23.09.2016, 15:01
Қараулар: 111
Қорым қоршауын қолға алған қария Ә.Исалиевтің ісі көпке өнеге

Қорым қоршауын қолға алған қария Ә.Исалиевтің ісі көпке өнеге

%d1%80-031Көңілге орнаса егер иман берік,

Екі пікір адамнан шықса өзгеріп,

Таза жүрек, айнадай көкіректі,

Жау дұшпан қайтара алмас уын беріп, — деген екен Сәбит Мұқанов бір өлеңінде. Сол айтқан, көңілге иман ұяласа, қолға алған істің қайыры болары хақ.

Газетіміздің өткен санында мұсылман қауымының ұлық мейрамының бірі – Құрбан айт қарсаңында ауылдың батыс бетіндегі қорымның қоршалғаны және сол сауапты іске арналып садақа берілгені жазылған болатын. Естіген бір басқа, көрген бір басқа дегендей, қасымызда аудандық мешіттің бас имамы Назымбек Иманғалиев, әрдайым имани игі істердің ұйтқысы болып жүретін Әбухан Исалиев, ауыл тұрғыны Бәдигүлжамал Жұмабаева бар қоршауды көрмекке қорым басына келдік. «Біткен істің міні жоқ» деп осындайды айтатын болар, сірә?! Қорым айналасы (500 шаршы метр) сым тормен қоршалған. Ұзын тор солқылдамас үшін әр тіреудің арасына жуан сымнан үш белдеу тартылып, тор соған байланыпты. Әрі үлкен қақпа орнатылып, екі жақтан жаяу есік те шығарылыпты. Темір бағаналардың түбіне цемент құйылған. Бәрі де қалай-солай емес, мұқият істелгені көрініп-ақ тұр. Қауымға арнап жалпы дұға оқыған соң,  Бәдигүлжамалдың былтыр 94 жасында бақилық болған анасы Қашия апайдың басына  барып, арнайы бет сипадық.

– Бата етуге келген кісілерге ілесіп болмаса, зират басына келе бермейміз ғой. Тамыз айының аяқ кезінде анамыздың жылын бергенбіз. Ол уақытта қоршау жоқ болатын. Шыны керек, мына көрініс маған ғайыптан пайда болғандай әсер етіп, көңілім толқып тұр. Кім де болса осы сауапты істі қолға алып, атқарған жандарға мың да бір рахмет. Оларға тек Алланың нұры жаусын. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демей ме?! Енді қорым мал тұяғына тапталмайтын болды ғой, -деп ризашылығын білдірді Б.Жұмабаева. Әрі ол келешекте бұл жерді түрлі қоқыс-қалдықтарынан тазартса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойын жасырмады.

  • Айтуыңыз орынды, — деді имам мен Әбекең. – Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген, өткен жылы Шәндекен қорымын тазарттық, енді қалған қорымдарды тазартуға ел болып кіріссек дейміз.

Батыс беттегі теміржолдың іргесіндегі қазақ зиратын қоршау да қолға алыныпты. «Бұйыртса, бір аптаның ішінде ол да бітіп қалар»,- дейді қоршауды қолға алған қария. Бұл қауымның жанындағы христиандар зиратын қоршау «Луч добра» («Жақсылық нұры») славян этно-мәдени бірлестігіне (төрағасы Д.Ф.Семилиди) жүктеліпті. Материалдың бәрі әзір көрінеді, тек адамдарды ұйымдастырып, қоршауды тұрғызып тастаса болғаны.

А.ЖҮНІСОВ.