5.11.2016, 13:45
Қараулар: 22
Ақжайықтағы торқалы той

Ақжайықтағы торқалы той

%d0%b3-477-1Елмен бірге қуанып, елмен бірге қиналған, ортақ шаңырағымыздағы татулық пен келісімді нығайтқан бұқаралық ақпарат құралының айтулы датасы, дәлірек айтсақ, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің 85 жылдығы басылымның тойы – қалың бұқараның мерекесі екендігін тағы бір дәлелдеді. Өткен бейсенбідегі бұл шара Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламановтың осы күні облысымыздың жер-жерінен шақырылған журналистика ардагерлерін, аудандық газет редакторларын және айтысқа келген 12 ақынды қабылдауымен басталды.

Аудан басшысы өмір айнасына айналған ақпарат құралдарының маңызы жайында айта келіп, облыстың екі бас басылымы мен барлық аудандық газетті біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС-нің атына игі ризашылығын жеткізді. «Жайық таңы» газетінің тынысына шолу жасап, елмен бірге есейіп, заманмен бірге түзелген басылымның қашанда жоталы мәселелерді көтеріп келе жатқанына тоқталды. 85 жылдық асуға байланысты жиналғандарды, газет ұжымын құттықтап, журналистерге зор тілегін арнаған аудан басшысы «Жайық таңының» ұжымына компьютер кешенін сыйға тартты. Газет ардагерлеріне, белсенді қоғамдық тілшілерге, редактор Болат Есқалиевке естелік сыйлықтар тапсырды.

«Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Мейрамбек Рахматоллин газеттің уақытқа үн қосуын әңгімелеп, редакцияға «PHILIPS» Smart TV» кешенін, қызметкерлердің бір тобына естелік сыйлықтар табыс етті. «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, ардагер-журналистер Мәжит Қайырғалиев, Базарғали Қуатов, Садық Саргелеков, аудандық газеттердің директор-редакторлары Өмірзақ Ақбасов (Жаңақала), Махмет Қажиахметов (Сырым), Серік Жұмағалиев (Қазталов) өз лебіздерін білдірді.

«Мерей» мәдени-демалыс орталығында ақын Сағынтай Бисенғалиевтің жүргізуімен «Елім барда тәуелсіз, Сарқылмайды ән-жырым!» атты ақындар айтысы өтті. Жиналған дүйім жұртшылық бұл жолы да суырыпсалмалық өнердің кереметтігіне куә болды.

Абылайхан Мақсотов (Базартөбе ауылы) пен Болат Өтешевтің (Алмалы ауылы) сөз сайысымен басталған бұл айтыста Желтоқсан көтерілісі, одан кейін Қазақ елі тарихындағы алтын әріппен жазылар сәт – 1991 жылдың 16 желтоқсаны, тәуелсіздіктің тұғырлы тағдыры үшін күрес жайында жыр тасқыны төгілді. Санат Мұхамбетжанов (Базартөбе) Әсет Бисенғалиевпен (Чапаев) айтысында «Сақтардың сарқытымыз садақ керген…» деп толғай келіп, кеңдігінен ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-байтақ жерді бізге аманат еткен бабаларымыз армандаған азаттықтың қадірін әспеттеді, «Кенесары кезінде патша ағзам, Өзімді өз қолыммен сабап берген» деп, өткеннің қиямет күндерін де жаңғыртты, «Тәңіріме мың тағзым етемін мен, Тауқыметке төзетін тағат берген» деуі де жүрек тебірентті.

Осы шарада биылғы жазда өткен «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» аудандық байқауының жүлдегері, Тайпақ мектеп-гимназиясының қызметкері, кілең ақын жігіттердің арасындағы нәзік жан Гүлзада Бақытованың айтыстағы «тұсауы кесілді». Оның «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленовпен бірі қайны, бірі жеңге болып әдемі қағысулары, ортаға байыпты ой тастаулары көпшілік қошеметін иеленді. Тілші «…Газеттің бақ жұлдызын жандырғандар, Жұрт үшін жүрек майын шам қылғандар» деп, тарихы терең бұл басылымға еңбек сіңірген ағалардың есімдерін жаңғыртты, тәуелсіздік жылдарындағы іргелі істерді сүйінішпен жырлады. Гүлзада қайнысының ара-тұра әзілдеріне орай «қарымта» қайтара отырып, қашанда қандай ма қиындықтардан мойымаған алдыңғы толқынның батасына бөлену келіндер үшін зор бақыт екенін атап көрсетті. «…Жақсылықтың жаршысы бола білген, Газеттің кездесейік ғасырында» дегені де орынды өрілді.

Ел тәуелсіздігі – бұл бабалар алдындағы қасиетті борышымыз, келешек алдындағы зор жауапкершілігіміз. Азаттығымыздың ширек ғасырында ғасырға бергісіз жолдың жондарымен жүріп өтіп, толағай табыстарға табан іліктірдік. Енді соны баянды етуде халқымыз әлбетте, жастарға зор сенім жүктейді. Мұны сахнадан соңғы жылдары айтыстағы ерен табыстарымен республикаға танылып жүрген сырымдық Бауыржан Ширмединұлы тамаша жырлады. Жаңақалалық Орынбек Меңдіқұловпен жұп болған ол көпшілікті алаңдататын мәселелерді де тегеурінді жырға қосты. Мысалы, ақпарат тасқындаған заманда оны сауатты пайдалана білмейтіндер де кездеседі. Осыны Бауыржан «…Смартфон сипағандар ілесе алмай, Қаламмен жазылғандар мәңгі қалар» деп, бір түйреп өтті. Сондай-ақ жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов, оралдықтар Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев арасындағы айтыстардың да елең еткізер тұстары аз болған жоқ. Соңғы айналымға жіберілген Орынбек Меңдіқұлов пен Бекболат Қаленов, Бауыржан Ширмединұлы мен Мұрадым Мирланов арасындағы сөз додасын сараптай келе қазылар алқасы Б.Ширмединұлына І, М.Мирлановқа ІІ, Б.Қаленовке ІІІ орынды берді. Оларға «Жайық Пресс» ЖШС-і сыйлықтары, ал қалған ақындарға Ақжайық ауданындағы «Таным» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы (жетекшісі Құрман Бисеғалиев) мен «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің (жетекшісі Ерлан Төленов) ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Бекем БЕКҰЛЫ.

Ақжайық ауданы.

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН.