9.06.2016, 12:16
Қараулар: 128
ТУ. ЕЛТАҢБА. ӘНҰРАН төріңнен қазақ түспесін

ТУ. ЕЛТАҢБА. ӘНҰРАН төріңнен қазақ түспесін

д-218-2Аудан орталығының тұрғындары мемлекеттік мереке – рәміздер күнін жылдағыша көтеріңкі көңілмен атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің алдындағы алаңда сап түзеген мемлекеттік қызметшілер, мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындар жұмысшы-қызметкерлері, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері жанарларын еліміздің көк байрағына қадай отырып, Мемлекеттік Әнұранды ұйып тыңдады.

 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиынға қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, Елтаңба, Ту, Әнұран сияқты мемлекеттік рәміздер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін білдіретін нышан екеніне тоқталды. Әрі ол Елбасының Жарлығымен бекітілген мемлекеттік рәміздер мерекесінің мақсаты – ұлттық бірлігіміз бен қазақстандық патриотизмді нығайту, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен құндылықтарын насихаттау, жалпы халықты, әсіресе, жастарды рәміздерді құрметтеуге тәбиелеу қажеттігін, мемлекеттік рәміздер ұлттық және жалпыазаматтық құндылық екенін сөз етті.

Иә, елін, жерін сүйетін әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді өзінің бойтұмарындай көріп, қастерлегенде ғана олар ерекше мән-мағынаға ие болары анық. Осы тұрғыда Елбасының: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген сөздері еріксіз еске түседі.

Салтанатты шара соңы аудандық демалыс орталығының әншілері Ә.Наурызов, Р.Машотов, Ғ.Қалесовтердің патриоттық рухтағы әндерді әуелетуімен және мереке құрметіне велошеру өткізуімен аяқталды.

А.ХАМЗИН.