12.10.2016, 17:36
Қараулар: 353
Меморандумға қол қойылды

Меморандумға қол қойылды

Аудандық аурухананың акт залында аталмыш мекеменің бас дәрігері Әділгерей Ғаббас, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Рашид Әбуов, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының аудандық бөлімшесінің басшысы Берік Қойшекеновтер баланың дүниеге келуіне байланысты мемлекеттік қызметтердің барлық түрлерін енді перзентханада рәсімдеу жөніндегі үш жақты меморандумға қол қойды.

Жиынды ашқан Әділгерей Уәлиұлы шараның мән-маңызына тоқталып, әріптестерін келген қонақтармен таныстырды. Содан соң ауруханаға босануға түскен келіншек өзімен бірге ерлі-зайыптылардың жеке куәлігін, неке куәлігінің көшірмесін, ЖСН-дарымен бірге барлық балаларының туу туралы куәліктерін және жәрдемақыға арналған жиырма сандық есепшотты ала келуі қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені осы құжаттар негізінде жоғарыда аталған қызмет түрі бір аптаның ішінде жүзеге асырылып, сәби үйіне шығарылғанда қолына туу туралы құжаттары табысталады. Бұл баршаға да тиімді.

Рашид Әбуовтың айтуынша, ата-ана нәрестеге есімді алдын ала ойластырып қойса, құжаттарды рәсімдеу процесі де тез өтетін көрінеді. Осы бағыттағы жұмыстың жандануына жіті көңіл бөлген аурухана басшысы өз кезегінде сәби дүниеге келісімен электронды ақпаратты уақтылы жіберіп отыруға тікелей жауапты қызметкерлеріне істеріңе аса мән беріңдер деді. Әрі сәбилі болуға дайындалып жүргендердің бұл жаңалықтан тегіс құлағдар болуы үшін қажетті құжаттар тізімі көрсетілген хабарламаны көше-көшеге ілуді тапсырды.

Г.БАДЕЛОВА.