6.09.2016, 16:01
Қараулар: 306
Ата кәсіппен танылған азамат

Ата кәсіппен танылған азамат

Үлкен жолдың бойындағы «Ораз» шаруа қожалығы деген көз тартар белгіні көріп, малшы ауылдың жайын білгім келді. Бірде оған жолым түсті. Құжаттарда қожалықтың басшысы «Момынов Мәлік Оразұлы» деп көрсетілгенімен, шаруаны баласы Ермек жүргізуде екен. Іске белсене араласып, дөңгелетіп жүрген жасқа үлкендер қарсы келе ме, бар билікті беріп қойыпты. «Асырайтын ұл болса, өлетін қарт жоқ» дегенді қазекем осындайдан айтса керек.

1983 жылдың он үшінші қарашасында дүниеге келген Момынов Ермек Мәлікұлы Б.Жәнекешев атындағы орта мектепті, Орал қаласындағы инженерлік-технологиялық колледжді кеден ісі мамандығы бойынша бітіріп, кейін пединституттан (қазіргі БҚМУ) заңгерлік мамандығын (сырттай оқып) алып шығады. Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде шекарашы болып жауынгерлік борышын өтеген ол 2010 жылдан ата кәсіппен айналысып келеді. «Сатыбалды» елді мекеніндегі отбасылық қожалық (әкесі Мәлік, анасы Гүлнар, іні-келіні Тілек-Шынар) 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды ірі қара өсіруге кіріседі. Шаруаны дөңгелентуде оларға нағашысы Әділгерей мен жиені Мейрамбек зор үлес қосты. Бірлескен қимылдың нәтижесінде 2014 жылы асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылық статус алып, шетке мал сата бастайды. Лизингке 4 «МТЗ-82» тракторын, шөп шабатын «ФРФ-145» техникасын алып, жем-шөп дайындауға кіріседі. 2012 жылы асыл тұқымды 50 қашар сатып әкелсе, қазір табындағы асыл тұқымды аналық 200-дей. Бұзау, баспақ, торпақтарын қосқанда 350-ге жетіп қалады. Орташа есеппен жылда әр жүз аналыққа 90-нан төл еруде. Оған қоса үйір-үйір жылқы, 1500-ге тарта қой бар. 2015 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 4 асыл тұқымды көшім айғырын сатып алған Момыновтар биыл өз қаржыларына тағы 5 айғыр алыпты. Сөйтіп, жылқы табынын да асылдандырмақ.

Әкесі Мәліктің отырған жері – атасы Ораздың қырық жыл қоныстанған киелі орны. Ораз ата  Момынов – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан жеңіспен оралып, мал шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан озат шопан. Ермек сол атаның бауырына басқан тұңғыш немересі. Жастайынан мал өсірудің қыр-сырын үйреніп, еңбекке ерте араласқан ол қолға алған ісін тындырымды аяқтай біледі. Сондықтан да атасына деген шексіз құрметпен шаруа қожалығын оның есімімен атауды жөн көріпті. Сондай-ақ, ағалық көмек қолын созып, ақылын айтқан, кәсіпкерлікке баулыған, облысқа әйгілі кәсіпкер ақсуаттық Ақылбек Сағиповке де алғысы шексіз. Ата-анасы, бауырлары екібастан оның қолға алған ісін, алға қойған мақсатын құптап, жан-жақты қолдау білдіруде.

Оның төңірегіндегілермен ашық-жарқын сөйлесетіні, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетер қарапайымдылығы, сабырлылығы бізге де ұнады. Алдағы уақытта асыл тұқымды ірі қараның аналығын 500-ге жеткізуді межелеп отырған Е.Момынов қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды екен. Зайыбы Эльмира, тұңғыштары Мерейлім (биыл 1 сыныпқа барды), ұлдары Оразбек (4 жаста), Нұриман (2 жаста) Орал қаласында тұрғанымен, Ермектің өзі үнемі шаруа қамымен ауылдан табылады. Аз қамтылған отбасыларға отын түсіріп, керек-жарақтарын жеткізіп береді. Биыл өз қалтасынан республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне 10 адамды жаздырыпты.

Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры бойынша республикалық палатаға мүше болған «Ораз» қожалығы ірі қараны 3 қыстақта бағып отыр. Жұмысқа 15 адам тартылған. Қожалықтың зоотехнигі анқатылық азамат Нұрхат Хасеновтің есімін Ермек ерекше ықыласпен атайды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин мен бас маманы Серік Айтқалиевтерге де бағыт-бағдар нұсқап, жол көрсеткендері үшін ризашылығын жеткізді.

Заман ағымына ілесіп, ата кәсіпті жаңаша ұйымдастыруды қолға алған Ермек інімізге тың табыстар тілеп аттандық.

Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.

Бисен ауылы.

Суретте: Ермек ата-анасымен.