5.11.2016, 15:20
Қараулар: 25
Әкімшілік құқық бұзушылық

Әкімшілік құқық бұзушылық

Алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы: «…заң шығару үдерісінің аясын кеңейте түсу қажет. Жобаларды дайындау сатысында оған қоғамдық сарапшыларды, парламенттік емес партиялардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерін тарту қажет. ЭЫДҰ елдерінің халықты алдын ала құлақтандыру және қажетті құқықтық жаңа бастамаларды қоғамдық талқылау жөніндегі тәжірибесін белсенді пайдаланған жөн. Заң шығару үдерісіне қатысатын мемлекеттік органдардың барлық басшылары, сондай-ақ, партиялық фракциялар қоғамды жоспарланып отырған заңнамалық бастамалар  туралы  тұрақты түрде ақпараттандырып отыруы керек…»,- деп атап көрсеткен-ді.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының негізгі ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, заң жобасы бойынша ұсыныстарды қабылдау, қоғам және халықпен кері байланысты қамтамасыз ету, сонымен қатар пысықталған толықтыруларды талқылау процесіне адамдарды кеңінен қатыстыру мақсатында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен әлеуметтік желілердің интернет-ресурстарында ресми аккаунттар құрылды. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасының Заңнама институты аталған интернет-аккаунттардың әкімшілігі ретінде қоғамнан келіп түсетін ұсыныстарды жинақтау, сараптау, жариялау жұмыстарын жүргізуде. Әділет министрлігі жүргізіп жатқан жұмыс Елбасының талаптарына жауап беріп қана қоймай, заң актілері жобаларын көпшілік талқылауына қатысты «Құқықтық актілер туралы» Заңының ережелеріне сәйкес келеді. Бұл азаматтарға, БАҚ және кез-келген мүдделі тұлғаларға НҚА (нормативтік құқықтық акт) жобасының нақты нормалары мен ережелерін талқылауға қатысуға мүмкіндік береді. Ұсыныс-пікірлерді көрсетілген электрондық мекенжайларға жолдауға болады: Facebook.com/Administrative_Code_2016, Instagram.com/Administrative_Code_2016, Twitter.com/Administrative_Code_2016, Adm_code_2016@mail.ru. Барлық мүдделі тұлғаларды заң жобасының ережелерін талқылауға белсенді қатысуға шақырамыз.

 

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (әрі қарай – ӘҚБтК) құқық қорғау қызметінде маңызды орын алады. Біріншіден, ол қылмыстық құқық бұзушылыққа қарағанда қоғамға қауіптілік деңгейі әлдеқайда төмен құқық бұзушылықтарға мемлекеттің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекетін тоқтатуға, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша өндірісті іске асыру барысында мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне дауласу арқылы жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғауға көмектеседі. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында құрылған жұмыс тобымен бірге Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың тиімділігін арттыру бағытында біраз істер атқарды. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ӘҚБтК қазіргі талаптарға сәйкес келеді. Енді әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіру және құқық қолдану тәжірибесінде туындаған жеке мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы дайындалуда. Алда әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіру, әкімшілік-процессуалдық нормаларды жүйелеу, жекелеген әкімшілік-құқықтық және процессуалдық институттарды жетілдіру міндеттері тұр. Онда мына мәселелер ескерілуі тиіс:

 

  1. қысқартылған іс жүргізуді қолдану саласын кеңейту (автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдар мен аспаптармен тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша; қысқартылған өндіріске түскен субъектілер тізбесін кеңейту бойынша, баптың санкциясында айыппұлмен қатар ескерту жаза шарасы қарастырылған болса);

 

  1. судьяға, органға (лауазымды тұлғаға) жеңілдедетін мән-жайларды анықтау барысында мүмкіндік беретін нормаларды қолдану, оның ішінде заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік айыппұлдың сомасын жалпы сомадан 30 % дейін қысқарту;

 

  1. әкімшілік айыппұлдар мөлшерін төмендету, сонымен қатар жаңа айыппұлдар белгілеуге немесе қолданыстағы айыппұлдарды күшейтуге уақытша мораторий енгізу туралы мәселені пысықтау;

 

  1. жеке әкімшілік құрамының санкциясында жаза түрлерін оларды ізгілендіру пайдасына қайта қарау;

 

  1. тоқтата тұруға негіз болған құқық бұзушылықтарды жою кезінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын мерзімінен бұрын қайта бастау тәртібін регламенттеу;

 

  1. Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің аналогы бойынша әкімшілік-деликтілік заңнаманың аясында кезекші судьяларды енгізу туралы мәселені қарастыру;

 

  1. Азаматтық іс-жүргізу кодексі және Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің аналогы бойынша кассациялық тәртіпте әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдеріне шағым жасау құқығын бере отырып, актілерді қайта қарауға бастамашылық ететін адамдар тобын кеңейту;

 

  1. Сотқа шағым жасауға балама құқықты жоя отырып, бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды инстанциялар бойынша қайта қарау тетігін реттей отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға жоғары тұрған уәкілетті органға шағым жасаудың міндетті тәртібін енгізу;

 

  1. автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдармен, аспаптармен тіркелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өндірістері рәсімдерін жетілдіру;

 

10.ӘҚБтК тиісті түзетулерді енгізу жолымен заңнамалық реттеуді қажет ететін құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою.

 

Жандос ҚАНАТҰЛЫ,

аға сот приставы.