12.10.2016, 17:16
Қараулар: 59
Жас инспекторлар байқауы

Жас инспекторлар байқауы

%d0%b0-149-1М-С.Бабажанов атындағы білім ұясында «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен «Қауіпсіз жол» атты жас инспекторлар слеті оздырылды. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Т.Сағынғалиевтің жетекшілігімен байқауға 7-9 сынып оқушылары қатысты. Командалар құрамы 10 оқушыдан болған слеттің бағдарламасы 6 бөлімнен құралды. «Саптық байқауда» 9 «б» сыныбы I, 9 «а» II, 7 «а» III орындардан көрінді. «Жол қозғалысы ережесінің білгірі» бөлімінде 7 «б» сынып оқушысы А.Ғазез білімпаздық байқатса, «Жас тазалықшыда» 9 «б» сынып оқушысы Д.Амантаева суырылып алға шықты. «Велосипедті мәнерлеп жүргізуде» 9 «а»-дан Р.Хасенов пен Ж.Ғазезова шеберліктерін танытса, «Жас реттеуші» бөлімінде 9 сынып оқушылары Р.Амангелдиев пен А.Әлішев жақсы нәтиже көрсетті. «Үгіт бригада байқауында» 7 «а» мен «б» сыныптарының көріністері жоғары баға алды. Командалық есепте 9 «б» I, 9 «а» II, 7 «а», 7 «б» III орындарды иеленіп, қатысушыларға марапаттау қағаздары табысталды.

Арайлым ҚҰРМАШЕВА,

 педагог-ұйымдастырушы.

 

* * *

 

Жәңгір хан атындағы орта мектепте де «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен «Қауіпсіз мектеп» акциясы өтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және  оқу орындарындағы сақтық шараларын жетілдіру жұмыстары назарға алынды.

1-4 сыныптарда «Жолың болсың, балақай!» сайысы оздырылып, жол қозғалысы ережесі түсіндірілсе, 3-4 сынып оқушылары арасындағы «Қауіпсіздік шұғыласы» атты сурет байқауында балалар мектеп пен үй арасындағы жолдар мен ондағы қауіпсіздік белгілерді бейнелеп, өз көзқарастарын байқатты. 5-9 сыныптықтарға «Жолда жүру  тәртібін жадыңда  ұста!» атты видеороликтер көрсетіліп, тақырыпқа сай жұмбақтар жасырылды. «Жас Ұлан» тобы мүшелерімен «Жолда абай бол!» флешмоб ұйымдастырылды.

Акция барысында балалар да, олардың  ата-аналары да мектепте, үйде, көшеде, аулада, жолда, көлікте сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерімен жіті танысып, алғашқы көмек көрсету тәсілдерінен мәлімет алды.

Г.ШӘРІПОВА.