5.10.2016, 15:42
Қараулар: 365
«Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын, көтер оның мерейі мен беделін…»

«Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын, көтер оның мерейі мен беделін…»

Жақында аудандық мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіздік белгісі – бақытты әйел, мерейлі отбасы» атты  әйелдер  форумына әр салада еңбек етіп жүрген аналар, қыз-келіншектер қатысып, олардың қоғамдағы рөлі тағы бір талқыланды. Мәдениет үйі фойесінде көрме жасақталды.

Салтанатты жиынды «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова ашып, алғашқы сөз тізгінін аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа ұсынды. Белсенділіктерімен қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген  нәзікжандылар қатарының көбейіп келе жатқанына аудан басшысы баса назар аударды. Кәсіпкерлік қырларымен аудан өміріне өз қолтаңбалары қалғандар есімі де құрметпен аталды.

–Елімізде қыз-келіншектердің алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасалып отырғаны сөзсіз. Аудан бойынша 15922 адам есепте тұрса, соның 8000-ы әйелдер. Олардың  376-сы көп балалы  аналар, 189-ы «Алтын алқа», 174-і «Күміс алқа» иегерлері. І және ІІ дәрежелі  «Ана даңқы» орденімен  марапатталған төрт ананың  есімі де  құрметпен аталады. Мемлекеттік қызметте жүрген 225 адамның 78-і қыз-келіншектер. 817 кәсіпкердің 252-сі  әйелдер. Әрине, олардың бәрі ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, ажарлануына сүбелі үлес қосып келеді,- деді ол.

Форумның басты мақсаты − ауыл әйелдерінің белсенділігін арттырып, гендерлік саясаттың жүзеге асуына жол ашу болғандықтан, іскер нәзік жандылар жөніндегі ой-пікірлерге  де кезек берілді. Тәуелсіздік төрімізге енген 25 жыл ішінде. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, ұжым басқарып отырған  «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімінің басшысы Г.Мұқанова, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп директоры А.Әлиева, өз пәндерін теориялық және әдістемелік тұрғыда шебер меңгерген жаңашыл ұстаздар жәңгірхандық Э.Жамашева, бабажановтық Н.Елеусінова, сағырбаевтық Г.Жаманғарина, жәнекешевтік Б.Саматова, масиндік А.Қисметова, бегалиевалық М.Лұқпановалар жайында жылы лебіздер айтылды. Сонымен бірге отбасы тұтастығы сөз болып, жасөспірімдердің ерте ана атануы, өз балаларынан безген көкек-аналар туралы да «Жирен жаман әдеттен» деген ұстанымымен пікір алмасылды.

Әрине, әр адамның шыққан тегі, өскен ортасы, қалыптасқан жағдайлары түптің түбінде ата-әже мектебінен өркен жаятыны сөзсіз. Қыз балаға қонақ деп төрден орын сайласа, ұлдардың еңбекқор, жаужүрек, батыл болып өсуіне үлкен мән берілген. Мұратсайлық мұғалім, үлгілі әулеттің келіні Гүлнұр Әменованың  ене мен келін сыйластығына арналған баяндамасы зор ықыласпен тыңдалды. Онда жат босағаны аттаған кезінде қыздың бар еркелігі өз шаңырағында қалып, ене мектебінен өтетіндігі қозғалды. Өзара сыйластық, ене тәрбиесі – келін үшін өмір мектебі екені даусыз. Көп баланы дүниеге әкеліп, сол көп ұлдың әйелдерін уысында ұстап отырған айбарлы аналар жетерлік. Әрине, айбарлы дегенде оны қорқытып-үркітіп емес, пайым-парасатымен өз әмірін жүргізетін енелер хақында айтылады. Әулеттің ырысын шашпай, ынтымағын нығайтып, берекесін арттырып келе жатқан аналар өнегесінің құны қашанда салмақты.

Шынар Сабырованың (Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп) қыздар тәрбиесі жайындағы баяндамасында ана уызынан жаңа ажыраған қаракөз арулардың ерте жүкті болып, өзге ошақтың отын жағуы немесе оң жақта отырып сәбилі болуы сөз болды. Осынау тал-бесік тәрбие тіні әр қыздың отбасынан қалыптасатынын ескерсек, бойжеткендерге қырық үйден тиым жетіспей жүргендей көрінетіні рас. Дегенмен, үлгілі орта, араласатын құрбы-құрдас, ұстаздар да әр қыз баланың болашағына жауапты.

Бұл форумда гинеколог Күләнда Абдолова әйелдердің денсаулығына немқұрайлы қарамауы қажеттігі төркінінде әңгімелеп, нақты фактілерді көлденең тартты. Бөрлі мәдениет үйінің директоры Айнұр Әбдірешева, бисендік Екатерина Мөкешевалар ізгі тілектерін айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Алқалы басқосу соңында   өз салалары бойынша жетістікке жеткен бірқатар әйелдер қауымы аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың және «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенованың «Алғыс хаттарына» ие болды.

Жалпы, форумға «Нәзік»  тігін цехының  қожайыны жәңгірхандық Назымгүл Оразгелдиеваның өз қолымен тіккен қазақ аруы көйлегі, тарихи өлке бейнесін түсірген тұмаршалары, Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі Балзия Саматованың ұлттық костюмдері, ою-өрнекті тұмаршалары көз тартса, сайқындық зейнеткер Нағира Жұманалиеваның шебер қолынан шыққан әсем бұйымдары, жеке кәсіпкер Б.Жұмағұлованың сүт өнімдері, А.Құсайынов атындағы орта мектептен, өзге де округтен әкелінген көрмелер көпшіліктің көзайымына айналды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі сайқындық Мергүл Омарғалиеваның бисермен жасалған өте сәнді сувенирлері форумға қатысушыларды тәнті етті.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,

Көтер оның мерейі мен беделін.

Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,

Өз анаңды мәңгі құрметтегенің-деп, Тұманбай Молдағалиев ақын жырға қосқан аналарымыз аман жүріп, қазақы құндылығымыздың інжу-маржан, асылдары жарқырай көрінсе игі.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.