25.10.2016, 14:01
Қараулар: 24
Насихат тобы ауданымызда

Насихат тобы ауданымызда

%d1%80-058«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауы еліміз өркендеуінің басым бағыттарын айқындап, Ұлт жоспарын бекітіп, нақты қадамдарды көрсетіп берді. Жолдауда көрсетілген шараларды кеңінен түсіндіру мақсатында облыстан келген ақпараттық насихат тобы (АНТ) мүшелерін жастармен жұмыс жөніндегі аудандық орталықтың басшысы Исатай Құрмашев Сайқын ауылдық округі әкімдігіне жиналғандарға таныстырып, меймандардарға қош келдіңіз айтты.

«Жас эколог» облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәләмәт Исламғалиев бөкейліктерді Тәуелсіздіктің екінші мүшелімен құттықтап, осы күнге жету үшін талай жауапты қадамдар жасалғандығын әңгімелей келе, солардың бірі – жастар саясаты екендігіне тоқталды. Облыстық ғылыми-зерттеу ықпалдасу қорының директоры, саясаттанушы, блогер Еркін Ирғалиев 1997 жылдан Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдау жариялауы дәстүрге айналғандығын тілге тиек етіп, 5 реформа хақында тереңірек баяндады. Сондай-ақ ол күнін малмен көріп отырған орта бел шаруалардың бір кооперативке бірігуі бабалар тарихында барын әрі осыны құптайтынын мәлімдеді. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы Мейрамбек Ерақаев жалпақ жұртқа мәлім Ұлт жоспарының 60 және 61 қадамдары экономиканың қозғаушы күші саналатын ауыл шаруашылығына арналғанын,  осы саладағы өзгерістер жайында сөз қозғап, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың барлығы да жұмыссыздар қатарын азайтуға бағытталғанынан хабардар етті. Әрі ол жастарды ертеңнің қамын бүгін жасап, белсенділік танытып, елдің болашағын құраушылар қатарын толықтыруға шақырды. Қазақстандағы білімнің қара шаңырағы атанған Жәңгір мектебінің 175 жылдығы кеше ғана атап өтілгенін тілге тиек еткен Еркін Рашитұлы Бөкей ордасынан әлі-ақ талай дүлділдер шығарына сенімділік білдірді.

Аудандық «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жалғас Әшенов біраз жайларға қаныққандарын айтып, осындай жиын Мұратсай ауылында да болатынын мәлімдеді.

Раушан БАҚЫТОВА.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар