22.11.2016, 12:00
Қараулар: 14
Меншік иесі: жауапкершілігіңе салғырт қарама

Меншік иесі: жауапкершілігіңе салғырт қарама

%d0%b0-234-1Аудан әкімінің 10 қазандағы өкімімен жеке меншік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөнінде аудандық комиссия құрылып, оның төрағалығына аудан әкімінің орынбасары Р.М.Зұлқашев, хатшылығына Н.Н.Бисекенов тағайындалған болатын.

Жақында Рүстем Мүлкайұлы мен Нұрфат Нұрболатұлы комиссияның бір топ мүшелерімен, атап айтқанда, аудан прокуроры Н.Е.Байменов, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі А.Қ.Алдабергенов, жергілікті полиция басшысы, полиция подполковнигі Е.Ш.Жоралиев, мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Р.М.Ғұмаров және ветеринария бөлімінің басшысы Н.Ғ.Құсайынов ауылдық округ (Мұратсай, Бисен, Орда, Т.Масин, Ұялы, Саралжын) орталықтарында болып, меншіктік құқ және мүліктің ұрлануына жол бермеу жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіп қайтты. Барған жерде алдымен комиссия төрағасы сөз алып, сапарларының мақсат-мүдделерімен, қасындағы жол серіктерімен таныстырып, жиналғандарды күн тәртібіндегі мәселені талқылауға белсене қатысуға шақырса, Нартай Елібайұлы, Абай Қапанұлы, Ерлан Шалбайұлы жекеменшік құқық деген не, меншік иесінің міндеттері мен жауапкершілігі қандай деген сұрақтар төңірегінде терең ой қозғап, жеке меншік құқығына қолсұғушылық, ұрлық жайын аудан өмірінен нақты мысалдар келтіре баяндап берді. Радик Маратұлы кәсіпкерлікті заңдастыру, олардың құқықтары туралы айта келіп, аяқталуына бір айдай уақыт қалған мүлікті жария ету акциясына тоқталды. Ал, Нұрқайыр Ғайноллаұлы мал ұстаудың тәртібі, тіркету, паспорт алу (бірдейлендіру), бақтыру, ектіру жайын сөз етті.

Ауданымызда биылғы тіркелген қылмыстық істерді сараптар болсақ, дені ұрлық екен. Біреудің мүлкін жымқыру, ұялы телефондарды қағып кету. Мал ұрлығы былтырғыға қарағанда азайғанмен, әлі де тыйылмаған. Өйткені, қанша айтылып, жазылып жүрсе де, шаруа қожалықтарынан басқа жерде бағым талапқа сай ұйымдастырылмауда. Қой-ешкіні тұрғындар кезектесіп өріске шығарғандарымен, ірі қараны бетімен жібереді, уақтылы түгендемейді. Мұратсайлық бір отбасы қалаға қоныс аударып, малын ала жаздай қараусыз қалдырған. Күзде келіп, таба алмағандарын «қолды болды» деп арызданады. Өз бетімен жүрген мал қай жаққа ауып кетті, ит-құсқа жем болды ма, ауырып өлді ме, бір аллаға аян. Ішкі істер бөліміне тіркелген осындай арыз ашылмаған қылмыстар санын көбейтетін көрінеді.

Жеке меншік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөніндегі аудандық комиссияның көшпелі отырысы іспетті оздырылған жиындарда біраз жәйттер ортаға салынды. Мысалы, өзі мал ұстамайтын мұратсайлық Г.Сәрсенғалиева көршілерінің малы үйінің маңын жатаққа айналдырғанына реніш білдірсе, оның ауылдасы С.Хамзина қорасынан ұрланған 3 қойының ізіне бір айдан бері түсе алмай жүрген тәртіп сақшыларын сынға алды. Р.Батырханова бұралқы иттердің көптігін жеткізді. Бисендік шаруа қожалығы жетекшісі Ж.Бисенбаев малын қараусыз қалдырғандарға қандай шара қолданылатынын сұрады. Оған жауап берген аудандық жергілікті полиция басшысы бетімен кетіп, көршілеріне, қоғамдық орындарға залал келтірген мал иелеріне алдымен ескерту жасалып, кейін айыппұл салынатынынан хабардар етті. Округ тұрғындары ауылдардағы мал дәрігерлік пункттердің материалдық-техникалық базаларын нығайту, арнаулы егу орындарын (раскол) жабдықтау, сырғамен уақтылы қамтамасыз жасау қажеттігін көтерді.

Жиналыстың соңында аудандық прокуратураның тапсырысы бойынша жергілікті талапкер жастар түсірген ұрлыққа жол ашар салғырттықтар туралы 4 минуттық бейнетаспа мен «Қазақстан-Атырау» телерадио компаниясы шығарған «Діннен адастырар теріс ағым» бейнеролигі көрсетілді.

Әр округте де қорытынды сөз сөйлеген Рүстем Мүлкайұлы аудан экономикасының негізгі саласы мал шаруашылығы екеніне екпін беріп, оны өрге бастыру бағытында қолға алынып жатқан шараларды атады. Соның бірі – жеке қосалқы шаруашылығын дамытушыларға жеңілдікпен (6 пайыздық өсіммен 7 жылға) несие беру.

Иә, Үкімет еңбектенемін деушілерге жол ашып, қолдау білдіруде. Және бәрін заңдастырып, ережелерін белгілеп қойған. Сол тәртіптерді сақтап, адал жұмыстанса, әр азаматтың табысқа да, бақытқа да кенелері хақ. Еңбекпен тапқан нан әрқашан тәтті.

К.ҒАЙСИН.