9.06.2016, 11:29
Қараулар: 164
Көптілділік – заман талабы

Көптілділік – заман талабы

Мектептегі оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, әлемдік ғылым құпияларына үңілуіне, өз қабілетін танытуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол көптілді тұлғаны қалыптастырудың негізі.

 

Жаһандануға бет бұрған заманда мұғалім әр халықтың ұлттық мәдени құндылықтарын, аға буынның барлық үздік тәжірибелерін жас ұрпақтың бойына сіңіре біліп, әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыруы тиіс. Яғни, көпұлтты және көп мәдениетті ортада өмір сүруге мүмкіндігі мол, өзге мәдениеттерге түсіністік және құрметпен қарай алатын, бейбіт және ынтымақтастықта өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін мектептерге көптілді білім беруді енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Көптілді білім мазмұны ана тілі мен мемлекеттік тілде, сонымен қатар, бір немесе бірнеше шет тілінде жүргізіліп жүйеленген білім, білік және дағдыны қамтуы шарт. Көпмәдениеттілік жағдайында көптілді білім беруді жүзеге асырудың негізгі идеясы – оқушылардың қажеттілігі мен қызығушылығына сәйкес түрлі тілдерді пайдалануға ынталандыру, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, өз халқының мәдени құндылықтарын жоғалтып алмай, өзге елдің де мәдени құндылықтарын бойына сіңіру болып табылады.

Елімізде тіл саясатын жүзеге асыру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, үштілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтап, қолдау жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан ауданымыздағы қазақ тілді мектептермен қатар орыс тілінде білім беретін Жәңгір хан, М.Мәметова атындағы орта мектептердің де жоғарғы сыныптары қазақ тіліне қоса, Қазақстан тарихы пәні де қазақ тілінде оқытылмақ. Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес, орыс тілді мектептердегі қазақ тілінде берілетін пәндердің сағаты 12 жылда 300-ден асатын болады. Орыс тілі барлық мектептерде 1 сыныптан бастап оқытылады. 10-11 сыныптарға 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап физика, информатика, биология, химия пәндері ағылшын тілінде жүргізілмек. Ал, қалған пәндер өз ана тілінде жүргізіледі.

Қазіргі таңда ауданымыздың 1 сынып мұғалімдері арнайы жасақталған облыстық бағдарлама бойынша ағылшын тілін оқып жатыр. Сонымен қатар физика, информатика, химия, биология пәндері мұғалімдерінің ағылшын курстарынан өтуі жоспарлануда. Облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейі базасында 4,д-215 эмблема М.Өтемісов атындағы БҚМУ базасында 17 мұғалім ағылшын курстарынан өтпекші. Мұның бәрі заман талабы, білім саласына артылып отырған ауыр жүк.

Ержан ИМАНБАЕВ,

аудандық білім беру бөлімінің басшысы.