5.11.2016, 13:53
Қараулар: 37
«Жаны жайсаң жан еді»

«Жаны жайсаң жан еді»

4Бұл Нарын ұмытпайды бәрін-бәрін,

Тізесі бүгілмеген нар ұлдарын.

Солардың қатарында Сен де барсың,

Айналып кеткен алыс сағымға бір,-

деп жерлес ақын Ғайсағали Сейтақ жырға қосқандай, саналы ғұмырын ауданымыздың мәдениетіне арнаған білікті басшы, қарымды қаламгер марқұм Уалиолла Ғаббасовтың өмірден өтіп, асыл бейнесі сағымға сіңіп кеткеніне 12 жылдың жүзі болыпты. 25 қазан күні осынау абзал азаматтың туғанына 75 жыл толуына арналған «Жаны жайсаң жан еді» атты еске алу кешіне аудан мен бірқатар мекемелер басшылары, кезінде марқұммен қызметтес болған үзеңгілес жолдастары, құрбы-құрдастары, ет жақын туыстары қатысты. Мәдениет үйінің фойесінде кеш иесінің өмірі мен қызметіне арналған көрме жасақталды. Онда 1941 жылдың 25 қазаны күні бұрынғы Фурманов ауданының Пятимар ауылында (дұрысы Орда ауданының Талап ауылдық кеңесі) дүниеге келіп, еңбек жолын тракторшы болып бастаған У.Ғаббасовтың 1965 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітіргені, 1965-1972 жылдары Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетінің қызметкері, 1972-1979 жылдары Орда аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1979-1984 жылдары аупарткомда идеологиялық бөлімнің нұсқаушысы, 1984-1987 жылдары саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1987-1998 жылдары аудандық «Орда жұлдызы» газетінің редакторы болып ғұмырының соңғы жылдарында аудан әкімі аппаратында, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет істеп, тарихы өте бай өлке жайында мағлұматтар жинақтағаны туралы деректі мәліметтер келтіріліп, фотосуреттер қойылыпты.

Айтулы шараны алғы сөзімен ашқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов У.Ғаббасовпен тікелей таныстығы болмаса да, осынау жарқын жүзді азаматтың еңбекқор, өз ортасында бедел иесі болғаны туралы кезіндегі қызметтестері мен құрбы-құрдастарының сөзінен есітіп-білгенін айта келіп, оздырылып отырған шараның тәлім-тәрбиелік маңызына тоқталды. Одан кейін мінбеге көтерілген еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев 1965-1995 жылдар аралығында Жәнібек, Орда аудандық партия, комсомол комитеттерінің бюро мүшесі, халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты, аудандық, облыстық партия, комсомол конференцияларының делегаты болып әлденеше рет сайланған Уалиолла Ғаббасовтың ел алдындағы еңбегі тиісінше бағаланып, жоғары партия, кеңес органдарының, сала кәсіподақтарының Құрмет громаталарымен марапатталғанын, «Еңбек ардагері» медалінің иегері болғанын сөз етсе, әзіл-қалжыңы жарасқан құрбысы Ескендір Қазиханов: «Табан астында тауып айтатын ұтымды сөз иесі Уалиолла тіл маманы болғасын ба, сөз таластырғанда мені ылғи жеңіп кететін»,-деп оның сөзге жүйріктігін еске алды. Аудандық  орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дәржан Сыдықова қызметтес болған кезінде Уалиолла ағасынан көп нәрсе үйренгенін әңгімелеп берді. У.Ғаббасовтың кішкентай жиендері Сымбат пен Айнат бөлесі Анисаттың «Тәуелсіз Қазақстан» өлеңі мен астаналық нағашы апасы Айшаттың «Ананың санамағы» тақпағын таңдайлары тақылдап оқып берді. Аудандық демалыс орталығы көркемөнерпаздарының әнмен әрлеп, күймен көмкерген өнерлері кештің ажарын аша түсті. Жиынның соңында сөз алған Уалиолламен отбасын құрып, 31 жыл ғұмыр кешкен жары Төреғаным Шәпенова мен немере інісі Каримолла Ғайсин осы кештің өтуіне рухани қолдау білдірген аудан әкімдігіне, оны ұйымдастыруға мұрындық болған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлеріне алғыс айтып, ризашылықтарын жеткізді. Аудан әкімі көпшіліктің қолдауымен Төреғанымға камзол кигізіп, иығына орамал жапты.

У.Ғаббасовтың қара шаңырағының қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның жамылғысын Нұрлан Сағынтайұлы мен Каримолла Ғайсаұлы сыпырды. Мұндағы рәсімде Жәнібек ауданынан келген Төреғанымның нағашы жеңгесі Меңсұлу Жұмақұлова көңілі толқып, күйеу баласына арнауын оқыды. Рәсімге қатысушылар кеш иесінің құрметіне берілген аста бас қосты. Мұнда да асыл текті абзал азаматтың адами жақсы қасиеттері сөз етіліп, естеліктер тиегі ағытылды.

Естеліктер, естеліктер… Қанша уақыт өтсе де ескірмейтін естеліктер. Осы тұрғыда кезінде Уәкеңмен қызметтес, таныс-біліс болған кейбір кісілердің әңгімелерінен үзінді келтіре кетудің реті келіп тұрғандай. Бүгінде Орал қаласында тұратын «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, зейнеткер Күлән Ілиясова: «Есімін елі ерекше қадірлейтін, атын ардақтап айтып жүретін азаматтар болады. Соның бірі –менің мәдениет саласындағы бірінші басшым Уалиолла Ғаббасұлы Ғаббасов еді. 1972-1979 жылдары ол аудандық мәдениет бөлімін басқарған уақытта үлкен ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда мәдениет саласының жүйесі өсіп, жас мамандармен толықтырылды, клуб, кітапхана, автоклубтардың материалдық-техникалық базасы жақсарып, көркемөнерпаздар ұжымы көбейе түсті. Оның басшылығымен құрылған құрамында 80 адамы бар оркестр 1974 жылы «Халық оркестрі»  атағына ие болды. Кезінде «кіші Құрманғазы оркестрі» атанған осынау өнер ұжымы аудандық қана емес, одан үлкен сахналарда өнер көрсетіп, өлкенің даңқын асқақтата білді. Мені өмірге, еңбекке баулыған Уәли ағаға өте разымын және оның рухына әркез басымды иемін» десе, ұзақ жылдар аупарткомның екінші хатшысы болған Сәния Құрмашқызы Хамзина (ол да Орал қаласында тұрады): «Талай адаммен әріптес болып, өмір жолымда небір пенделерді кезіктірдім. Соның ішінде, қанша көрсең де өз мейірімін білдіріп жүрер Уәкең көпшіл, бауырмал еді. Біз бір-бірімізге көлеңкемізді түсірмей, керісінше шуағымызды шашып, жылуымызды төгіп, жәрдемдесуге тырысып бағатынбыз. Уәли аудандық партия комитетінің аппаратында, аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газеттің редакциясында басшы, жауапты жұмыстарды абыроймен атқарды. Уәли қай салада, қай қызметте істесе де, іскерлік, жауапкершілік танытты. Ол өзінің жоғары адамгершілігімен, турашылдығымен, әділдігімен, шыншылдығымен үлкен беделге ие болған азамат. Әр уақытта да басын тік ұстап, тіке қарап сөйлейтін, жағымпаздануды білмейтін, әзілқой, адал дос, қасындағы адамдарға көмегін аямайтын, не істесе де шын ниетпен, шын жүрегімен істейтін, ары таза адам ретінде есімізде қалды»,-дейді.

Иә, жүзі жарқын, жаны жайсаң жандардың есімі елдегілердің есінде сақталары хақ.

А.ХАМЗИН.