5.11.2016, 15:31
Қараулар: 19
Н.Қаржауұлының қабірі табылды

Н.Қаржауұлының қабірі табылды

%d0%b0-2052008 жылдың жазында Ақжайық ауданының Қурайлысай ауылдық округіне барған бір сапарымызда Науша батырдың өміріне, ерлік ісіне қатысты тың деректерге тап болдық. Ауыл тұрғыны, 1980-1985 жылдары ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған көзіқарақты азамат Наурызбай Әбілқайыров Науша батырдың кердері Сыйлыбай батырмен қақтығысы туралы қызықты хикаяны жеткізді. Бір қызығы, дәл осы әңгіме бізге Тәкеев Сейтім деген ақсақалдың 1968-1969 жылдары қағазға түсірген көне дәптерінен де таныс болатын. Ел жадында жүрген аңыздың ұмытылмайтынына, жоқтаушысы табылса, жаңғыра беретініне тағы бір көзіміз жетті.

Сонымен, Наурызбай ағамыз «мына жерде Тайланда Науша батырдың мейіті бар» дегенді айтты. Әрине, арнайы келгесін ат басын бұрдық. Жолбасшымыз «осы Науша батырдың құлпытасы болуы керек» деп қалың шөп арасында, жерде жатқан көне құлпытасты көрсетті (суретте). Тас үстінде шашылып жатқан тиындар жергілікті жұрттың бұл қабірді киелі санап, құрметтейтінін көрсетіп тұр. Құлпытастағы қадим әліпбиімен жазылған жазуларды суретке түсіріп, ежіктеп оқуға тырыстық.

Құлпытас үлкен төбешіктің құбыла бетінде, жерде құлап жатыр. Жоғарғы бөлігі де сынып бөлінген. Мәтіні: «Байбақты руы Әлтеке тайпасы Назарымбет бөлімі Қаржау баласы Науша опат болды 81 жасында 1849 жылы және опат болды баласы Жүсіп 57 жасында 1881 жылда және опат болды баласы Жанарыслан 34 жасында 1849 жылда. Бұл тасты қойды баласы Ил…» деп жазылған екен құлпытаста. Айта кетерлігі, құлпытас Науша батырдың өзіне ғана емес, екі баласына да бірге қойылған. Соған қарағанда, батыр қайтыс болғаннан біраз кейін орнатылған белгі болса керек.

Осы қорымда Науша батырдың өз қолымен қойған тағы бір құлпытас бар екен. Онда: «Науша баласы Шора опат болды 17 жасында 1843 жылда, бұл тасты қойдырған атасы Науша» деген жазу бар.

Сонымен, құлпытастағы дерекке қарағанда, Науша батыр 1768 жылы туған болып шығады. Қазақтың мұсылман есебімен әрбір 30 жылға бір жас қосатынын ескерсек, Науша батыр 1770-71 жылдары дүниеге келген болуы да мүмкін. Энциклопедиядағы бір ақтаңдақ анықталды. Өлке тарихына өте қажет осы деректі анықтауға сәл болса да себіміз тисе, қуаныштымыз. Әсіресе, Науша батырдың жатқан жерін дәл көрсетіп берген Наурызбай Әбілқайыров ағамызға мың алғыс!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Орал қаласы.