9.06.2016, 12:05
Қараулар: 98
Әйел-ананың міндеті ауыр

Әйел-ананың міндеті ауыр

д-219Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шараларды алға тартса, «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында 5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын шегелеп, іс-қимыл бағдарламасын белгілеп берді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі де өз қызметін осы келелі арнаға бағыттауда. Әйелдер қоғамда зор күш, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған әйел отбасымен қатар ауылына, еліне ұйтқы бола алады. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Ал, отбасы берекесі көбіне-көп әйелге байланысты. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп қазекең бекер айтпаған.

«Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлымай тұрмайды» деген сөз бар халқымызда. Сылдырламақ түгел, сынып, шаңырақтар ортасына түсіп жатқан жайлар да жоқ емес. Ері ашу шақырғанда, әйелі басу айтса, өре түрегелмей, байыппен түсіндірсе, ажырасу деген болмас еді-ау. Ерлі-зайыптылардың егесуінен балалар зардап шегеді. «Жалғыз басты ана», «толық емес отбасы» тіркестерін бұрынғы надан ата-бабаларымыз білмеген ғой. Бұл оқыған, тоқыған, жетілген заманауи жастар қылығының «жемісі». Егер олардың бойына ұлттық тәрбиені, ата салт, бабалар дәстүрін сіңіре білсек, бұлай болмас еді-ау?!

Иә, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, дауыс көтеріп сөйлемейтін, ашық-шашық жүрмейтін ибалы ұл-қыз оқуда да, еңбекте де алғы саптан көрініп, білікті маман, іскер қызметкер атанары хақ. Тек баланы еркелетеміз деп есіртіп, дегенін істейміз деп шектен шығарып алатынымыз өкінішті. Аузы арақтан, қолы карта ойнаудан босамай жүрген ата-ана ұрпағына не өнеге көрсетпек?! Ойланатын мезгіл жетті. Бүгін қолға алмасақ, ертең кеш қалуымыз кәдік.

Нарық заманы енжарлықты, жайбасарлықты көтермейді. Қатарыңнан, көштен қалмау үшін еңбектену, өз-өзіңді қамшылау керек. Яғни, бәсекелестікке қабілетті болуға үйрену шарт. Осыны отбасының әр мүшесі ұғынып, меңгеруге ұмтылса, кедейшіліктен құтылады, жақсы тұрмыс кешеді. Жұмыс істеймін, кәсіп етемін дегенге мемлекетіміз бар жағдайды жасап отыр. Ендеше, жалқаулықтан арылып, алға ұмтылайық. Отбасымызды, ұжымымызды осыған үндейік. Ел болып қимылдасақ, Елбасы белгілеген межелерге жетеріміз, Мәңгілік Ел боларымыз анық.

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

аудандық «Нарын шуағы» әйелдер

 қоғамдық бірлестігінің төрайымы.