5.11.2016, 14:06
Қараулар: 34
Тәртіпті сақтау – баршаның парызы

Тәртіпті сақтау – баршаның парызы

%d1%80-062Аудан әкімдігі ғимаратының кіші мәжіліс залында оздырылған ведомствоаралық кеңестің отырысын аудан әкімі Н.Рахымжановтың өзі жүргізді. Оған  аудан әкімінің орынбасарлары Р.Зұлқашев, Л.Қайырғалиева, аудан прокуроры Н.Байменов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, ауылдық округтердің әкімдері, жергілікті полиция қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық прокуратураның аға прокуроры Р.Шәкіржановтың, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Е.Жоралиевтің, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары О.Жапашевтің баяндамалары мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Иманбаевтың хабарламасы тыңдалды. Оларда жалпы құқық бұзушылық, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық, мал, ұялы телефон, бөтеннің мүлкін ұрлау, кәмелет жасына толмағандар тарапынан орын алған құқық бұзушылық, басқа да келеңсіз жайттар деректер негізінде мәлім етілді. Ағымдағы жылы былтырғыға қарағанда жалпы қылмыс саны 29,7 пайызға төмендеген, яғни, 2015 жылы 221 қылмыс, 2016 жылдың 10 айында 211 қылмыс тіркелген.  Құқық бұзушылықтың басым көпшілігі ұрлық. Былтыр ол 117-ні, биыл 83-ті құраған. Мал ұрлығы өткен жылмен (52) салыстырғанда 50 пайызға азайғанымен тыйылмауда.

Ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіру талаптары үнемі орындала бермейтіні, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартудың кемдігі сынға алынды. Сондай-ақ, ең көп әкімшілік құқық бұзушылық Сайқын ауылдық округіне тиесілі көрінеді. Кейбір тұлғалар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке  тартылса да, жергілікті полиция қызметі мен атқарушы орган оларды дұрыс жолға салудың тиімді шараларын таба алмауда. Бұрыннан да айтылып жүргендей ауданда бірде бір елді мекенде жекелердің малы бағылмайды, шаруа қожалықтарында материалдық жауапкершілікті белгілейтін келісім-шарттар жасалмайды. Тіпті кейбір шаруашылықтарда малдың нақты есебі жоқ. Тұрғындар малын еркін жайылысқа жіберіп, мүлдем қарамайды. Содан келіп мал жоғалады немесе ұрланады. Кейде жоғалған мал жайылып жүрген не басқа малдарға қосылған жерінен табылып жатады. Ұялы телефонның ұрлығы жөнінде де соны айтуға болады екен. Ол көбіне-көп телефон иесінің бейқамдығынан орын алатын көрінеді. Дүкендер мен дәмханаларға бейнебақылау камералары орнатылса, ұрлықтың тыйылуына септігін тигізер еді.

Сөз соңында айтарымыз, қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаның парызы. Ендеше, Елбасының «Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек» деген қағидасын басшылыққа алғанымыз абзал.

А.АҚМУРЗИН.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар