6.09.2016, 15:19
Қараулар: 383
ДУАЛДЫҚ ОҚЫТУ

ДУАЛДЫҚ ОҚЫТУ

«Дуалдық оқыту жүйесі – мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді жолы».

ҚР Президенті Н.Назарбаев.

 

Бөкей ордасы колледжі базасында «Дуалдық оқыту жүйесін енгізу арқылы сапалы нәтижеге қол жеткізе отырып, жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын ілгерілету» тақырыбында облыстық деңгейде оздырылған дөңгелек үстелге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Сабыров, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Н.Дүйсекешев, аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева, Жәнібек колледжінің директоры Б.Ихсанов, Бөкей ордасы колледжінің оқытушылары және кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Б.Жұмағұлова бастаған бір топ кәсіпкерлер қатысты. Шараны ашып, жүргізген колледж директоры Б.Лұқпанов алғашқы сөз кезегін Н.Сабыров мырзаға ұсынды.

Нұрлан Меңешұлы Елбасының таяудағы екі-үш жылда дуалдық оқытуды енгізу арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыруға тапсырма бергенін, осы бағытта облыс бойынша 38 колледж кәсіптік техникалық білім берумен айналысатынын, дуалды оқыту жүйесін енгізу нәтижесінде теория мен тәжірибе өзара ұштасқасын студент оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай, жұмыс берушілердің сұраныстары мен талаптарына сай келетін нағыз дайын маман болып шығатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол осы жүйе бойынша кәсіптік білім алып жатқан болашақ маманның да, жұмыс берушінің де мүддесіне сай келетінін, дуалды оқыту жүйесінің тағы бір тиімділігі – еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекеме, кәсіпорындардың да жауапкершілігі артатынын, сайып келгенде, мұның бәрі колледж бітірген түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігіне игі әсер ететінін айтты.

Лариса Тельманқызы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды шолып, нақты деректер келтірді. Ағымдағы жылы аталған бағдарламаға қатысу мәселелері бойынша 340 адам жолығып, соның ішінде 123 жас жұмыспен қамтылған. Мал шаруашылығын дамыту, тігін цехы, шаштараз, фотосалон, көлік қызметі сияқты халыққа қызмет ету бағытындағы өз ісін ашу немесе оны кеңейту мақсатында 22 адам 39 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Соның ішінде сайқындық Әсел Төлепқалиева фотосалонын кеңейтуге қосымша бір жарым миллион теңге шағын несие алып, өз кәсібін дамытуда. Бисендік Артур Артығалиев ауыл шаруашылығы техникаларына сервистік қызмет көрсету орталығын ашса, оның ауылдасы Болат Қарақұлов дөңгелек жөндеу және көлік жуу орталығын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтыған. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру үшін 15 шаруа қожалығы жетекшілерімен келісім-шарт жасалып, ол орындарға жолданған 59 адамның 26-сы отызға толмағандар көрінеді. Жастар практикасымен жіберілген 40 адамның 6-уы колледж түлектері.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Н.Дүйсекешев дуалды оқыту жүйесі Еуропада, Германия, Австрия, Швецария елдерінде қолданылатынын, олардағы 3,6 миллион кәсіпорынның 500 мыңы кәсіптік оқыту бағдарламасына қосылып әрекет ететінін, олар өздеріне қажет деп тапқан дуалды оқу жүйесіне қомақты қаражат бөлетінін сөз етті. Сарапшының айтуына қарағанда, облыстық кәсіпкерлер палатасы дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру бағытында үш жақты шарт жасасуды қолға алған екен. Күні бүгін 59 кәсіпорын және 48 колледжбен 66 үш жақты шартқа қол қойылыпты.

Шарада Бөкей ордасы колледжі директорының өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Алтаяқовтың «Дуалды оқыту жүйесін енгізу – заман талабы» және Жәнібек колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Б.Сарбалинаның «Кәсіптік білім берудегі әлеуметтік әріптестіктің рөлі» тақырыптарындағы баяндамалары тыңдалып, келтірген деректері слайд арқылы көрсетілді. Бибігүл Мұқасқызы, аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Исатай Оз ой-пікірлерін ортаға салды.

Облыстан келген қонақтар мен Бағдат Сейтуұлы «Ерсайын» шаруа қожалығының жетекшісі Е.Қонақбаевпен, «Жанар», «Ырыс» жеке кәсіпкерлігі иелері Ж.Темірешева, Г.Мақсотовалармен, сонымен қатар құрамында Жәнібек колледжінің директоры Б.Қ.Ихсанов бар тағы бір тарап «Кездесу», «Ақ дәм» жеке кәсіпкерлік иелері Б.Неғметов, М.Тұрғалиевалармен төртжақты келісім-шарт жасасып,  қол қойысты.

Осы тұста тараптармен жасалған келісім-шарттың мәтіні бір ғана тілде, онда да мемлекеттік тілде емес, қосалқы тілде (орыс тілінде) жасалғаны көңілге қонбағанын несіне жасырайық. Қарап отырсақ, шарт жасасқандар құрамында орыс ұлтының ең болмағанда бір өкілі жоқ. Сұрастыра келе ол құжатты БҚО кәсіпкерлер палатасының тұрғызғанын білдік. Жоғарыдағылар төменгі жаққа орыс тілін тықпалауды қашан қояр екен?! Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қағидасын басшылыққа алып қана қоймай, оны нақты жүзеге асыратын уақыт болды емес пе?! Бұл қарқынмен Мемлекет басшысының Жолдауында «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс» деп көрсетілген межеге жетуіміз екіталай-ау, сірә?!

Иә, қазақ қазақпен қашан қазақша сөйлеседі, іс-қағаздарын қашан толық мемлекеттік тілге көшірмек? Мұндайда от ауызды, орақ тілді аталарымыз «қайнайды қаның, ашиды жаның» демейтін бе еді?!

 

А.ХАМЗИН