5.11.2016, 15:38
Қараулар: 22
Тұтынушылар риза болды ма?

Тұтынушылар риза болды ма?

%d0%b3-479-1Өткен сенбіде аудан орталығындағы «Береке» жабық базарында жәрмеңке ұйымдастырылып, оған Орда, Бисен, Саралжын, Т.Масин ауылдық округтерінен келген шаруа қожалығы иелері мал өнімдерін, мұратсайлықтар балық, сайқындықтар көкөніс, жеміс-жидек шығарып, тұтынушыларға құнын күнделіктіден сәл төмендетіп ұсынды.

Бисендік «Нияз» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Құсанов, сайқындық Баян Айғалиева және ордалықтар жылқы етін – 1000, қазысын – 2500 теңгеден қойса, бөрлілік Әбілхата Сүндетовтің ұлы Сырымбек Сүндетов қой етін 850-ге беріп, бөтелкедегі қымыздарын 700 теңгеден сатты. Ордалықтар сиыр етін 900-ден десе, саралжындықтар тірілей әкелген баспағына 90 000 сұрады. Сол округ әкімі аппаратының маманы Асқар Мәмбетов саудаласа келе одан да түсетінін айтты. Сонымен қатар олар сары майды 2500, сүт, айранды 250, құрттың 100 грамын 300 теңгеден өткізді. Жәрмеңке ашылысымен келген бисендік Күлмай Сатпақованың қаймағы мен сары майын (1000, 2000 тг.) сайқындықтар әп-сәтте қағып кетті, бөтелкесі 200 теңгеден болған айраны да ұзақ тұрмады. Мұратсайлық Мейрамгүл Жанаева балықтың үш түрін (мөңке – 300, шортан – 400, сазан – 600) ұсынса, сайқындық Тойған Батырғалиева Атыраудан әкелінген сазандарымен базарлай шыққан халықты қарық қылды. Бұл күні жеке кәсіпкер Шайда Шейдаев өзінің Ресейдің Быков қаласынан әкелген асқабақ, қауындарының келісін 80, қарбызды 60-тан, баялды, қызанақ, бұрышты 150, картоп, орамжапырақты  90, пиязды 70-90, алма 100-150 теңгеден, ал, ащы бұрыштардың данасын 20 теңгеден белгілепті.

Сыртқы базар алаңында саралжындық Нұрлыбек Мақсотовтың жас қозының етінен дайындаған кәуабының бағасы 500-ден болды. Әрі бұл күні жеке кәсіпкер Сәния Нүркенованың жұмысшылары тұрғындардан жүн түтуге (келісі 250 теңге) тапсырыс та қабылдады.

Г.БАДЕЛОВА.