5.11.2016, 17:22
Қараулар: 21
Арзан тауар таппайсыз

Арзан тауар таппайсыз

%d1%80-061– Балам, мынау ұлдар бәтеңкесі қанша тұрады?

– 5000-5500 теңгеден, әже, бағасы әрі қарай 8000 теңгеге дейін өсе береді.

– Не дейді өзі? Бұрындары 3000-4000 теңгеге алатын едік қой. Немене шарықтатып жібергенсіңдер?

– Әже,  ол бұрын ғой. Қазір барлығы қымбат. Арзан дүниені таппайсыз. Сенбесеңіз бүкіл базарды аралап шығыңыз.

 

Иә, сатушы сөзінің жаны бар. Нарықтық экономикада заттың нырқы тоқтаусыз өсуде. Мектеп оқушысы қолданатын қарапайым дүниелердің бағасы да шарықтап барады. Алда-жалда балаңызды жетектеп базарлайтын болсаңыз, қалтаңызды қалыңдатып шыққаныңыз абзал. Әйтпесе, «әрі тартса, бері жетпейдінің» кері келеді.

Күн күнмен, ай аймен алмасып, қоныр күз төрімізге енді. Қыстың да есік қағар шағы алыс емес. Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың бас ауруы баланы сабаққа дайындау болған-ды. Енді олардың алдында қаһарлы қыстың ызғарынан сақтайтын киіммен қамту мәселесі тұр. Ата заңымыздың өзінде әрбір ата-ана өз баласын қажеттісімен қамтуға міндетті екені  айқын көрсетілген. Десе де бүгінгі таңда баланы жыл мезгіліне сай киіндіру аз қамтылған отбасылар өз алдына, тіпті орта дәрежедегілерге де оңай тимеуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер мысал келтірейік. Мәселен, жақында ғана дүкендерді аралап жүріп 18 мың тұратын 2-3 жасар балалардың күртешесін көзіміз шалды, артынша әйел адамның қысқы күртешесін 15 мың теңге тұратынын көрдік. «Неліктен балалар киімі ересектерден қымбат?» деген заңды сұрақ туды. Міне, осы сауалды киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге қойғанымызда: «Біз сатып алатын жерде де балалар киімінің бағасы үлкендердікінен аспаса қалыспайды. Сондақтын да оларға осындай баға қоямыз»,- десті. Аудандық кәсіпкерлік бөлім басшысы Ерлан Нүркенов бұл сауалымызға: «Оны осы іспен айналысатын адамдардан сұрағаныңыз абзал. Біз мораторий жариялаған кей тағам түрлерінің бағасына ғана бақылау жүргіземіз»,-деп жауап қатты. Ал, ғаламтор пайдаланушылар арасында бірі «Елімізде арзан зат бар ма? Мұнайдың үстінде отырып бензинге дейін қымбат» деп қынжылыс білдірсе, бірі «Олар өтімді тауар ғой», енді бірі «Өйткені оларды шет елден әкеліп жатады» деп пікірлерін қалдырыпты.

Қанша адам болса, сонша пікір болары хақ. Сондықтан да «әркім көрпесіне қарай көсіледі». Қымбатшылық қыр соңымыздан қалар емес. Амал жоқ, «көппен бірге көрген ұлы той» дейміз де. «Қымбат екен» деп баласын киімсіз қалдырып жатқан жанды және байқамадық. Сонда да «жалақы жетпейді, ақша құнсыз» деп кейістік білдіріп қояды. Айтсын, демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Мүмкін, қымбаттаушылыққа шек қоятын біреу табылып қалар.

Раушан БАҚЫТОВА.