25.10.2016, 14:10
Қараулар: 372
Біз білетін «Бассоль» немесе тұз өндірісі тарихындағы ащы шындық

Біз білетін «Бассоль» немесе тұз өндірісі тарихындағы ащы шындық

Тұз – адам өміріндегі ең қажетті минералдардың бірі. Бағзы заманда бір данағөй қария қатар отырған қос қыздың (олардың бірі байдың қызы, екіншісі кедейдің қызы болса керек) ақыл-парасатын сынамақ ниетте:

– Айтыңдаршы, дүниеде не тәтті?-деп сұрапты. Сонда байдың қызы:

– Әрине, қазы-қарта, жал-жая тәтті,-депті. Ал, кедейдің қызы:

– Жоқ, дүниеде тұз тәтті,-деп жауап беріпті. Оған әлгі ақылман:

– Тұзды тағам ретінде өзін жеке жей алмайсың ғой, оның тәттілігін қалай дәлелдейсің?-дейді.

– Оныңыз рас, өзін жеуге келмейді, бірақ ол кез-келген тағамның дәмін келтіреді емес пе, сондықтан тұз тәтті,-деп айғағын келтіріпті.

Біздің бұрыннан бері тұтынып жүргеніміз Басқұншақтың тұзы. Ол бұрынғы Одақ көлеміндегі ең ірі тұз кені болып есептеледі. Оған сапасы жағынан да балама жоқ.

Осыдан отыз бес жыл бұрын іргемізде көршілес жатқан Ленин орденді Басқұншақ тұз өндірісінің тарихыменен танысу мақсатында іссапармен (ол кезде музейде істейтінмін) солай қарай жол шеккенбіз. Арада қаншама уақыт өтсе де, естелік ескірмейді екен. Сол жолсапардан көрген-баққанымызды жадымызда қайта жаңғыртып, ақ қағазға түсіруді жөн көрдік.

Пойызымыз кешігіп келуі себепті біз Жоғарғы Басқұншақтан Төменгі Басқұншаққа қатынайтын жұмысшы пойызына үлгіре алмадық. Ал, ол болса, күніне екі-ақ рет жүреді екен (ертеңмен-кеште). Әрине, кешке дейін оны күтіп отырудың еш қисыны жоқ. Сондықтан қасымдағы жолдасым Неғымет Еркеғалиев (Орда совхозы №4 фермасының зоотехнигі):

  • Әбес, артымыздан көлік келсе отырып алармыз, қарап тұрғанша жаяу жүре берейік. Сіз іздеп келе жатырған Қызылүй осы арадан небәрі жеті-ақ шақырымдай жер,-деді.
  • Тәйірі, жеті шақырым деген жер түбі емес қой, тарттық ендеше,-дедім. Әңгімемізді айтып таңғы самалмен жүріп келеміз. Шындығында бұл жаққа аяқ басуым бірінші рет. Мені алып келе жатқан тарих тараулары, Қызылүйдің кешегісі мен бүгінгісін өз көзіммен көру ниеті. Жүріп келеміз. Алдымыздан екі қалашықтың қарасыны көрінеді.
  • Қызылүйі қайсысы?-деп сұрадым Неғыметтен.
  • Анау төменгісі, ал мына Ортаңғы Басқұншақта гипс өндіреді,-деді ол. Әңгімелесіп отырып діттеген жерімізге қалай келгенімізді білмей қалдық.
  • Менің осында апам тұрады, қарсы болмасаңыз, сонда барайық,-деді жолсерігім.

Келсек, апай ертеңгі шәйін ішіп отыр екен. Жөн сұраса келе, ол кісі жерлес болып шықты. Жетібайдан мұнда 1927 жылы келіпті. Ал, мен үшін ең маңыздысы ол адам тұз өндірісінің нағыз ардагері екен. Үнзила апай Файзуллина сол 1927 жылдан 1962 жылға дейін, яғни, табаны күректей 35 жыл Басқұншақ тұз кәсіпшілігінде істеген болып шықты. 30-жылдардың стахановшысы Үнзила 1943 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін Бүкілодақтық староста Михаил Иванович Калининнің өз қолынан алған. Марқұм жолдасы, Ұлы Отан соғысының ардагері де тұз өндірісінен зейнетке шығыпты. Апайдан біраз жайларға қанық болып, Бассольдің музейіне келдік. Қоғамдық негіздегі ведомостволық бұл музейді бұдан төрт жыл бұрын ұйымдастырған Бассольдің еңбек ардагері, майдангер Г.С.Моторин мені кәнігі ескі танысындай қарсы алды  (біз бұрыннан хат-хабар алысып тұратынбыз). Өз ісінің нағыз майталманы осы өндірістің өткені мен бүгінін бес саусағындай біледі екен, тарихын айтып тауыса алар емес. Музейде ертедегі тұз өндірушілердің сүймен (лом), күрек, чехмарь, тағы басқа көптеген құрал-саймандары қойылған.

Басқұншақ өндірісінің мың жылдық тарихы бар. Алғаш тұз шығаруды VII ғасырда хазарлар мен қыпшақтар, басқа да көшпелі тайпалар бастаған. Ал, орыстар болса, тұз өндіруді тек Иван Грозныйдың тұсында, Астрахан хандығын бағындырғаннан кейін, яғни, 1556 жылдан бастаған. Патшалық Ресейде халық өмірі өте ауыр болды. Үнемі жоқшылық, ауыр еңбек, толықтай құқықсыздық – тұз өндірушілердің пешенесіне жазылғандай. Малынан, жерінен жұрдай болып кәсіп іздеген бөкейлік қазақтардың саны осы тұста бес мыңның үстіне шықты. Міне, бөкейлік қазақ жұмысшылары-батырақтар осылай пайда болды. «Мыңдаған қырғыздар,-деп жазады Алексей Харузин 1888 жылы өзінің «Дала очерктері»  деген  еңбегінде, – адам айтқысыз жағдайда, жеркепеде тұрып, капиталистерге аяусыз қаналып, бақыр тиын пұлға бола, мүмкін дүниедегі ең ауыр жұмыстың бірі саналатын, тұз өндірісінде істеу үшін Басқұншақ көліне барады»,–десе, 1890 жылы тау-кен инженері В.Гаркемнің жазған есебін тұла бойың тітіркенбей оқу мүмкін емес. «Басқұншақ көліндегі тұздың орналасуы сондай,–деп, жазады ол, –жұмысшы үшін мұндағыдай ауыр еңбек еш жерде де таптырмас. Жұмысшылар тұзды рапада (тұзды суда) тұрып сындырады. 40 градуска жететін ыстықта көзді аштырмайтын аппақ аяңда, рапаның адам тәнін жеп қоятын қасиеті жағдайында жұмыс істеу ауырлығы жөнінен өзге өндіріс орындары табыла қоймас. Рапада ұзақ уақыт болудан аяқ жараланып кетеді. Осындай орында, ашыған, қажыған, өліп бара жатса да пұттық чекмармен қимыл жасап, рапаның әсерінен аяғы жараға толған жұмысшылардың бетіне қараудың өзі қорқынышты». 1891 жылы «Астрахань беті» («Астраханский листок») газетінде белгісіз журналист тұзшы еңбегінің адам төзгісіз ауырлығын былайша суреттейді: «Сентябрь таңы. Ауаның салқындай бастағаны байқалады. Иықтарына күрек, лом салған аш-жалаңаш қырғыздар арестанттарша жай басып, соқпақ жолмен көлге қарай топ-топ болып кетіп барады. Суық, тәнді жеп қоятын рапаға түсіп, жалаң табанға тікенше қадалатын кристалдардың үстінде істегілері келмейді ғой. Еріксіз бір жұмысшының аяғына назар аудардым. Ол аяғын әрең-әрең қозғайды. Тізесіне дейін әртүрлі үлкендігі бес тиындық пен жарты сомдық шамасындағы жамау сияқты бірдемелер сықасып тұр. Мұның бәрі жара. Әлгі қырғыз маған аяғын көрсетіп тұрып, үйренген әдетпен жараның біреуінің ішіндегісін сығып тастады.

  • Сен қалай жұмыс істейсің?-деп сұраймын.– Ауырады ғой.

–       Білем, ауырады. Жұмыс істеу керек. Ашать (кушать) надо. Не работаем, не ашаем, — дейді ол».

–   Міне, тұз өндірісіндегі бір үзім нан осылай табылатын еді. Өндірістегі жұмыс күні 14 сағатқа созылатын. Тұз оюшы Сүлеймен Бекболатовтың 1914 жылғы есеп кітапшасында жалдану шарты бір колымажкаға төлейтіні 20 тиын, бір жұмыс күніне 500 килограмм тұз сындыру міндеті қойылыпты. Өндірісте балалар еңбегі кеңінен пайдаланылған. Олар көлден тұз тасуда көлік айдаушы болған. Жұмысшылар көл жағасында жертөледе  немесе  қазақтардың  өздері әкелген қараша үйлерде тұрған. Лом мен күрек, пұттық чекмарь, күйдіріп бара жатқан күннің ыстығы және надсмотрщиктің өткір бишігі – тұз өндірісіндегі еңбек құралдарының сиқы осындай болған. Каторгалық еңбек, антисанитарлық ауыр тұрмыс жағдайы, қайыршылық табыс, судың, медициналық көмектің жоқтығы жаппай эпидемиялық ауруларға ұшырататын. Ал, олар мыңдаған адам өмірін алып кетуші еді,–деді Г.С.Моторин бізбен әңгімесінде.

Шындығында да, Бассольдің орыс, әсіресе, қазақ жұмысшылары тұз өндіруші кәсіпқой капиталистер Лианозов, Сапожников, Типковтардың тарапынан адам төзгісіз қанаушылыққа ұшырады. Қазан төңкерісіне дейін Басқұншақ тұз кәсіпшілігінде істеген ордалық Абдолла Денгизбаев (Рафаэль Денгизбаевтың атасы) ақсақалдың айтуы бойынша тұз оюшылар жазда 40 градустан асатын ми қайнатқан ыстықта, күзде сүйек сырқыратар суықта белшесінен батып, 14-15 сағат бойы рапада жұмыс істеген. Көлден құрғаққа тұз шығаруға тек түйе ғана шыдаған. Оған не өгіз, не жылқы жарамаған, тұз олардың аяғын жеп тастайтын болған. Түйенің мойын терісінен тіккен етік бір маусымға төзбеген. Осыған қарап, тұз оюшы жағдайының қандай қиын болғанын біле беріңіз.

Әділін айту керек, Бассольдің төрт аяғынан тік тұрып кетуі В.И.Лениннің есімімен байланысты. Еділ бойында азамат соғысының дүмпуі басылмай, әлі ақ бандылар қаһарын төгіп тұрған шақтың өзінде Совет үкіметінің басшысы Владимир Ильич Бассольді қалпына келтіріп, одан әрі дамытуға үлкен көңіл бөледі. 1921 жылы тұз өндіруді механикаландыру үшін Бассольге екі қуатты экскаватор жіберу жөнінде тиісті орынға тәртіп береді. Бұл жөнінде ол мынадай телеграмма жолдайды.

«Телеграмма 5825-01214

Екатеринбург (қазіргі Свердловск-А.Х). Орал өндірістік бюросының председателіне.

Қанатты экскаватордың комплекті бригадасы Басқұншаққа шұғыл түрде жіберілетін жағдайда, №825 «Бьюс-Айрусты» Челябинск кенінде 1 ноябрьге дейін ұстауға рұқсат етіледі. Ал 1 ноябрьде №825 Басқұншаққа сөзсіз жіберілуге тиіс.

СНК председателі В.И.Ленин.

ВСНК председателі Смилга.

27.ІХ.1921ж.»

Артынша Мәскеуге жауап телеграмма жетті.

«Екатеринбургтан 1526-АР

5825-01214 номерлі телеграмманы орындау мақсатында экскаваторлық бригада Челябі кенінен Басқұншаққа 22 октябрь күні жіберілді. Алынған шараларға қарамастан Болошев жүк жолының жабылуына байланысты бригада мінген вагонды Челябинск кідіртіп тұр. Вагонды көрсетілген маршрутпен жіберуге келісім беруіңізді сұраймын. №825 «Бьюс-Айрусты» бұзып тиеуге 1 ноябрьде кірістік.

Орал өндірістік бюросының председателі Сулимов.»

Осыдан көп кешікпей, 1922 жылдың ерте көктемінде В.И.Ленин Бассольге «Любик» атты екінші экскаваторды жіберуге тәртіп береді. Міне, осы В.И.Ленин жіберткен «Бьюс-Айрус» және «Любик» атты екі экскаватордан бастап Басқұншақ тұз өндірісінің жаңа дәуірі басталады. Бұдан былай тұз кәсіпшілігіндегі өте ауыр қол жұмысын техника атқаратын болды. Сөз реті келген соң айта кетейік, Г.С.Моторин келтірген деректерге қарағанда жалпы Бассольге байланысты В.И.Лениннің араласуымен 8 құжат қабылданған көрінеді.

Музейді көріп болғасын екеуміз тұз өндірілетін көлге бардық. Ардагердің айтуына қарағанда, кеңестік кезеңге дейін көлде үш мыңнан астам қол күші жылына небары жарты миллион тоннадай тұз өңдірген болса, қазір 100 жұмысшы жылына 6 миллион тонна тұз береді. Бұрын мұнда барлық жұмыс қолмен атқарылса, енді қуатты тұз комбайндары жұмыс жасайды. Ұзындығы 4,2 ені 3 метрге жуық, биіктігі 4 метр шамасында алып комбайн сағатына 300 тонна тұзды жуып, вагондарға тиейді екен. Сөйтіп, бір өзі бұрынғы кездегі 250-300 тұз оюшыны, 400 жүк тиеушіні  және 500 түйе арбаны алмастыратынын білдік. Бассольде тұз фабрикасы жұмыс істейді. Онда күнделікті асқа пайдаланып жүрген тұз қорапталады және кесектеледі, яғни, брикеттеледі (мал азығына арналған тұз). Көлде қыста жұмыс тоқтайды екен, бірақ фабриканың шығыс жағында үйілген тұз тауы оның жыл бойы жұмыс істеуіне жететін көрінеді.

Сынаптай сырғыған уақыт-ай, десеңізші?! Одан бері қаншама жылдар жылжыды… Кезінде бүкіл Одақты қамтып, дүрілдеп тұрған мемлекеттік кәсіпорынның бүгінгі халі нешік екен? Жекенің қолына өтіп кетті ме, кім білген?

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы-өлкетанушы.