21.06.2016, 20:12
Қараулар: 439
Шабындықтағы шалғы сырылы

Шабындықтағы шалғы сырылы

Белуардан келетін көк шалғында қаздай тізіліп жүрген үш шөп шабу агрегатын көргенде, кеңшар кезіндегі пішеншілер бригадалары, жазғы каникулда тіркемеші болатын оқушылар есіме түсті. Газетте мал азығының дайындалу барысынан апта сайын мәлімет беріліп, озаттар туралы мақалалар жиі басылатын. Шабындықтағы орақ сырылынан талай репортаж, фоторепортаж жариялағанбыз. Ұжымдасқан іс қашан да жарқын, өнімді көрінеді. Және ондағылар «Менің жеке шаруамда не қызметтерің бар?» дегендей, тоңтеріс мінез танытатын қазіргі кейбір қожалық иелеріндей емес, сұраған ақпаратыңды алдыңа жайып салатын, аңқылдаған ақ көңіл, әңгімешіл-ді.

Ойымды жолбасшымыз, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллиннің: «Бұл Саматовтардың техникасы» деген сөзі бөліп жіберді. Ағайынды Қайрат, Насихат Саматовтарды да осы шабындықтан кездестірдік. «Орда жұлдызының» байырғы оқырманы, өзінің де қаламының желі бар, ақынжанды ақсақал, марқұм Ибрайым аға Саматовты газет жанашырлары ұмыта қоймаған шығар. Оның атақонысы «Курортты» (Орда ауылдық округі) мекендеген ұлдары Қалимат, Қайрат, Табиғат, Насихаттардың кеңшар тараған тұста «Курорт» шаруа қожалығын құрғаны, электр желісі бармаған құмның қу шоқысына желі тартып, қоныстарын самаладай жарқыратып, шаруашылықтарын да дөңгелентіп отырғандары аудандық басылым бетінде көрініс тапқан. Саматовтардың қырдан, Сайқын ауылдық округінен («Шоңай көлі» мен «Қызылжар» аралығынан) жер алғанын да естігенбіз. Бүгін біз сол аймаққа келіп, мал азығын дайындаушылардың қарқынды қимылына куә болып тұрмыз.

–Шалғынға орақ салғанымызға бесінші күн. Алғашында таңғы шық қолбайлау жасаса, қазір шық түсуі тыйылды. Құм шөбі бұйрыққа бағынған солдаттай, дестеге тұтас түсе салса, қыр шөбі тарамданып, дұрыс түспейді екен,-деген Насихат Ибрайымұлы тракторшылар Ернар Нұфтоллин, Сержан Әршімов, Ерден Саматовтар мен олардың тіркемешілері Берік Жұмағалиев, Алтынбек Айғалиев, Қуаныш Қарабасовтардың есімін атап, «Арамыздағы ақсақалымыз, бесаспап шебер Ғали Темірболатұлы Мыңжасаров»,-деп шөп буушыны бөлек таныстырды. Нағашылы-жиен болғандықтан әзілдесіп, ойнай беретіндерін де жасырмады.

Пішеншілердің қосында болып, аспаз Мергүл Тоқтарқызының қолынан (жұбайы Ержан Қыдырғалиев осында малшы) дәм де таттық. Бұл қыстақтағы электр желісінің сымын нарықтың өтпелі кезеңінде «металлистер» үптеп кетіпті. Кеште өз алдына, шағын моторды күндіз де оқтын-оқтын тұтатып, тоңазытқышты іске қосып алады екен.

–Алдағы қысқа 10 мың рулон шөп дайындауды жоспарлағанбыз,-деді әңгіме арасында Насихат. – Соның 3 мыңын осы жерден алмақпыз. 1 шілдеге дейін сол межеге жетіп, бригадамызды құмға көшірмекпіз. Онда барған соң қосымша күш те қосылуы мүмкін.

Иә, «шөбі көптің – малы тоқ» деп бекер айтылмаған. Мына жігіттердің де қазіргі құжынаған бытыханаға, аптап ыстыққа, шаң-тозаңға қарамастан, тырбынып жатқаны сол малдың қамы. Ауылдағылардың күнкөрісі соның үстінде. Сондықтан шөп шабуға барлық жерде де айрықша  көңіл бөлініп, барды жинап алуға дер мезгілінде күш салынса, қыста «мұртты балта шаппасы анық».

К.ДӘУЛЕТӘЛИЕВ.

Суреттерде: шабындықтан көріністер.