25.10.2016, 14:25
Қараулар: 36
Бағдарламаның берері мол

Бағдарламаның берері мол

%d0%b3-441-2«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, жеке кәсіпкер, «Милана» тігін цехының қожайыны Жайсаң Укалаеваға тігіншілік анасы Ырысты Елемесовадан дарыған. Ол ауылына шеберлігімен танылған ісмер жан тұғын. Сол өнегелі тәрбиенің  әсерінен болар, Жайсаң апа да бес жасынан қуыршақтарға көйлек тігіп, қолына ерте ине-жіп ұстады. Көршілерінің жыртылып қалған төсекшелерін жаңартып, сөгілген киім-кешектерін тігіп беретін-ді. Екінші  сыныпта оқып жүріп, алғаш рет өзіне көйлек тігіп кигені есінде. Кішкене қыздың еңбегі көпті тәнті еткен. Кейін анасының жанынан шықпайтын, қолынан ине мен жіп түспейтін жағдайға жетті. Иә, қабілетті қыз қалаған нәрсесін өзі пішіп алатын.

1985 жылы жоғары оқу орнына түсе алмаған Жайсаң Укалаева құрбысы Салтанат Сарбалина екеуі тігіншілер дайындайтын училищеге құжаттарын тапсырады. Еңбек жолын Орал қаласында бастап, кейін Сайқында тұрмыстық қамту үйінде жалғастырады. Ол жерде біраз жұмыс істеп, ауылына оралды. Үйден оны-мұны ұсақ шаруалардың қиюын келтіріп жүріп, 2013 жылы округ әкімі Сапар Саматовтың қолдауымен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өз кәсібін ашты. Бүгінде оның тігін цехына бисендіктер жиі бас сұғады. Мұнда қазақтың ұлттық киімдері – камзол, сәукеле, көйлектермен қоса, бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық костюмдер де көпшілік сұранысына ие.

Жайсаң апа алғаш ісін ашқан кезде аудан орталығындағы «Ер Төстік»  балабақшасы қызметкерлеріне етек, жакет, ауыл мектептеріне тапсырыс арқылы ұлттық киімдер тігіпті. Жаңа жылға ақшақардың, аңдардың киімдерін тігіп, ауылдастарының көңілдерінен шыққан. Сонымен бірге көпшіктыс, ұлттық нақышы бар маталардан төсекшеге тапсырыс жиі түседі. Қыз жасауы тағы бар.

Іскерлік аясын кеңейтуді ойлаған кәсіпкер тағы да  несие алудың мүмкіндігі туа қалса қасына көмекші тапқысы келетінін тілге тиек етті. Сонымен бірге ісмер жан шағын киіз үй жасап көруді де  жоспарлап отыр. Бүгінде 1 сыныпта оқитын  немересі Милана да әжесінің қолқанаты. Он саусағы майысып, ине сабақтап, жеңіл-желпі іс тігуге жарап  қалған.

Несі бар, іске сәт дейміз бізде, ісмерлерге.

* * *

Бисендік кәсіпкер Күләш Биданова жайында газетіміздің өткен жылғы сандарында қалам тербедік. Қайсар ананың тырнақтап жүріп өз ісін ашқаны, күшіне сенгендіктен  оны Алла да қолдап, баспана салып алғаны жайында да жазылған-ды. Өткен жылы ол  наубайхана ашты. Біз барғанда Күләш апа  қалаш иісі аңқыған ғимаратта қызу жұмыс үстінде екен. Ол нанмен қоса, бөлки, пирог, тәтті торттар пісіруді де қолға алыпты.

−«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы алынған несиеге қамыр илейтін, торт дайындайтын құрылғы сатып алып, іске кіріскенмін. Нәтиже де жаман емес. Жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы 120-дан болса, бірінші сұрыптысы 100 теңге. Өзге дүкендерге саттыққа шығарып жатқаным жоқ,-дейді Күләш апа. Тұрғындар наубайханадан ыстық қалаш сатып алуға құлықты. Ауылдағы той, садақа кезінде тапсырыс та көбейе түседі. Осындағы әр ауылдасының дастарханынан Күләш апаның қолымен жасалған тіл үйірер тәттілері де табылып жатады.

 

* * *

  Тағы бір бисендік кәсіпкер Гүлнар Ғұсманова алғашқы саудасын ұсақ-түйек нәрселерді сатумен бастаған екен. Өзге замандастары сияқты ала дорба арқалап жүріп, талай кедергілерді жеңіп, іскерлік аясын да кеңейткен. Зымыраған уақыт-ай десейші. Табанды жұмысы да өз нәтижесін беріп, жұбайы Абай алғашында «таблетка» көлігін сатып алып, облыс орталығы Орал қаласына жолаушылар тасуды ұйымдастырған. Одан кейін «КамАЗ» алып, 2002 жылы «Ғұмаров.А» жеке қожалығын  құрыпты. Мал басы да өскен. Кәсіпкер Гүлнар Ғұсманова ауылдағы балабақшаны нанмен қамтамасыз етуде. Қасына апасы Бақытты сатушылыққа алып, ауылдастарына азық-түлікпен қоса, шаруашылық тауарларын да ұсынуда.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.