22.11.2016, 11:58
Қараулар: 10
«Ауырып ем іздегенше…»

«Ауырып ем іздегенше…»

%d0%b0-223Аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында аудан әкімдігінің жанынан құрылған үйлестіру кеңесінің мүшелері (аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы аудандық бөлімшесінің басшысы  Берік Қойшекенов) бұл жолы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі, демалыс орталығы және орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайын қайыра түсіндіріп өтті.

Алғашқы кезекте сөз алған Лариса Тельманқызы осы бағытта комиссия мүшелерінің түрлі ұжымдарда түсінік жұмыстарын жүргізіп келе жатқандығын, бұл істе аудандық аурухана басшылығы мен мамандарының да белсенділік танытуда екендігін айтып, жиналғандарға тереңірек мағлұмат беру үшін аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Айгерім Амангелдіқызына кезек берді. Жас маман ендігі жерде пациенттің медициналық көмекті кімнен алғысы келетіндігін өзі таңдауға құқылы екендігін жеткізіп, қатысушыларды денсаулық мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды. Аудандық демалыс орталығының әдіскері Гүлнар Хасенованың: «Рецептімен алатын дәріміз неге уақытында берілмейді?» деген сұрағына ол мұндай кемшіліктер техникалық ақаулар салдарынан болатындығын жасырмады.

Берік Жұбанышқалиұлы кезең-кезеңмен жаңарып жатқан зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталса, Тілеген Керейұлы уақыттың құны мен еңбектің қадірін бағалай білуге үндеді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкері Ерболат Сержанов тұрмысы нашар отбасыларға арналған «Өрлеу» бағдарламасының пайдасын көріп отырған ауылдастарымыз жөнінде сандық дерек келтірсе, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Исатай Оз халықты жұмыспен қамту туралы қабылданған жаңа заң бойынша енді бұл мекемеге келген адам жұмыссыз емес, жұмыс іздеуші ретінде тіркелетіндігін мәлімдеді.

Бұл күнгі барлық қозғалған тақырып міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халық денсаулығына тигізер маңызы төңірегінде өрбіді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме қазақ даналығы. Кеш болмас үшін саулығымыздың қамын бүгіннен бастап қолға алған абзал.

Г.БАДЕЛОВА.