5.11.2016, 15:25
Қараулар: 30
Науша батыр

Науша батыр

%d0%b0-190Бөкейлік Науша батыр туралы ел аузында біраз деректер сақталған. Науша Қаржауұлы қарапайым, бір көрмеге елеусіз, артық сөйлемейтін, орта бойлы кісі болған көрінеді. Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысып, Хан ордасын қоршауға алғандардың ішінде ол да болыпты. Хан Жәңгір Исатай мен Махамбетке тілектес және оның тобында болған адамдарды қуғынға ұшыратқанда Наушаның да ізінен түскен. Содан ол ығысып, өзіне ілескен ағайындарымен Жайықтың арғы бетіне көшіп шығады. Жол-жөнекей қазіргі Жаңақазан ауылының шығыс бетіндегі елді мекенге аялдап, енді ілгері жүрмекке жиналып жатқанда артынан ханның жіберген Бегәлі, Сәтібек бастаған жасағы қуып жетіп, көшті кері қайырмақ ниетте ұрыс салады. Сонда Науша Сәтібекті найзаға шаншып жазым қылады да, көшін бастап Ілбішінге жетіп, Жайық өзеніне келіп тіреледі. Барлау жасаса, көпірді он шақты казак әскерінің күзетіп тұрғанын анықтайды. Өткелден тегіндікпен жібермейтінін білген Науша сол жерде ұрыс салып, жарып өтіп, көші Қаратөбе жеріндегі бауырларына барып қосылады. Сөйтіп, сол жерде тұрақты қоныс теуіп қалады. Науша алпыстан асқан шағында правительге көмекші болған тумасы Әубәкір Ақбайұлы: «Елден кеткеніңізге көп болды. Сағынған шығарсыз, туған жеріңізді келіп, көріп кетіңіз»,-деп қонаққа шақырып, әдейі кісі жіберіп алдыртады.

Осы жиында Әубәкір Наушаға қарап: «Кейінгі ұрпақтың есінде қалуы үшін өміріңізде жасаған ерлігіңізден бірер ауыз сөз айтпас па екенсіз»,-деп өтініш жасайды. Сонда Науша: «Елдегі және арғы жаққа көшіп бара жатқанда жолай жандәрмендік жасағаным өздеріңе белгілі. Ал, барған елдегі кез болған бір-екі оқиғаны айтайын»,-деп мына жайларды баяндапты:

–Бір күні көршілес ауылдан бір хабаршы бала келіп: «Науша әке, малымыз да, жанымыз да көлден су ішетін едік. Сол көлде аждаһа пайда болып, су ішуге барған малымызды жұтып жатыр. Содан қорқып, көлге малымызды да жібермей, барып ауыз суды да ала алмай, шөлден қырылуға қалдық, бізге келіп бір жәрдем ете көріңіз деп мені ауылымыздың кәрілері сізді шақырта жіберді»,-деді. Балаға ілесіп, аждаһа жатыр деген көлге барып, бір төбенің басына шығып қарасам, көл жағасында күмістей жарқыраған аппақ бір дәу жатыр. «Неде болса» деп атымды балаға қалдырып, жаяулап, қылышымды оңтайлана ұстап, әлгі аждаһаға жақындай түстім. Оның көзі менде, қозғалар түрі көрінбейді. Не керек, жетіп бардым да, басын шауып жібердім. Басы екіге айырылып, жанталасқан аждаһа құйрығын қатты серпігенде, соның екпінімен құлап түсіп, талып қалғанымды соңынан білдім. Ал, екіншісі мен барған елдің жүздеген жылқысын кердерінің Сыйлыбай деген атақты ұрысы жыл сайын барымталап айдап кетеді екен. Сол Сыйлыбай күндердің бір күнінде көршілес отырған көп халықты шақырып ұлан-асыр той жасады. Тойға ауыл адамдары мені де ілестіріп барып, Сыйлыбай отырған үйге кіргізді. Үйдің төрінде отырған онымен көрісейін деп қасына барғанымда, қолының ұшын берген болды да: «Әлгі арғы жақтан келген Науша батыр дегенің осы ма еді. Туу, қазағым жоғын мақтайды екен-ау, мынауың тоқты қошқардай бірдеңе ғой»,-деп мысқылдады. Үн жоқ. Тойды тастап кетіп қалдым. Ауылыма келген соң: «Сыйлыбай тағы да жылқыларыңды барымталай келсе, маған хабарлаңдар»,-деп, алдағы шайқасты күттім. Айтқандай, сол жылы күзде «Сыйлыбай 250 жылқымызды айдап кетті» деген хабар келді. Жалма-жан қару-жарағымды асынып, ақ бедеуіме міне сала, артынан шаптым. Маған ілесе ауылдың 50 шақты жігіті де шықты. Олардан бұрын Сыйлыбайды қуып жеткенімде, жолдастарына жылқыларды ілгері айдатып жіберіп, мені көлденеңдеп:

– Әй, мен Сыйлыбаймын, жаныңнан үмітің болса, кім болсаң да кері қайт,-деп айқай салды.

– Сен Сыйлыбай болсаң, мен Наушамын,- деп сол арада айқаса кеттім. Күшіне сенген ол мені ат сауырынан аудармақ болып үш құлаш сапты найзасын ерімнің алдыңғы қасына түйреп ілгері ырғай бергенде, шолақ сапты айбалтамен найзасының ұңғысы түбінен қойып қалғанымда үзіліп түсіп, ол өз екпінімен атының жалын құшып қалды. Сол мезетте мен де найзамен өзінің істеген әдісімен оны ат құйрығынан жерге түсірдім де астындағы арғымағын жетегіме алып, ілгері кеткен жылқыларды қайтарып келсем, артымнан жеткен жігіттерім Сыйлыбайдың бір көзін ойып алыпты. Сыйлыбай үсті-басы қан-қан болып, айтқаны:

–Шешемнің айтқанын тыңдамап едім, батыр дегені рас екен, асылық жасаған екенмін, енді «бір басқа – бір көз» дегендей жанымды сау қалдырсаң болғаны,-деді. Жігіттеріме қарап:

–Ер азаматты мұнша қорламау керек еді ғой,-деп жүре бердім. Кейін естідім, тойды тастап кетіп бара жатқан менің артымнан қарап тұрған Сыйлыбайдың анасы баласына: «Анау қонақты ренжітіп жібергенің бекер болды. Төбесінде төрт бүркіт ойнап барады, жай кісі емес. Кері шақырып, кешірім сұрап, қонақ етіп жібер,- деген көрінеді.

Наушаның арқалы батыр екендігі жөнінде ел аузында тағы бір әңгіме айтылады. Бірінде Науша жолдастарымен Орынбор базарына барады. Оны танып қалған біреу гарнизон бастығына хабарлайды. Қасына нөкерлерін еріткен гарнизон бастығы оны көрейінші (әлде ұстағысы келді ме, кім білген) деп, Наушаның түскен пәтеріне келіп, қатты дауыспен:

– Іштеріңде Науша Қаржауов деген қайсың?- деп сұрайды.

– Менмін,- дейді Науша.

– Қой, сен емессің,- деп сенбейді гарнизон бастығы (сөйтсе, оның қолында ана жылы Жайық өзені көпірінен өткенде біреудің Наушаны сырттай түсіріп алған фотосуреті бар екен. Онда Науша әлдеқайда үлкен, дәу адамдай көрініпті).

– Шанбасаңыз өзіңіз біліңіз,- деген Науша жолдастарымен бірге гарнизон бастығының алдынан шауып өтіп, көше бойымен тоқтамастан еліне асады. Сонда гарнизон бастығының көзіне Науша деген кісі фотосуреттегідей болып көрініп, ол қолындағы суретке қарап, аң-таң болып, есі кетіп, қала беріпті.

А.ЖҮНІСОВ.