тілегім, мектеп өмірі барынша қамтылып жатыр ғой, десе де, болашақта газет ішінен аудан ұстаздарына арнаулы бет тұрақты шығарылып отырса игі. Оған арнайы ат қоюға да болатын шығар, «Ұстаз ұлағаты», «Біздің мұғалім», т.б. Өйткені, біз еліміздің ертеңін қалайтын ұрпақ тәрбиелейтін саланың мамандарымыз әрі ғылым-білімнің алғаш негізі қаланған тұңғыштар отанының перзенттеріміз ғой. Осыны көптің санасына дендеп сіңіре білу баршамыздың ортақ парызымыз болуы тиіс-ау.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.