22.11.2016, 12:02
Қараулар: 41
КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТА

КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТА

%d1%80-064Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен алқалы жиын кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директорының есебіне арналды. Оған аудан әкімдігі аппаратының жауапты қызметкерлері, мекеме, қоғамдық ұйым басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы жетекшілері және Канададан келген сүт өнімдері ғылымының докторы Гард Ислеу қатысты.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев халықтың шағын кәсіпкерлік субъектілері секторындағы үлесі 60-70 пайызды құрағанда, экономикамыз тұрақталатындығын, әзірге бұл көрсеткіш 20-30 пайыз шамасында екендігін айтты. Сол межеге жету үшін мемлекет тарапынан біркелкі шаралар қолға алынып жатқандығын да сөз етті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрғуатов ауылдық филиал директорларының есебі биыл алғаш рет оздырылып жатқандығын жеткізіп, туындаған сауалдарды да қоя отыруға шақырды.

Күн тәртібіне сай кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлованың екі жылдық есебі тыңдалып, келтірген деректері слайдта көрініс тапты. Мұхит асып келген құрметті мейман Гард Ислеу (суретте аудармашысымен) Қазақстан мен Канада елдерінің келісім-шарты негізінде «АҒА сеньор» бағдарламасы жүзеге асып, бүгінде өзі секілді зейнет жасына жеткен 700 волонтер (ерікті) дамушы елдерге 47 жобаның (елімізде 16-сы жұмыс істеуде) әр қайсысында (ауыл шаруашылықтан бастап туризмге дейін) тегін қызмет көрсететінін баян етті. Әрі ол Бандора, Ямайка сынды 6 елге сапарлағанын, Қазақстанға екінші рет келуі екендігіне тоқтала келе, қазақы қонақжайлылыққа тәнті болғандығын да жасырмады.

Жиында ағылшын тілін үйрету орталығын ашқан сайқындық Ақжүніс Нұрланова кәсіпкерлікке ден қоюына кәсіпкелер палатасы аудандық филиалының көп септігі тигендігін, ондағы қызметкерлердің қолқалауымен түрлі оқулар, байқауларға қатысып, жетістікке жетіп, тәжірибе жинақтағандығын әңгімелесе, бисендік Күләш Биданова осы филиал қызметкерлерінің жәрдемімен несиеге қол жеткізіп, бүгінде ауыл тұрғындарын ыстық қалашпен, түрлі тәттілермен қамтып отырғандығын айтты. Ал, «Нәзік» ательесінің иесі, ордалық Назымгүл Оразгельдиева бұл кәсіпкерлік палата бизнес өкілдері мен мемлекет арасындағы көпір іспеттес деді. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бизнесті өрлетуде жарнаманың да рөлі орасан екендігін тілге тиек етсе, аудан прокуроры Нартай Байменов кәсіпкерлерді қолдау бағытында біраз іс-шаралар атқарылғандығын, туындаған мәселелер бірлесіп шешілетіндігін баяндады.

Жиынды қорытындылаған облыстық мейман Марат Төлегенұлы шалғай өңірлердегі кәсіпкерлерге жағдай туғызу мақсатында палата жанынан «Микрокредит» бөлімшесін ашу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізіп, атқарылған істерге ризалығын білдірді.

Р.БАҚЫТОВА.