6.09.2016, 15:47
Қараулар: 322
Орданың қайсар аруы тарихқа есімін қанмен жазды

Орданың қайсар аруы тарихқа есімін қанмен жазды

«Ерлік туа біткен қасиет емес, мінез-құлықты шыңдап, ширығу арқасында қалыптасатын қасиет. Кездейсоқ өжет болып шыға келу мүмкін емес. Ерлік қауіп-қатерге  қарсы сұрапыл шайқастарда  оларды табандылықпен, қайсарлықпен жеңе білу барысында туындайды. Ерлік  дегеніміз – жігер мен ақылдың, қайсар сезімнің  ұласуы» деп Бауыржан Момышұлы сипаттағандай, қыршын ғұмырында кісіліктің туын жықпай, кішіліктің жолын бұзбай, өр мінезі нәзіктігімен  үйлесіп, ақылымен қабысқан, мезгілсіз қазасы  ақынша толғасақ:

«Көр  болғыр көзге жас алмай,

Жас алмай қалар қай кісі?!

Үлкен бе едің қашаннан,

Кішкене жұрттың қайғысы?!…

Қайсарлық жасап көрсек те,

Көз жасы болмай құйылды.

Көк аспан өзі бір сәтке,

Қаралы ту боп иілді…»

дегізіп, баршаны «аһ» ұрғызған қаһарман қызымыз Мәншүк Мәметованы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы мұрағат дерегін назарларыңызға беріп отырмыз. Сөзімізді әріден бастайық…

2014 жылдың 11 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының тың дерекке сүйеніп жазылған «Мәншүк Мәметова. Көне дерекке жаңа көзқарас» атты мақаласы шыққан болатын. Автор ерлермен тізе қосып, Отанын жаудан қорғап, өшпес ерлік көрсеткен Мәншүктің өлімді қасқайып қарсы алуының сырына үңіледі де, былайша ой толғайды: «Соғыстың да соғысы бар. Егер Мәншүк 100-ші бригадада болмай, басқа  ортаға түскенде, жағдайы әлдеқандай болатыны және белгісіз еді. Негізінен ұлттық, яғни, қазақ бауырларынан, басшылары да өз ағайындары болғандықтан олар Мәншүкке қорған бола білген, әрқашан жанашырлықпен қараған. Сондықтан да оны үнемі штабта ұстауға тырысқан. «Ортамыздағы жалғыз қаракөз қарындасымызды оққа ұшырып алсақ, елге не бетімізбен қараймыз, бір қызға қараған ештеңе жоқ», деседі екен. Сөйтсе де, Мәншүк өжеттігінің арқасында туасы көрмеген бар қаруды бес саусағындай үйреніп алады. Үздік пулеметші атанып қоймай, аз уақытта бөлімшенің командирі, батальон комсомол комитетінің  жетекшісі болады, әскери шені сержантқа дейін көтеріледі. Соның негізінде Мәншүк Невель қаласының түбіндегі Изочи стансасы үшін қантөгісте өзінің кім екенін тарих бетіне қанмен  жазып кетті. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған қаптаған қалын жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай жер бауырлатуы көзсіз батырлық еді.

Соғыстың заңы – денеңнен қан шыққан жарақат алсаң, ұрысты тастап,  кейін  қайтуға рұқсат. Мәншүк басынан  жараланса да: «Сендер бара беріңдер, мен қалмасам сендер шепке жете  алмайсыңдар»,-деп жалғыз өзі жолдастарынан қалып, көпе-көрінеу ажалмен бетпе-бет келіп, жанын құрбандыққа  шалуы — ерліктің ерлігі емес пе?!

Міне, осындай сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы шейіт болғаннан соң бес ай кешігіп берілген. Ал, Әлия қайтыс болған соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Ендеше: «Бұл қалай?» деген  сұрақ тууы да заңды. Міне, осы оқиғаны Мәншүкті оққа ұшарынан  бірнеше минөт бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне көзі тірі жалғыз куә әрі сүйегін жинаған сол кездегі 100-ші атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде марқұм Ахметқазы Ахметжанұлы Болатов ақсақалдың әңгімесі негізінде автор былайша ой өрбітеді:

«1943 жылғы 11 қазан күні біздің дивизионның біраз жауынгерлерін Псков облысындағы Изочи стансасын алу үшін құралдарымызбен жаяу әскерге бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктердің батальонына қосылдық. Стансаны алған жағдайда 100-ші қазақ бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біздер Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүк жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы  алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауынгерлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шамасында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді басып алдық. Майданның заңы – жеткен жеріңе дереу бекінуің керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде, бізден екі-үш есе күші көп жау қайта шабуылға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позицияны өзгерту үшін артқа шегінуді ұйғардық. Қайтар жолымызда  Мәншүктер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне окоп кеңдеу болатын. Төбешікке келсек Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң окопқа жақын жолдасының  пулеметін  іске  қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі 4-5 метрдей ғана. Қарындасымыздың жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң: «Мәншүк, таста пулеметті, жүр бізбен, тез!» деп өтініп жатырмыз. Ол болса: «Бара беріңдер, мен қалмасам сендерді кім қорғайды, шепке жете алмайсыңдар», -деп айтқан сөзінен таяр емес. Сосын біздер: «Мәншүк, қызықсың. Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақпысың, кеттік»,-дедік жамырап. Көнбеді. «Жоқ. Сендерді мен қорғамасам, штабқа жете алмайсыңдар»,-деп пулеметті  қосып жіберді. Біз кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң пулеметтің үні өшіп, дала тынышталды. Біздер бір-бірімізге қарап «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде, 100-ші атқыштар бригадасының сондағы жауынгерлері тірі қалмас еді. Мен сіздермен осылай отырмас едім. Менің қара жер басып жүргенім, сол қара қыздың арқасы. Бүгінде біздер «Мәншүк қаншама фашистің көзін жойды деп емес, қаншама қазақты аман алып қалды», деп айтуымыз керек.

Қараша айының аяғында 100-ші, 31-ші бригадалары қосылып, 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін  өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Бірақ Мәншүк Батыр атағын  бес айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біткеннен кейін бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120 миллиметрлік дивизион бастауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім Байуақ Ахметовтен естідім», –  деп А.Болатовтың әңгімесін түйіндеген тілші Мәншүктің өмірінің соңғы сәттерін тебірене суреттеген екен.

Міне, қолымызда Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты «Подвиг народа» сайтынан алынған мәлімет тұр, сөйлетсек:

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 1 наурызында  шығарған Жарлығына  сай  аға сержант  М.Мәметоваға  қаза тапқаннан соң  Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. 1944 жылдың 8 ақпанында подполковник Знаменскийдің қолы қойылған анықтамада былай деп көрсетілген: «Маметова Маншук – старший сержант, пулеметчица представляется посмертно к званию Героя Советского Союза по ходатайству Верховного Совета, СНК и ЦК КП/б/ Казахской ССР.

Старший сержант Маметова Маншук будучи тяжело раненой, собрав последние силы, несколько раз заставляла огнем своего пулемета отходить фашистов, яростно контратаковавших наши наступающие части. Обеспечила успешное продвижение наших подразделений.

Погибла в боях за освобождение г. Невель 15 октября 1943 года.

(РФ ҚМОМ. Қор:33, Тізбе:686043, Сақтау бірлігі:21, Жазба нөмірі:28078962, Беті:223)

Ақ алмастың  жүзіндей албырт, аңғал, батыл да батыр қыздың өмірдің безбені болар уақыт кеңістігінде ғасырлар бойы есімі гауһартастай жарқырай берері хақ.

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,

журналист.